Дәмді әрі тойымды ас әзірлегіңіз келсе, салма салынған құймақ дайындаңыз. Құймақтың салмасын түрлі қоспалардан жасай беруге болады. Ет пен шұжық, ірімшік басқа да қоспалар құймақпен жақсы үйлеседі.
Тартылған ет салынған тойымды құймақ
Қажетті қоспалар:
- 400 гр. тартылған сиыр еті
- 1 дана сәбіз
- 1 дана пияз
- 1 дана жұмыртқа
- 2 ас қасық өсімдік майы
- Дәміне қарай тұз, бұрыш қосылады.
Дайындалу тәсілі:
- Жұмыртқаны қавйнатып, қабығын аршып, текшелеп турау керек. Пияздың да қабығын аршып, жұқалап турап, сәбізді үккіштен өткізесіз. Содан соң көкөністерді майға қуырып, фаршты қосасыз. Тоқтаусыз қозғап отырып, ет піскенше қуырманы оттан алмайсыз.
- Піскен фарштың дәміне қарай тұз, бұрыш қосып, жақсылап араластырып жібересіз. Содан соң дайын немесе өзіңіз пісірген құймақтың арасына салманы салып, орайсыз да, дастарханға ұсына берсеңіз болады.
Шұжық пен ірімшік салынған құймақ
Қажетті қоспалар:
- 4 дана жұмыртқа
- 200 мл сүт
- 250 мл су
- 260 гр. ұн
- 1 шай қасық тұз
- 2 ас қасық қант
- 250 гр. ірімшік
- 400 гр. шұжық.
Дайындалу тәсілі:
- Ең алдымен құймақтың қамырын дайындап аласыз. Ол үшін табаққа су, қант тұз, жұмыртқа салып, жақсылап араластыру керек. Содан соң ұн салып жақсылап араластырасыз.
- Осы араласпаға енді сүт құйып, тағы бір венчикпен араластырып жіберсеңіз болғаны. Дайын қамырлан құймақтарды пісіріп аласыз. Құймақтар суығанша ішіне салынатын салмасын дайындасаңыз болады.
- Салмасына шұжық пен ірімшік салынатындықтан, екеуін де үккіштен өткізіп араластыру керек. Осы салманы әрбір құймақтың арасына салып, орап шығасыз.
- Енді құймақтардың бетіне жұмыртқаның сары уызын жағып, ұнға аунатып, майға екі жағын қызарта қуырып алыңыз.
Тауық еті салынған құймақ
Қажетті қоспалар:
- 500 гр. тауық еті
- 1 дана пияз
- 2 ас қасық өсімдік майы
- 50 гр. аскөк
- Тұз, дәмдеуіштер
Дайындалу тәсілі:
- Тауық еті мен пиязды ұсақтап турап аламыз. Табаға май құйып, пиязды салып 2 минуттай қуыру керек. Сосын тауық етін салып, піскенше қуырылады.
- Аскөкті де майдалап турап аламыз. Тауық еті бұқтырылып жатқанда аскөкті салып, дәмдеуіштерді қосып тағы да 2-3 минут бұқтырамыз. Сосын барлығын жақсылап араластырып, дайын салманы құймаққа сала беруге болады.
- Құймақты жақсылап орап, дастарханға ұсыныңыз.
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ: