Жүргізушісіз ​РОБОТ-ТАКСИ қай елдерде іске қосылған?

0
173


Жүргізушісіз ​РОБОТ-ТАКСИ қай елдерде іске қосылған?

Сурет: th.bing.com

Жасанды интеллект пен автономды басқару жүйелері көлік индустриясында үлкен төңкеріс жасауда. Айталық, Tesla компаниясы АҚШ-тың Остин қаласында осы жазда өздерінің көптен күткен Robotaxi қызметін іске қосатынын жариялады. Алайда, уәде етілген автономды көліктер соншалықты дербес болмай шықты. Көпшілік күткендей толық автономдылықтың орнына, Model Y көліктерінің әрқайсысында қауіпсіздік мониторы деп аталатын компания қызметкері болады. Ол алдыңғы жолаушы орнында отырып, сапарды бақылап, кез келген күтпеген жағдайларға жедел жауап беруге тиіс.

Tesla роботакси қызметін қолдануға бірнеше талап пен шектеулер қойып отыр. Олардың кейбірі басқа ұқсас қызметтермен салыстырғанда едәуір қаталдау:

  • Қызметті тек Tesla-дан арнайы шақыру алғандар ғана пайдалана алады, бұған брендтің танымал жақтастары мен инфлюенсерлер кіреді;
  • Сапарлар Остин қаласының шектеулі аймағында ғана жүзеге асады (роботакси әуежайларға бармайды);
  • Қызмет таңғы 6-дан түнгі 12-ге дейін жұмыс істейді;
  • Жолаушылардың жасы 18 жастан жоғары болуы тиіс;
  • Көлікке тапсырыс беру үшін аккаунтқа тіркелген банктік карта (кредиттік немесе дебеттік) қажет;
  • Нашар ауа райы жағдайында қызмет шектелуі немесе мүлдем тоқтатылуы мүмкін;
  • Жолаушылар әдепті, құрметті болуы тиіс, ережелерді бұзу қызметке қолжетімділіктің тоқтатылуына әкелуі мүмкін;
  • Көлікте темекі тартуға, вейп пайдалануға, алкоголь мен есірткі қолдануға тыйым салынады;
  • Көліктің жалпыға қолжетімсіз функцияларын видеоға түсіруге рұқсат жоқ;
  • Әр сапардан кейін баға беріп, пікір қалдыру міндетті.

Илон Маск бұрын уәде еткендей толық автономды сапарлар әлі жүзеге асқан жоқ. Дегенмен бұл қызметтің іске қосылуы — автономды технологиялардың дамуы жолындағы маңызды қадам. Бұрын тек ғылыми-фантастикада ғана кездесетін жүргізушісіз көліктер бүгінде бірқатар елдерде күнделікті өмірге еніп жатыр.

Айта кетейік, Tesla бұл қадамды жасаушы алғашқы компания емес. Автономды такси көлігін құрастырып, сынақтан өткізіп, кейбірі тіпті жаппай қолдануға енгізген әлемнің алпауыт автоөндірушілері бірнешеу.


1. Cruise Origin (АҚШ, General Motors қолдауымен)

Cruise компаниясы 2022 жылы АҚШ-тың Остин, Финикс және Сан-Франциско қалаларында Chevy Bolt негізінде толық автономды, яғни жүргізушісіз көліктерді іске қосты. Cruise-тің келесі буыны – Origin деп аталады. Бұл көлік рульсіз және педальсыз – яғни, оны адам мүлде басқармайды. Сыртқы келбеті кішігірім автобусқа ұқсас.


2. Uber және Motional (АҚШ)

2022 жылдан бастап Uber танымал такси сервисі мен автономды жүргізу технологияларын жасаушы Motional компаниясы бірігіп, Hyundai IONIQ5 электромобилін негізге алған роботакси жобасын бастады. Қызмет алғашында Лас-Вегаста іске қосылды. 2023 жылдан бастап бұл қызмет түнгі уақытта да жұмыс істей бастады. Автокөліктерде LIDAR, камералар және радарлар орнатылған. Сонымен қатар, Uber Eats арқылы тамақ жеткізуге де осы автономды көліктер қолданылуы мүмкін.


3. Lyft, Motional және Argo AI + Ford (АҚШ)

Lyft компаниясы да Motional және Argo AI стартаптарымен бірлесе отырып, Ford Escape гибридтік автокөліктерін автономды роботакси ретінде қолдануда. Қызмет көрсету аймақтары — Майами мен Остин. Жолаушыларға арналған бұл көліктерде штурвал, педаль бар, бірақ олар қолданылмайды — көлік барлық басқаруды өзі жүзеге асырады. Жобада көліктер жолды, жаяу жүргіншілерді, бағдаршамды, көліктер ағынын тану үшін түрлі сенсорлармен жабдықталған.


4. Яндекс Роботакси (Ресей)

2021 жылдың күзінен бастап «Яндекс» компаниясы Мәскеудің Ясенево ауданында Toyota Prius және Hyundai Sonata базасындағы роботаксилерін сынай бастады. Бұл көліктердің ерекшелігі – олар нақты жол қозғалысында, адамдар қатысатын ортада қозғалады. 2023 жылдың маусым айынан бастап қызмет барша тұрғындарға қолжетімді болды. Жолаушылар роботаксиді Яндекс Go қосымшасы арқылы шақыра алады.


5. Baidu Apollo RT6 (Қытай)

2022 жылы шілдеде Baidu компаниясы Apollo RT6 моделін ұсынды. Бұл — рульсіз, толықтай автономды электрокөлік. Жолаушының қалауы бойынша алдыңғы панельге үстел немесе ойын консолін орнатуға болады. Бұл көліктер Baidu Xinghe платформасына негізделген және жүргізу сапасы «20 жылдық тәжірибесі бар жүргізушімен тең» деп сипатталады.


6. Waymo Firefly және Waymo One (АҚШ)

Waymo — Google (Alphabet) компаниясының жобасы. Қазіргі уақытта Chrysler Pacifica және Jaguar I-Pace көліктерін автономды түрде қайта жасап, Waymo One такси қызметі ретінде АҚШ-тың Сан-Франциско, Аризона, Нью-Йорк және Техас штаттарында қызмет етеді.

Болашақта Geely компаниясымен бірге жасалған Firefly («Жарқырауық қоңыз») моделін ұсынбақ. Бұл көлік тек екі орындық, ішінде руль де, педаль да жоқ. Алдыңғы панельде экран, жолаушыларға арналған көмекші функциялар бар. Көлік Waymo One автопаркіне жақын жылдары қосылады.


7. Zoox (АҚШ)

Zoox — Amazon компаниясына тиесілі стартап. 2021 жылы олар рульсіз, алдыңғы және артқы бөлігі жоқ, симметриялы автономды көлік ұсынды. Әр бұрышында екі лидар, үш камера, радар орнатылған. Іші төрт жолаушыға арналған, олар бір-біріне қарсы қарап отырады. Ешқандай жүргізуші орны жоқ. Барлық доңғалақтар жеке қозғалып, көлік қажет болғанда бағытты бұрылусыз-ақ өзгерте алады. 2023 жылы Zoox алғашқы рет бұл көлікті қоғамдық жолдарда сынақтан өткізді.


8. Didi Neuron (Қытай)

Didi — Қытайдағы ең ірі такси агрегаторы. 2023 жылы Neuron атты роботакси концептін ұсынды. Оның басты ерекшелігі — робот қол, ол багажды көлікке салуға көмектеседі. Көлік ұзындығы 4,5 метр, 8 камера, салонда үлкен дисплей, видеоигры бар. Руль мен жүргізуші орны жоқ. Didi бұл роботакси моделін 2025 жылы өз автопаркіне қосуды жоспарлап отыр.

Сіз мұндай жүргізушісіз көлікке жолаушы боп отырар ма едіңіз?

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Көліктегі кондиционер ақаусыз жұмыс істесін десеңіз...