Көлік кондиционері – жүргізушілер мн жолаушылардың жаз мезгіліндегі ең «ыстық» махаббаты. Бірақ, оның күтімі мен залалсыз қолданылуын көп адам ескере бермейтіндіктен, махаббаттары жиі «өшіп», істен шығатын шағы көп. Әсіресе қазіргідей ыстық, жайсыз ауа-райында.
Әсілінде, көліктегі желдеткіш жүйесіне қатысты кейбір ержелерді білсеңіз, оны дұрыс пайдаланып, бұзылуынан, артық шығындар мен қателіктерден аулақ боласыз.
Автокондиционер – жабық герметикалық жүйе. Онда арнайы хладагент (фреон) үздіксіз айналымда жүреді. Сонымен қатар жүйеде компрессорлық май болады, ол жүйенің қозғалатын бөлшектерін майлап, ақаусыз жұмыс істеуіне көмектеседі.
Жазда қалай қолдану керек?
- Көлік қызып тұрса, кондиционерді бірден қоспаңыз. Алдымен тоқтап тұрса – есікті, жұріп бара жатса – терезелерді ашып, салондағы ыстық ауаны шығарып жіберіңіз.
- Күнде қолданып жүрсеңіз де, кондиционерді үнемі ең күшті режимге қоймаңыз. Бұдан өзіңізге ғана емес, желдеткіш жүйесіне де артық жүктеме түседі, отын шығыны көбейеді.
- Рециркуляция режимін қолданыңыз (ауаны іштен айналдыру). Бұл салон ішіндегі ауаны қайта-қайта салқындатып, жүйенің жұмысын жеңілдетеді. Бірақ ұзақ уақыт қосып қоюға болмайды. Ұзақ қосылып тұрса, оттегі азайып, бас айналу не шаршау пайда болуы мүмкін.
- Ауа ағынын бірден бетіңізге бағыттамаңыз. Салқын ауаны жоғарыға және жанға қарай бағыттаңыз, сонда ауа айналымы дұрыс жүреді. Бұл денсаулыққа қауіп төндірмейді (мысалы, суық тию, мойын ауруы).
- Температураны бірден күрт төмендетпеңіз. Негізінен желдеткішті орташа температурада бірқалыпты (21–24°C) аралығында ұстау ұсынылады. Қатты ыстықтан бірден салқын ауаға немесе керісінше, салқыннан кейін ыстыққа шығу ағзаға зиян.
Қыста және салқын күндері қалай қолдану керек?
- Желдеткішті қосу үшін келесі жазды күтпеңіз. Тіпті, қыстың қақаған суығы болса да, кондиционерді айына кемінде 1 рет қосып тұрыңыз. Бұл жүйенің майлануын қамтамасыз етеді. Компрессордың бітеліп қалуына жол бермейді.
- Булануға қарсы пайдаланыңыз. Көлік салонында терезелер буланып жатса, кондиционерді қосыңыз. Ол ауадағы ылғалды тартып, терезелерді кептіреді.
Не істеуге болмайды?
- Кондиционерді бірнеше сағат қатарынан тоқтамай қосып қоюға болмайды, әсіресе рециркуляциямен бірге.
- Сыртқы радиатор (конденсатор) мен фильтрді ұзақ уақыт тазаламай жүре бермеңіз – бұл жүйенің тиімділігін азайтады.
Ауа ағынын бетке, қолға, кеуде тұсына тура бағыттамаңыз, бұл салқындап, ауырып қалуға себеп болуы мүмкін.
Қосымша күтім және пайдалану кеңестері
- Салон сүзгісін жылына 2 рет (көктемде және күзде) ауыстырыңыз.
- Жылына кемінде бір рет антибактериалды тазалау жасаңыз.
- Егер кондиционер қосылғанда иіс шығып, салқындатуы нашарласа, фреон азайған болуы мүмкін. Оны толықтырып, жүйені тексерту керек.
- Радиатордың сыртына жиналған шаң мен қоқысты тазалау кондиционердің тиімді жұмыс істеуіне көмектеседі.
Желдеткіштің жиі кездесетін ақаулары
Кондиционерді өз бетіңізше жөндеу қиын. Бұл жүйе жоғары қысымда жұмыс істейді және толықтай герметикалық болуы тиіс. Сондықтан арнайы білім мен құрал-саймансыз мұндай жұмысқа кірісуге болмайды. Сонымен, кондиционерде қандай ақаулар болуы мүмкін?
- Көптеген жүргізушілер көліктің астында су жиналғанын көрсе, бірден алаңдай бастайды. Олар мұны көліктен қандай да бір техникалық сұйықтық ағып жатыр деп ойлап, дереу жөндеуге асығады. Шын мәнінде бұл — буландырғыштан жиналған жай ғана конденсат, яғни кәдімгі су. Бұл судың көлікке де, қоршаған ортаға да еш зияны жоқ.
- Егер белдік немесе компрессор механикалық зақым алса, сынған бөлшекті ауыстыру қажет болады. Кейбір жағдайларда компрессорды жөндеуге де болады. Радиатор герметиктігін жоғалтса, көбінесе оны жаңасына ауыстырады, дегенмен кейде алюминий құбырлар мен бактар дәнекерленіп жатады. Бірақ бұл көбіне уақытша шешім ғана.
- Кондиционерге күтім қажет. Әдетте бұл жаңа көлік үшін 5–7 жыл пайдаланылғаннан кейін. Егер көлік айтарлықтай тозған болса, екі жылда бір рет жасалуы керек. Көбіне салқын ауамен бірге желдеткіштен жағымсыз иіс шыға бастайды. Бұл мәселені салон сүзгісін ауыстырып және жүйені бактерияларға қарсы тазарту арқылы шешуге болады.
- Кондиционер жұмыс істеп тұрғанымен, салонды бұрынғыдай салқындатпаса, бұл жөндеуді емес, хладагент құюды қажет етуі мүмкін. Жүйе герметикалық болғанның өзінде уақыт өте келе хладагент буланып кетеді, мөлшері азаяды, сол себепті кондиционердің тиімділігі де төмендейді.
- Кондиционердің салқынату күшінің төмендеуінің тағы бір себебі — сыртқы жағынан кір-қоқыспен бітеліп қалған радиатор. Әсіресе ол басқа салқындатқыштармен бірге бампердің артында бірінші тұрғандықтан, оны да негізгі радиатормен бірге үнемі тазалап отыру қажет.
- Кейде фреон жүйеден мүлде ағып кетуі мүмкін. Мысалы, егер құбырлардың бірінде тесік пайда болса. Мұндай жағдайда кондиционер мүлде салқындатпайды. Ол кезде жүйені тезірек жөндеткен жөн. Себебі, фреонмен бірге жүйеден май да ағып кетеді. Ал сырттан ылғал кіріп, бүкіл жүйе ішіне тарап, ішкі коррозия туындатады. Осы жағдайға дейін жетсе, жөндеу көлемі мен шығындары едәуір артады.
- Сондай-ақ, датчиктер немесе сымдар (кондиционер мүлде қосылмай қалса), компрессор немесе оны айналдыратын белдікпен (кондиционер жұмыс істегенде капот астынан дыбыс шықса) байланысты ақаулар да болуы мүмкін.
Автокөліктегі жайлылықты жоғары бағаласаңыз, желдеткіш жүйесіне үнемі көңіл бөліп, тексеріп, күтіп ұстаған дұрыс. Оның қосалқы бөлшектерінен, фреон мен компрессор майының сапасынан үнемдеген дұрыс емес. Себебі, жүйе істен шықса, оны жөндеу әлдеқайда қымбатқа түседі. Сонымен қатар, автокондиционерді тексеру, жөндеу жұмыстарын арнайы құрал-жабдықтары мен тәжірибесі бар мамандарға ғана сеніп тапсырған абзал.
Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ: