Бесікке, домбыраға неліктен үкі тағады?

0
17 266

Қазақ халқы бірнеше құсты «киелі» деп, ерекше қастерлеген. Соның ішінде бүркітті «көк тәңірісі», «аспан перісі», «қанаттылар ханы» деп құрмет тұтса, қарлығашты адамның жанашыры, қамқор боп жүрер адал құс дейді. Ол ежелден-ақ адамзаттың айнымас серігіне айналған, бұны «қарлығаштай қанатымен су сепкен» деген теңеуден байқауға болады.


Бесікке, домбыраға неліктен үкі тағады?

Қазақ халқы бірнеше құсты «киелі» деп, ерекше қастерлеген. Соның ішінде бүркітті «көк тәңірісі», «аспан перісі», «қанаттылар ханы» деп құрмет тұтса, қарлығашты адамның жанашыры, қамқор боп жүрер адал құс дейді. Ол ежелден-ақ адамзаттың айнымас серігіне айналған, бұны «қарлығаштай қанатымен су сепкен» деген теңеуден байқауға болады.

Қазақ «Аққуды атпа, досыңды сатпа» деп, пәктіктің белгісі ретінде аққу құсын да киелі санаған. Сонымен қатар, үкінің үлпілдеген қауырсынындағы бедерді Құранның құпияланып жазылған нұсқасы деп қастерлеп кие тұтқан халықпыз. Қазақтың асыл мұрасын ақтара берсек, киелі құстардың қатарында әлі талай қанаттыны атауға болар. Десек те, «киелі», «қасиетті» деген құрметті иеленген құстардың ішінде үкінің қауырсынын қазақ шаңырағынан көп кездестіре аламыз. Бесікке, төрге, домбыраға, бөрікке, жаңа түскен келіннің орамалына, жастардың оңаша отау шымылдығына қадалған үкі қауырсынын көзіңіз шалады.

Қазақ халқының ұғымында үкі «жын періні қуатын құс». Сондықтан да үкі қауырсыны сәби ұйқысы тыныш болсын, жын-шайтаннан қорғасын деп бесікке, бақыт әкелсін деп қыздардың сәукелесіне, екі жастың шымылдығына, табысты етсін деген ниетпен сал-серілердің домбырасына тағылған. Баланы сүндетке отырғызғанда, ашамайға мінгізгенде «тіл-көзден сақтасын» деп тақиясына үкі таққан. Тіпті, үкі қауырсынын ертеректе батырларымыз найзаға да таққан. Оны Қазыбек бидің «Біз қазақ деген мал баққан елміз. Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз» деген сөздерінен білеміз.

Үкімен байланысты қандай салт-дәстүр, әдет-ғұрып бар?

«Қазақ Энциклопедиясында» үкі тағу салты туралы айтылады. Бұл қызға құда түскенде оның айттырылған қалыңдық болғандығының белгісі ретінде берілетін кәделердің бірі. Қыз бен жiгiттiң көңiл-күйiн орнықтыратын бұл ғұрып халқымызда «қарғыбауын» деп те аталады. Жаушыдан жақсы хабар алған соң, жiгiттiң ата-анасы болашақ келінiнiң үкiсiн (қарғыбауын) арнаулы әзiрленген үкiлi тақия, бiлезiк-сырға, бiр киер бағалы киiм алып, құда-құдағиларына асыл кезмеден киiт әзiрлеп, қарғыбауға байлайтын бiр атын жетелеп жаңа құданың үйiне барып «үкi тағу» салтын өткiзедi. Сонымен екi жақтың ресми құда болғандығын ел-жұртқа жария етеді. Қыз ауылы жылы шырай, ыстық ықыласпен қарсы алып күтеді. Құдалар аттанар кезде бұйымтай сұрап, шама-шарқынша шапан жауып аттандырады.

Үкінің қауырсынын алу үшін оны өлтірмейді. Өлтірген адамды киесі ұрады деген түсінік бар. Үкіні аулап ұстап, балақ жүні мен бауыр төсінің жүнін алып, өзін жемге тойғызып қоя берген. Мұны «үкі жүндеу» деп атайды. Үкі жүндеген ауылдан «олжа алу» салты да болған. Ал, көз тиіп, сұқ қадалмасын деген ниетпен көпшілік алдына шығатын әншілер, бишілердің бөркіне, камзолына, бесікке, домбыраға т.б. үкі қауырсынын тағу – наным-сенім.

Үкі – жол көрсетуші құс

«Халық айтса қалт айтпайды» демекші, үкімен байланысты салт-сана, наным-сенімнің негізі бар. Үкі құсының киелі саналатыны бекерге емес. Біріншіден, ол Нұх пайғамбардың батасын алған құс екен. Бұл туралы мәлімет «Әлдиден эпосқа дейін» отбасы хрестоматиясында келтірілген. Онда үкі туралы мынандай аңыз айтылады:

Ертеде топан су тартылып, Нұх пайғамбар кеме шалдыратын жер іздейді. Сол кезде әлемдегі асқар таулар:

– Нұх маған тоқтайды. Адамзат ұрпағы менен қайта таралады, - деп таласыпты. Тұран даласындағы Қазығұрт тауы ғана сынықтық көрсетіп:

– Бұл дәрежеге лайық емеспін. Ұлық Алла орынбасарын биік тауға тоқтатар, - дейді. Алла Қазығұрттың кішіпейілдігіне риза болып:

– Нұх, кемені Қазығұртқа қондыр. Тіршілік сол жерден басталсын, - деп әмір береді. Нұх:

– Қазығұрт тауы қайда? - дейді. Ұлық Алла үкі деген құс жаратып:

– Мына үкіні қасыңа ал. Оның көзі өткір, түнде көреді. Қазығұртқа баратын жолды сол біледі, - дейді. Үкі Қазығұртқа жеткенше кеменің алдында жол көрсетіп, ұшып отырады. Нұх Жиддә тауын, сосын Арарат тауын айналып өтеді. Кеменің желкені көрінгенде таулар балбырап, балқып кетіпті. Сондықтан да олардың жақпарында кемеге ұқсас жартастар түзіліпті.

Нұх Қазығұрт тауына аман-есен тоқтайды. Үкіге риза болған Нұх пайғамбар:

– Орман-тоғайдың иесі бол! Шаңырағымның киесі бол! - деп бата береді. Содан үкіге айрықша кие дариды. Адамдардың оның қауырсынын «тіл-көз тимесін» деп баланың бесігіне, қыздың бөркіне тағатын дәстүр содан қалыпты.

Осы эпоста үкі Нұх пайғамбарға жол көрсетсе, үнділердің сенімі бойынша, үкі қайтыс болған адамның жаны тәнінен ажыраған соң оны о дүниенің есігіне дейін күзетіп жеткізетін құс боп саналады. Ахмет Байтұрсынұлының «Есек пен үкі» деген өлеңінде де үкінің «жол сілтегіш» құс екені айтылады:

Үркектеу, үйір емес онша қолға,
Бір Есек ұзақ сапар шықты жолға.
Есектің бойы тәуір болғанменен,
Есепте қосылмайды есі молға.
Және де бұл Есектің көзі соқыр,
Басшысыз соқыр қалай жүрсін оңға?
Лағып тура жолдан қаңғып кетті,
Қисайып, қыңыржақтап, шығып жонға.
Ішіне қалың орман барып кірді,
Білмеймін, не жол тауып, неғып жүрді.
Күн батып, қас қарайған уақытта
Есектің лаққанын Үкі көрді.
Үкі айтты: «Мінгіз, Есек, мені, - деді,
- Мініп ап, мен бастайын сені, - деді.
Жолды айтып, жөнді сілтеп мен отырсам,
Көзіңнің еш нәрсе емес кемі», - деді.
Бір ауыз сөз қайырмай, Есек көнді,
Мініп ап, Үкі отырды сілтеп жөнді.
Жерлерден адыр-бұдыр аман өтіп,
Ағаштың жиегіне жақын келді...

Халық жемін көбіне түнде аулайтын, ұшқанда қанатының дыбысы естілмейтін үкінің қою қараңғы түнде ұша алатынын, қараңғыда көретін ерекшелігін үлкен қасиетке балап, аңыз-эпостарда «жол сілтеуші», «жол көрсеткіш» атауларын берсе керек.

Үкі – 2017 жылдың құсы

Казақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы (ҚБСА) бар екенін білесіз бе? Ол Қазақстанның табиғатты мен жануарлар әлемін қорғау мақсатында еңбек етеді. 2007 жылы жұмысын бастаған ҚБСА-ның клубтары 5 университетте – Қарағанды, Өскемен, Қостанай, Петропавловск және Семейде ашылды. 2008 жылы бұндай клуб Астанада құрылды.

ҚБСА мақсаты - ғылыми негізде жануар әлемінің алуантүрлілігін сақтау, осы мақсатта ұлттық және халықаралық, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдармен серіктестікті дамыту, табиғатты қорғау саласында қызмет ететін мамандарды даярлауда көмек көрсету.

Казақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы халықтың назарын елеулі құстарға аудару мақсатында жыл сайын «Жыл құсын» таңдайды. ҚБСА Қазақстан құстар қорғау одағымен бірге 2017 жылдың құсын таңдады. Ол – үкі (орысша атауы – филин). Үкілер табиғатта өте пайдалы – олар кеміргіштерді және түнгі зиянды жәндіктерді жояды. Үкі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

Түсіңізде үкі көрсеңіз

Қазақ дәстүрлі қоғамында түс көруге бей-жай қарамаған. Егер, түсіңізде үкі құсын көрсеңіз – қауіпті хабар естисіз, үкілі тақия көру – барымтаға қарымта. Ал, өмірде үкіні көру – жақсы белгі боп саналады.

Энциклопедияда: А. Құралұлы құрастырған «Қазақдәстүрлімедениетініңэнциклопедиялықсөздігінде» (Алматы: «Сөздік-Словарь», 2007) Үкі – түнде ғана ұшатын имек тұмсық, жыртқыш құс.

Үкі – қыста қатып қалған өзен мен көлдің мұзын ойып жасаған суат.

Үкі – үкі құсының бас киімге сәндік үшін қадайтын, үлпілдек жүні делінген.