Қалжада қандай қасиет бар?

0
27 864

Қалжа жегізу ежелден келе жатқан өнегелі дәстүр. Ал бүгінгі енелер оған соншалықты мән бермейді.


Қалжада қандай қасиет бар?

фото: baribar.kz

Қалжа жегізу ежелден келе жатқан өнегелі дәстүр. Ал бүгінгі енелер оған соншалықты мән бермейді.

Қалжа – жүкті анаға арнап байланатын қой. Айы-күні жетіп дүниеге нәрестесін алып келген соң үйіндегілер арнайы байланған қойды сойып, жас босанған анаға осы қойдың етінен ас әзірлейді. Етін жегізіп, сорпасын ішкізеді. Жас босанған ананың буын-буыны бос, тісі әлсіз, күш-қуаты азайған болады. Ал қалжа жоғалтқан дәрменін қалпына келтіріп, бөбектің ширақ, мықты болып өсуіне ықпал етеді. Қалжа жеген ананың дені сау, сүті мол болады деп сенген.

Қалжаға сойылған қойдың алты буыннан тұратын мойын омыртқасын сол қалпы қазанға салып, асады. Піскен омыртқаны жас ана мүжіп жеу керек. Ал енесі еттен тазарған омыртқаны тік таяқшаға кигізіп, бала қырқынан шыққанша керегенің басына іліп қояды. Сонда баланың мойны қатайып, басын көтеріп, денесін тіктейді деп ырымдайды.

Ал қазақ дәстүрін дәріптеп, өзінен кейінгілерге жеткізіп жүрген Зәйнеп Ахметова да қалжа жайлы біраз деректер келтірген:

«Қазақтың өте бір қасиетті ырымы – келінге қалжа жегізу. Бұрынырақта кедейдің кедейі әйеліне қалжа жегізген. Тіпті бұған өзінің шамасы келмеген күнде ауқатты адамдар қалжасын әкеліп берген. Өйткені қалжа әкеп беру де сауабы үлкен іс болып саналған. Қалжаның күнделікті желінетін еттен айырмашылығы – ол жас босанған ана мен баланың сыбағасы. Әрі құрметті ас саналады. Қалжа, біріншіден, дүниеге келген нәрестенің құрметіне арналса, екіншіден, жас анаға дүниеге перзент әкелгені үшін арнайы сойылатын болған. Күнде келінге сорпасын ішкізіп, етін жегізіп отырғандықтан, жас босанған ана өзінің жоғалтқан күш-қуатын осы қалжа арқылы қалпына келтіреді. Босанғаннан кейінгі күтімге қалжаның тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Қазіргі жігіттерді қайдам, бұрындары жігіттердің бірі ауырлау затты көтеруге әлі келмесе немесе абайламай жығылып қалса, құрдастары келеке қылып: «Әй, немене, сенің шешең қалжа жемеген бе?» – деп қағытқан. Кей жағдайда «құдайға шүкір, біздің де шешеміз қалжа жеген» деп өзін-өзі көтермелеп, шамасы келмей жатқанын білдірмеуге тырысып баққан. Тілімізде жиі қолданылатын осы сөздің өзінде мән-мағына жатыр. Қалжаны кей өңірлерде қыздың төркіні де әкеп жатады, бірақ қалжа, негізінен, келіншектің күйеуінің мойнындағы міндет-парызы болып есептеледі», - деген.

Қалжа пайғамбарлар дәуірінде де үлкен қасиетке ие болған. Әңгімемімге мына аңыз да арқау болғалы тұр.

Бірде Адам ата мен Хауа ана үлкен бақытқа кенеледі. Дүниеге ұлдары Шиш пайғамбар келеді. Көктегі періштелер шаттанып, Адам атаға құтты болсын айтады. Жер мен көк, он сегіз мың ғалам қуанып, Аллаға мақтау айтыпты. Жебірейіл періште Адамға келіп:
– Уа, Адам, саған Ұлық Алладан уахи ала келдім. Қазір жұбайың әлсіз. Оған күш-қуат керек. Отардың ішіндегі семіз ұрғашы қойды сойып, жұбайыңа ас әзірле. Сорпасын ішіп, терлесін. Қойдың қуаты келіншегіңнің күшін қалпына келтіреді. Бойындағы жел-құзы шығады әрі сәбиіңе құнарлы ас болады, – дейді.
Адам ата Жебірейілдің айтқанын бұлжытпай орындайды. Хауа ана қойдың етін жеп, күш-қуат жинайды. Екі омырауынан құнарлы сүт ағады. Кейін келе Хауа анаға сойылған қойды «қалжа» деп атапты. Енді бір аңыздарда «Хауа ана Шиш пайғамбардың мойыны қатайсын деп қойдың омыртқасын ырымдап жеген
» деген дерек те кездеседі.

Ал менің әжем жас босанған анаға ешкінің етін суық болады деп жегізбейтін. Ал мән-мағынасына сол кезде жас болып терең бойлай алмаған екенмін.

Шынанда да байқап қарасақ қалжада анаға ғана емес, балаға да шапағаты мол қасиет бар екен. Бүгінде тұңғышы дүниеге келгенде ғана қой сойылады да, кейінгілер дүниеге келгенде бір сан ет немесе 5-6 келі етті сатып әкеліп, соны талғажау етеді. Ал арнайы қой сойып, етіннен тамақ әзірлеудің мәнін «Қалжалы әйелден олжалы ұл өседі» деген қазақтың дана сөздері дәлелдегендей. Ендеше дүниеге келген ұрпағымыздың саулығы үшін арнайы қой союдан аянып қалмайық ағайын!

Ләззат Ахметова,

ERNUR.KZ.