Тоңазытқышқа салмай-ақ сақтайсыз.
Қазіргі таңда дәмді етті табу қиын емес. Бірақ дәмділігін сақтау, одан әрі дәмін кіргізе түсу үйбикесінің шеберлігіне байланысты. Етті енді мұздатқышта емес, банкада сақтауды үйренсеңіз, күн сайын дәмді тағам дайындай аласыз!
Қажетті өнімдер:
- 1-1,5 кг ет
- 2 дана пияз
- 2-3 лавр жапырағы
- 2 шай қасық тұз
- 8-10 дана ірі қара бұрыш қажет.
Дайындалу тәсілі:
- Ең алдымен пияздың қабығын аршып, тазалап жуамыз. Содан соң ортасынан бөліп, жұқалап тураймыз. Пиязды тураудың белгілі бір ережесі жоқ, қалай турасаңыз да өз еркіңізде. Етпен араласқаннан кейін пияз жұмсарып, бойындағы бар сөлін шығарады.
- Пісірмеге арналған арнайы пакеттің бір жағын түйіндеп байлаймыз да, ашық жағынан пиязды саламыз. Сосын лавр жапырағын, ірі қара бұрышты салу керек.
- Алдын ала бірнеше бөлікке бөлінген етке тұз жағып, пияз салынған пакетке жайғастырамыз. Тұзды қалауыңызша сала берсеңіз болады.
- Осылайша дайындалған етті салып болған соң пакеттің екінші жағын байлап, табаға саламыз. Пакеттің беткі жағын 5-6 жерінен тесіп қойсаңыз, пакет ісінбейтін болады.
- Пешті 150 градусқа дейін қыздырып, 3 сағаттай етті пісіреміз. Егер сиыр немесе жылқы етінен бөлек, тауық еттерінен тушенка дайындағыңыз келсе, пісіру уақытын 1-2 сағатқа азайтсаңыз болады.
- Пісіп шыққан етті пакеттен абайлап алып, стерилденген банкаға саламыз. Пакеттегі еттің шырынын да, қалған дәмдеуіштерді де банкаға салып жібереміз. Қақпағын мықтап жауып, суытып қоямыз. Суыған соң банканы тоңазытқышқа салып қою керек.
- Егер консервіленген етті ұзақ уақыт бойы сақтағыңыз келсе, банканы 120 градусқа қыздырылған пеште 30 минут бойы стерилдеуіңіз керек. Содан кейін ғана етті салатын болсаңыз, мұндай консервідегі ет 2-3 айға дейін жақсы сақталатын болады. Ал, олай жасамайтын болсаңыз, 1 апта ішінде етті пайдалануға тура келеді.
Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ: