Сыраны асүйде де пайдаға асыратындар бар

0
2 825

Халықаралық сыра күні - әлемде тамыздың алғашқы жұмасында атап өтіледі


Сыраны асүйде де пайдаға асыратындар бар

фото: vsluh.net

(Ескерту: мақала жарнама болып табылмайды, сыра - алкогольді сусындар қатарына жатады)

Көнеден келе жатқан алкоголі аз сусын әлем бойынша сүйсініп ішетін сусындар қатарында көрінеді. Соңғы уақытта Қазақстанда да сыраға сұраныс көп. Әсіресе осындай жаздың аптап ыстығында ішетіндер саны артқан.

Сыраны ең алғаш ойлап тапқан адамның кім екені белгісіз. Дегенмен, кейбір тарихшылар адамдар бұрынырақта бидайды тек сыра жасап шығару үшін ғана өсірген деген болжамға сүйенеді. Қалай айтсақ та бүгінде сыраның орнын басатын, тіпті, алкоголі аз сырамен бәсекелесетін ешқандай сусын жоқ деп айтуымызға болады.

фото: vreticule.com

Сыра сатумен айналысатындардың бәрі де оның тезірек өтіп кеткенін қалайды. Сондықтан миллиондаған адамдар тұтынатын бұл сусынға ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір жанның мереке ойлап табары анық еді. Міне, сол күнді Калифорния штатындағы белгілі бардың иесі Джесс Авшаломов ойлап тапқан. Ол өзінің барында 2007 жылдың 5-ші тамызы күні керемет мереке ұйымдастырады. Содан бері бұл мереке тамыз айының алғашқы аптасынада тойланып келеді. Әрине, сыра күнін ерекше атап, мерекелеуге кейбіреулердің қарсы болуы мүмкін. Дегенмен, бұл күн бар.

Қазіргі уақытта бұл күнді бүкіл әлем тойлайды. Әсіресе АҚШ, Австралия, Коста-Рика, Колумбия, Шри-Ланка, Венесуэлла, Литва, Бельгия, Франция, Бразилия, Италия және Канада. Бұл елдерде ерекше мерекелік шаралар ұйымдастырылып, достар бір-біріне осы көпіршіген сусынмен сый көрсетеді екен.

Сыра жайлы қызықты деректер

  • Ең алғашқы сыра неолит заманында қайнатылған деген дерек бар. Тасқа ойылып жазылған сыраның жасалу тәсілдері бұған негіз бола алады.
  • Тигр және Ефрат жағалауларындағы шумерлер сыраны арпа ашытқысынан әзірлеген екен.

фото: osdorovis.ru

  • Амстердам қаласында жергілікті жұмысшылар істеген жұмысының ақысын сырамен алатын көрінеді. Қала көшелерін тазалағаны үшін олар 10 еуро, жарты қорап шылым мен 5 банка сыра алады.
  • Әлемдегі ең қымбат сыра Vielle Bon Secours – 12 литрлік бөтелкедегі мұндай сыраның бағасы 1000 долларды құрайды. Бұл сыраны тек Лондондағы Bierdrome барынан ғана табуға болады.
  • «Жылан уы» деп аталатын ең өткір сыра 67,5 пайыз алкогольден тұрады екен. Бұған дейінгі өткір сыра «Армагеддон» деп аталған. Ол 65 пайыз спирттен тұрады. Ал, жалпы қарапайым сыралардың алкогольдік құрамы 3-6 пайыздан аспайды.
  • Мюнхен институтының ғалымдары 1 литр сүтке қарағанда 1 литр сыра ішкен он есе пайдалы дейді. Сүзгіден өтпеген сыраның құрамында адам денсаулығына өте пайдалы заттар бар екен.
  • Қазіргі уақытта әлем бойынша сыраның 400-ге тарта түрі бар. Оның көп бөлігі Бельгияда шығарылады.
  • Алайда, алкоголі аз бұл сусынды Чехия елі көп ішетін болып шықты.
  • Әлемде ең көп тұтынылатын алкогольді сусынды қазақ терлеп-тепшіп отырып ішетін ыстық шай мен қарапайым судан кейінгі ең танымал сусын болып табылады.

Сыраны асүйде де пайдаға асыратындар бар

фото: redler.ru

Тақырыпқа тұздық ретінде сыраның пайдалы қасиеттеріне де тоқталып өткенді жөн көрдік. Аспаздық өнерде сыра ең керемет маринадтау құралы бола алады. Сыра етті тек жұмсартып қана қоймай, ерекше дәм беріп, хош иістендіреді. Ол үшін маринадтауға арналған кез келген етті ыдысқа салып, сыраны құяды да, бірнеше сағат тоңазытқышқа салып қояды.

Егер балықты сыра қосып дайындайтын болса, пісіп шыққан балық өте нәрлі әрі дәмді болатынын жазады аспаздар.

Пышақтағы балықтың жағымсыз иісін кетіру үшін мақтаны сыраға батырып сүртсе де өз нәтижесін береді. Артынан сәбіз тілігімен сүртіп жіберген дұрыс.

Әсіресе соңғы уақытта алкогольді сусынды екінші тағамдарға, тіскебасарлар мен сорпаларға, тұздықтарға қосу өте танымал болып бара жатыр.

Дайындаған: Құрманкүл Әти,

ERNUR.KZ