Жүргізушілердің көктемде ЖИІ ЖІБЕРЕТІН ҚАТЕЛІКТЕРІ

0
497

Егер сіз ерте көктемде жаңа көлік сатып алсаңыз, сақ болыңыз.


Жүргізушілердің көктемде ЖИІ ЖІБЕРЕТІН ҚАТЕЛІКТЕРІ

Көктем мезгілі жүргізушілер мен автомобиль үшін көп жеңілдік сыйлайды. Бірақ әр маусымның өзіндік ерекшеліктері болатынын есте сақтау керек. Яғни, көктемде де жүргізушілер көптеген қателіктер жіберіп алады. Олар қандай қателіктер? Бірге танысайық.


Бірінші қателік - шиналарды ауыстыруға асығу

Көктемде үлкен қалаларда қар тез ериді және жолдар жылдам кебеді, бірақ түнде температура төмендеп, дем арасында аяз түсуі мүмкін. Асфальттағы су қауіпті мұзға айналады.

Ал, ашық даладағы жолдарда бұл кезде қар жамылғысы әлі де жатуы мүмкін. Сонымен қатар, біздің еліміздегі климат ерте көктемде құбылмалы болып келеді. Тіпті сәуір айында қар жаууы ықтимал. Сондықтан жазғы шиналарды салуға асықпаңыз.

Шиналарды ауыстырудың оңтайлы мерзімі — түнде оң температура орныққан кез, мысалы, бұл сәуірдің бірінші онкүндігі болуы мүмкін.


Екінші қателік – жаздық шинадан сақ болыңыз

Автосалондағы көліктер әрқашан жаздық шинамен тұрады. Егер сіз ерте көктемде жаңа көлік сатып алсаңыз, сақ болыңыз. Қыстық шина салғыңыз келмесе, түнде және таңертең сапарға шықпағаныңыз жөн.


Үшінші қателік - терезе жууға арналған резервуардағы су

Қыс аяқталған кезде резервуардағы судың қатып, жарылып кетуі ыңғайсыз жәйт. Тіпті сіз тұратын аймақта күндіз ауа райы жылы болса да, түнде резервуардағы су қатып қалуы мүмкін. Тұрағыңыз қаладан неғұрлым алыс болса, аяз ықтималдығы соғұрлым жоғары болады.

Тағы бір қауіп — резервуардағы су жолда әйнекке шашыраған кезде бірден қатып қалса жолды көре алмай, әбіржіп қалатыныңыз айқын. Сондықтан күн әбден жылынғанша арнайы сұйықтықты қолданған дұрыс.


Төртінші қателік - шалшықтарға назар аудармау

Қыс бойы жатқан қар мен мұз еріген кезде көшедегі ойықтар шалшық судың астында жасырынып жатуы мүмкін. Егер бұл шалшық күнде көріп жүрген жолыңызда болса да асты таяз екендігіне сенімді болмаңыз.

Шалшықтарда жоғары жылдамдықпен өтудің қажеті жоқ, әсіресе көктемде. Біріншіден мұндай жағдайда су тоқ сымдары мен қозғалтқышқа зиян тигізуі мүмкін. Сонымен қатар, су астында болуы ықтимал шұңқырлар доңғалақ пен жүріс бөлігін зақымдайды. Зақымдап қана қоймай жол апатына ұшырауыңыз ықтимал. Сондықтан шалшықтардан 70 км/сағат жылдамдықтан асырмай өтуге кеңес береміз.


Бесінші қателік – көлік жууды кейінге қалдыру

Қыста жолдардағы қар мен мұзды еріту үшін түрлі амалдар жасалады. Тіпті көлікке зиян тигізетін химиялық қоспалар себілуі мүмкін. Сондықтан көктем шыққанда көлікті жақсылап бір жуып алған жөн. Сонда қыс бойы жиналған зиянды заттардан құтыласыз. Нәтижесінде көлік шанағы ұзағырақ сақталатын болады. Бірақ, көліктің қозғалтқышын жумаған дұрыс. Бұл жұмысты аптап ыстық болатын жаз мезгіліне қалдырған абзал.


Алтыншы қателік - назар аудару

Көктемде жабайы табиғатта өмір сүретін жануарлардың көші-қоны басталады. Көбінесе олардың қозғалысы автомобиль жолдарымен қиылысады. Сондықтан көктемде жол жиегіндегі жануарларға қатысты белгілерге аса мән беріңіз. Қараңғы түскенде жылдамдықты азайтқан абзал. Себебі жануарлармен соқтығысқанда көлік ішіндегі адамдар мен жолдағы өзге көліктер де зардап шегеді. Сонымен қатар, жүргізуші айыппұл арқалауы мүмкін.


Жетінші қателік - ережелерді сақтамау

Қыс мезгілінен кейін жолға сызылған белгілер өзгеріске ұшырап жатады, бірақ бұл ережелерді бұзуға болады дегенді білдірмейді. Есіңізде болсын, жол бетіне сызылған белгі бар жерде жол жиегіндегі белгілер де болады. Ал мұндай кезде ереже бұзсаңыз, жол полициясының инспекторына бір нәрсені дәлелдеу өте қиын болуы бек мүмкін.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Әйелдерге қарағанда ЕРЛЕР жол апатына ЖИІ ТҮСЕДІ


2025 жылы Қазақстандағы айыппұлдар көбейді