​«Бесік тойға барған ЕРКЕКТІ ешкім СЫЙЛАМАЙДЫ»

0
8 459

Ертеде бесік тойға еркектер бармаған...


​«Бесік тойға барған ЕРКЕКТІ ешкім СЫЙЛАМАЙДЫ»

иллюстрациялық фото: toleby-rb.kz

Қазақта не көп, той көп. Баланың құрсаққа біткенінен бастап думаншыл болса да әрбірін ерекше салтпен, дәстүрі мен ғұрпын сақтай отыра тағлымы мол, тәрбиелік мәні жоғары тойлармен жалғастырып отырған. Иә, қазақтың әрбір тойында тәрбие бар.

Сөзіме тұздық болар мына бір оқиғаны арқау етейін.


Бір таныстың тұңғыш немересі дүниеге келіп, соған бесік тойын жасайтын болды. Жұмыстан сұранып, ертерек шықтым. Әдетте, қазақтың тойы кеш басталады емес пе? Бесік әкелетін құдалар жағы жақындау жерден болған соң ертерек кеп қала ма деген дәмем де болды. Кеш басталса, той да кеш тарқап, үйге жеткенше біраз уақыт өтеді.

Тойханаға кіре берісте, жұмсақ диванда қабаттап жаулық салған, кең көйлегі өзіне жарасып отырған әжей көзіме түсті. Адам аз, тек той иелері ғана әрі-бері жүгіріп жүргеніне қарап бесікке салудың да кеш басталатынын түсіндім. Түсіндім де, әжейдің қасына жайғастым. Жөн сұрасып, жағдай білістік. Әңгімесі тоқ, сөзі салмақты кісі екен. Танысымның нағашы әжесі болып келетін көрінеді. Көпшіліктің айтылған уақыттан кешігіп жүруі әдетке айналғанын айтып аздап ренжіп алды.

Бір кезде қонақтардың да қарасы көріне бастады. Арасында ер адамдардың да саны әжептеуір. Қасымда отырған құдағи да ойымды оқып қойғандай «Құдай-ай, тоба! Қатын-қалаштың тойына еркектер барған соң қайтейін енді?!» ернін сылп еткізді. Маған да керегі осы, көненің көзін көрген әжейді осы тақырыпта әңгімеге тарттым.

Жарықтық, қарт кісілер өзінен қазына сұрағандарға іші жылып, ашыла түседі ғой. Әженің де айтары бар екен, алдымен ашуланып біраз жерге барып қайтты.

«Қазақта ертеден еркектердің қатыспайтын, тек қана ауылдың қатын-қалашы, кемпір-сампыры ғана өткізетін тойлары бар. Шілдехана, құрсақшашу, бесік той сияқтылардың барлығы еркексіз өтеді. Онда еркектер қатысып жасалатын жоралғылар жоғынан-ақ білуге болады ғой?! Еркектер не істейді мұнда? Бесікке сала ма баланы? Әлде, тыштыма тарата ма? Бүгінгінің еркектерінде де ми қалмаған ба?! Тек ішіп-жеуге бола келе ме, түсінбеймін... Шаруалары жоқ па? Әй, біздің марқұм шал сияқтылардың азайғанынан ғой осының барлығы. Қамшымен тартып жіберіп, ауылдың ер-азаматтарын жинап алып асарлатып іске салып қоятын?!»

Әжейдің екпіндете айтқан сөзінен шалының да оңай адам болмағанын байқадым. Содан соң «буын» шығарып алған ол түсіндіруге көшті.

«Қазақта ер-азаматты тағы қалай тәрбиелеген, білесің бе? Осындай той-жиындар арқылы... Мысалы, еркекті қазанның ісіне, баланың қажетіне, үйдегі ұсақ-түйекке араластырмаған. Баланы туғаннан соң қолға ілікпейінше түздің адамы саналатын еркекке ұстатпаған да. Сол ер-азаматтар ұсақталып, отбасы-ошаққасының шаруасынан аса алмай қалмасын деп ат жалын тартып мінер жасқа жеткен ұл балаларға осындай той-томалаққа бару да сын болған. Ер жете бастаған ұлдарға апасына еріп тойға бару сын, ал әкесіне еріп жылқы қайыру, мал бағу, асау үйрету – мақтаныш болған.

Ал қазір ше? Бесік тойды салтанат сарайында жасау сәнге айналған соң оған еркектер де келе беретін болды. Солардың өздері де ойланбайды. Ас ішеді, әйелдердің жасайтын ғұрпы басталғанда сыртқа шығып, қалған уақытта отырады да қояды. Ең ақыры, бесік әкелетін жақтан да еркектер келетін болды ғой?!

Бұрын бесікке салу бұлай үлкен той болмайтын. Шешеміз екі жеңгемізді алып бесік пен керек-жарақты алып келіп кететін. Қона жатып ертеңіне ауылдың әйелдері жиналып, баламызды бесікке салатын. Балаларға тәтті үлестіріп, соның өзі ауылдың қатын-қалашына бір көңіл көтеріп, жиналып қалатын той болушы еді. Ас та төк сыйлық, баланың киімі, көрпе-төсек, жиһазына дейін әкеледі қазір. Сөйтеді де, «пәленбай дүние апара жатырмыз» деп міндет қылғандай еркегі-әйелі аралас бүкіл туыстарын ертіп келеді тойға...», - деп әжей тағы біраз әңгімелер ме еді, бесік әкелетін құдалар келіп қарсы алуға тұрдық.


Есіме өзімнің әкем де, ағаларым да бесік тойына бармайтыны түсті. Қайбір кезде анам екеуі соған бола сөзге де келіп қалған болатын. «Осы жұрттың еркектері бара береді ғой, несі бар екен?! Құдалар келеді екен, солармен әңгіме айтып отырасың...» деген анама алара бір қарап: «Қатын-қалаштың тойында неғып жүрген құдалар ол?! Тұсауын кессе, бір жөн...», - деп бір ғана сөз айтқан әкемді айтқанынан ешкім қайтара алмас еді. Әкемнен көргенін ағаларым да істейді, олар да бесік тойына бармайды.


Расында, баяғыда тек әулеттің әжелері мен келіндері, қыз-келіншек, бала-шағасы ғана жиналып өткізетін бесік тойдың өзін даңғазаға айналдырып алғанымыз шындық. Ал оған еркектердің де намыстанбай бара беруі дәстүрдің тозғаны ма, озғаны ма? Әлде ер-азаматтарымыз ұсақталып кетті ме екен?! Мүмкін, соны айтып отырар әжелерімізді тыңдамай барамыз ба?!

Қырмызы Сауран,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


СҮЙЕККЕ ТҮСЕТІН адам НЕНІ білуі керек?


«Босанған әйелдің қолынан 40 күнге дейін ас ішуге болмайды»