Жаздың аптап ыстығына көлігіңіз дайын ба?

0
2 290

Осы мақаладағы кеңестерді іске асыра отырып, өзіңізді қауіптен және «қалтаңызды» артық шығыннан сақтай аласыз.


Жаздың аптап ыстығына көлігіңіз дайын ба?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Жаз – адамдар үшін ғана емес, көліктер үшін де тамаша мезгіл. Себебі, көлік иелеріне аккумулятордың жағдайы, тікенекті шиналар немесе май тұтқырлығы туралы ойланудың қажеті болмайды. Алайда, іс жүзінде «темір тұлпарды» жазға да дайындау қажет.


1. Тежегіш жүйесі - адам және автокөлік қауіпсіздігінің маңызды элементі

Жалпы тежегіштерді тек жылы немесе суық маусым басталар кезде ғана емес, кемінде айына бір рет алдын ала тексеру қажет. Оны орындауға: тежегіш қалыптарын тазалау, дискіні шешіп, босаған бөліктерді бекіту және толығымен барлық бөліктерінің жағдайын тексеру жатады.



Сондай-ақ, шлангаларды, сұйықтық деңгейін және сұйыұтық бөшкелерінің бүтіндігін тексеріңіз. Ең жиі кездесетін ақаулардың белгілері:жағымсыз дыбыстар естіле бастайды және тежегіш педалінің басылуы тым оңай немесе қиын болып кетеді.


2. Салқындатқыш сұйықтықтың деңгейін, радиатор бөлшектерінің бүтіндігін, ремендердің жарамдылығын, сорғының жұмысын, термостаттың, желдеткіштің жай-күйін тексеріңіз.



Өйткені, бұлардың барлығы қозғалтқыштың жұмысына тікелей әсер етеді. Ал, жазда қозғалтқыштың қызып кетуі қауіпті жағдай. Ақауы бар қозғалтқышпен жол жүру жарылысқа дейін жетуі мүмкін.


3. Шинадағы ауа қысымын бақылау

Егер, орташа температура +5, +7 градустан жоғарылайтын болса, жаздық шинаға ауысуға болады. (Өз қауіпсіздігіңіз үшін ауа-райы болжамын қарау артық болмайды) Ал, қыстық шиналарды уақытында ауыстырмау өзіңізге қауіп тудыруы мүмкін.



Сондай-ақ, шинадағы ауа қысымының деңгейін жиі-жиі тексеріп тұруды ұмытпаңыз. Себебі, қысымы жоғары болса, ыстық ауа райынан немесе төмен болса, жүкті көтере алмай жарылып, апатқа ұшырауыңыз әбден мүмкін.


4. Май ауыстыру



Бұл міндетті түрде жасалуы керек ереже емес. Өйткені, «мотор майының» шыдамдылығы әр аймақтың ауа райына байланысты. Бір жерде жаз салқын болса, екінші жерде қатты ыстық болуы мүмкін. Ең дұрысы, майдың әмбебап үлгісін таңдау қажет, бірақ оны табу қиын. Сондықтан, тәжірибелі жүргізушілер қозғалтқыш майын әр маусымның басталар тұсында ауыстырып отырады.

Сондай-ақ, майды ауыстырған сайын май сүзгісін ауыстырып отыруды ұмытпаңыз.


5. Ауа және отын сүзгісін ауыстыру

Суық ауа райында, әсіресе қала аумағында, ауа сүзгісі реагенттерден және басқа зиянды нәрселерден зақымданады. Зақымдалған ауа сүзгісін пайдалану отын шығынын орташа есеппен 10% -ға арттырады.



Ал, отын сүзгісіне келетін болсақ, оны ауыстыру мерзімі отын мен сүзгінің сапасына байланысты, кейде оны 20-30 000 шақырым, кейде 60-80 000 шақырым жүргесін ауыстыруға болады.


6. Аспа (подвеска)


Қыс және көктемнен кейін аспа тораптарында балшықтар қалып қояды. Олар өз кезегінде сайлентблоктарға теріс әсер етеді. Сондықтан, рычагтар, тіреулер, балкалар, сайлентблок пен амортизаторды толықтай тазалаңыз. Сонда, шіру, аспа бөлшектерінің бұзылуы және шанақтың коррозиясының алдын ала аласыз.


7. Сұйықтықтардың жай–күйін тексеру



Көліктің жақсы қызмет етуіне айтарлықтай үлес қосатын сұйықтықтардың жай-күйін, тораптардан ақпайтынын тексеріп шығыңыз. Өйткені, олар қыс және көктем мезгілінде жұмыс қарқынын төмендететін конденсаттарды бойына сіңіреді.


8. Аккумулятор


Әдетте, жүргізушілер жазға қарағанда қыстағы ауа райы аккумуляторға қатты әсер етеді деп ойлайды, бірақ бұл тұжырым дұрыс емес.Себебі, ыстық ауа райында аккумулятордағы электролиттің булануы жоғары болады. Сондықтан, қуат көзінің жалпы жағдайын қадағалаңыз, клеммалардың, сымдардың тотығуына жол бермеңіз, оларды бензинмен мезгіл-мезгіл сүртіп отырыңыз. Бірақ, қосу алдында құрғату қажет екенін ұмытпаңыз!


9. Кондиционер



Кейбір адамдар жазғы ыстыққа тап болғанда, қыс бойы қосылмаған кондиционерін пайдалана алмай қалып жатады. Оның бірнеше себептері бар, мысалы: кондиционердің сұйықтығы ағып кетуі мүмкін және т.б. Сондықтан, алдын ала сұйықтығын, түтіктер мен барлық арналардың бүтіндігін тексерген дұрыс.


10. «Дворниктерді» ауыстыру



Қыстағы аяз, мұз, көктемдегі толассыз жаңбырдан кейін бұл резеңке щеткалар тез жарамсыз болып қалады. Ал, әйнекті дұрыс тазаламайтын «дворниктің» шешімі – ауыстыру.

Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Екінші дүниежүзілік соғыстағы ең мықты көліктер


2019 жылы қандай суперкөліктер шығатынын білесіз бе?