Наурыз – қазақтың ұлттық ойындары дәріптеліп, қазақ дәстүрі жаңғырып, ұлттық тағамдары дайындалатын берекелі ай.
то: turkystan.kz
Наурыз – ардақтыларға алғыс айтып, асыл аналарға сый көрсетіп, ағайын-туыспен көрісіп, дастарханды асқа, шаңырақты қонаққа толтыратын мерекелі ай.
Наурыз – қазақтың ұлттық ойындары дәріптеліп, қазақ дәстүрі жаңғырып, ұлттық тағамдары дайындалатын берекелі ай.
Наурыз мерекесінде дастарқаныңызды Шымкент қаласының тұрғыны, білікті аспаз Жадыра Оспанова ұсынған дәмді тағамдармен толтырыңыз.
Қазыналы қариялардан, еңбектеген балаға дейін сүйсініп жейтін талқаннан түрлі тағамдар әзірлеуге болады.
Майталқан
фото: ikedaspa.com
Керектілер:
- 400 гр. талқан
- 350 гр. сарымай
- 250 гр. шекер қажет.
Дайындалу тәсілі:
Кеңдеу ыдысқа талқанды, сары май мен шекерді қосып араластырыңыз. Дайын болған жеңсік асты дастарқанға ұсынсаңыз болады.
Ірімшік пен бал қосылған талқан
Керектілер:
- 650 гр. ірімшік
- 25 гр. талқан
- 125 гр. бал қажет.
Дайындалу тәсілі:
Бұл тағам шай ішуге таптырмайтын басытқы. Балалардың сүйіп жейтін асы. Қажеттілердің бәрін бір ыдысқа салып, мұқият араластырасыз.
Бал мен қаймақ қосылған талқан
Керектілер:
- 700 гр. қаймақ
- 200 гр. талқан
- 100 гр. бал қажет.
Дайындалу тәсілі:
Бұл тағамды дайындау үшін тары талқанын қызып тұрған қазанға салып, сәл араластыру керек. Содан соң үстіне бал, қаймақ құйып, 10 минуттай жақсылап араластырасыз.
Ал дастарқанға ыстық күйінде қойылады.
Жент
фото: avatars.mds.yandex.net
1-рецепт
Керектілер:
- 1 стақан талқан немесе
- 100 гр. фундук немесе бадам жаңғағы
- 3 ас қасық шекер
- 1 шай қасық ванильді қант
- 3-4 ас қасық сары май қажет.
Дайындалу тәсілі:
Алдымен жаңғақтарды ұсақтап аласыз. Бір ыдысқа талқанды, қантты, ванильді қантты салып жақсылап араластырыңыз. Бетін тегістеп, нығыздап жауып, тоңазытқышқа 30 минутқа қою керек. Белгіленген уақыттан соң дайын болған тағамды тəрелкеге төңкеріп саламызда бетіне ұсақталған жаңғақты себесіз.
2-рецепт
- 300 гр. талқан
- 100 гр. үгітілген печенье
- 2-3 ас қасық сары май
- 2-3 ас қасық бал
- сəндеуге шоколад қажет.
Дайындалу тәсілі:
Талқан мен үгітілген печеньені құрғақ күйінде араластырыңыз. Үстіне ерітілген бал мен сары майды құю керек. Жентті үлкен кесеге тығыздап салып, тəрелкеге төңкересіз. Бетін қалауыңызға қарай шоколад үгіндісімен сəндейсіз.
Жентті салқын жерде сақтау керек.
Майсөк
фото: s020.radikal.ru
Тары дақылының тағамдық құнары мен түрлі емге тигізер пайдасы зор. Ертеде емшілер ұзаққа созылған дерттен әлсіреген адамды ашыған тары көжемен емдеп жазатын болған. Оның құрамында жүйке жүйесін тынышталдыратын, бойға күш-қуат беретін В тобындағы дәрумен бар. Тарыдан жасалатын тойымды тағамның бірі – майсөк. Кей жерлерде «майтары» деп те атайды. Кезінде үлкен кісілер қойдың шыжғырылған құйрық майына тары салып, қуырып жасаған. Бүгінде оның жасалу тәсілі басқаша.
Керектілер:
- 200 гр. тары
- 100 гр. сары май
- 0,5 кесе қайнаған су
- 100 гр. шекер.
Дайындалу тәсілі:
Тарыны ыдысқа салып, үстіне қайнаған суды құямыз. Артынша осы күйінде 40 минутқа қалдырамыз. Кейін таза ыдысқа салып, жақсылап кептіреміз. Дайын болған тарыға май мен шекер қосып араластырамыз. Осымен дайын болған майсөкті дастарқанға ұсынуға болады.