Құлақ тесуді дәстүрге айналдырған апа-әжелеріміз қыз баланың құлағын тесуді кішігірім тойға айналдырған. Қыздың анасы, жеңгелері, апа-әжелері жиналып, дастархан жайған.
Қыз баланың құлағын тесіп, сырға тағуы оның балалықтан алыстап, бойжетуінің белгісі ретінде қарастырылған. Бұл рәсімді қыз бала бес жасқа толғаннан бастап, тоғыз жас аралығында жасаған. Бұл күнде ауырғаны байқалмай кетеді деп жаңа туған нәрестенің де құлағын тесіп жатады.
Қыз бала дүние есігін ашқан сәттен бастап, оның болмысында қызға тән қылықтарды байқауға болады. Тіпті, ананың бойына бала бітіп, жүктілігін білген сәттен бастап, ол өзінің өмірге ұл немесе қыз алып келетінін сезетін де қасиеті бар.
Отбасында қыз бала дүниеге келсе, ата-әжелер қыздың құлағын тесіп, сырға тағып қоюға ұмтылады. Қыз баланың әдемілігін, әсемдігін айшықтап, көркіне көрік қосатын зергерлік бұйымдарын қай жастан бастап тағу керек?
Қыз баланың айналасына көз тастап, әдемілікке құмартуы, әшекей бұйымдарға әуестігі қай жастан басталады? Балабақша жасынан анасының бұйымдарына қызығып, «маған да тақасы биік туфли әперші!», «менің де ернімді шиедей етіп бояп берші!», «құлағымды тесіп, сырға тағып берші!» деп моншақтарыңыз бен білезіктеріңізді тағынып, сөмкеңізді асынып алса іштей қызыңыздың бал қылығына балап қоя саларсыздар.
Бірақ, қыз баланың құлағын тесіп, сырға тағуын да осындай қызығушылығы артып тұрған сәтте орындаған дұрыс.
Қыз баланың құлағын тесу үшін белгілі бір жас мөлшері белгіленіп, шектеулер енгізілмеген. Дегенмен, қыз бала есін біліп, сұлулыққа деген құмарлығы артып тұрған сәтте құлағын тестіріп қойсаңыз жақсы болмақ. Ескертетін жайт, кейбір ата-аналар қыз баланың неғұрлым кішкентай кезінде, яғни, жасына толмаған сәтінде құлағын тестіргенді қалайды. Өйткені, сәби кезінен құлағын тестірсек тез жазылып кетеді деп ойлайды. Бірақ, қыз бала әлі де даму үстінде. Құлағын тесіп, сырға тағудың не екенін түсінбейді, оның үстіне, құлақ терісі төрт-бес жасқа келгенше тым нәзік болғандықтан, зиян келтіріп алуыңыз да мүмкін. Бір жасқа толғанша балаға бас киімді үнемі кигізу қажет болады, сондай сәттерде киімге сырғасы ілініп қалса, тері жыртылып кету қаупі де бар. Олай болмаған күнде де кіп-кішкентай болса да құлағындағы «жаңа бұйымға» үйренісе алмауы мүмкін.
Мұның барлығын қазіргі заманның ескі дәстүрмен астасып, жалғасып жатқандығын айту үшін мысалмен келтіріп отырмын. Әйтпесе, қыз баланың құлағын тесу де дәстүріміздің бір бөлшегі ретінде көптеген деректер бар.Мысалы, «Ер Төстік» ертегісін алып қарайық. Ол жерде осы құлақ тесіп, сырға тағу ғұрпы туралы айтылады. Сонымен қатар ертеде қай үйдің бой жетіп отырған қызы болса, керегеге, кілемге сырға іліп қоятын болған. Бұл келген қонақтарға үйде қыз бар екенін, ата-анасы әлі ешкіммен құда болмағанын білдіреді. Ерназар тоғыз ұлын бір үйдің тоғыз қызына үйлендіргісі келіп, ел арасын кезетін тұсы бар.
Бірақ Ерназар ойлағандай тоғыз қыз бір үйден табылмайды. Сөйтіп күдер үзіп келе жатса, алдынан бір ауыл көрінеді. Ауылдың ортасындағы үлкен қоңыр үйдің тұсына келіп, мейман болатындығын білдіреді. Үйге кірсе, керегенің басында сегіз сырға ілулі тұр екен, соны көрген соң, Ерназар еңкілдеп жылай бастайды. Үйдің бәйбішесі Ерназардан:
– Неге жыладың? – деп сұрайды.
– Жылаған себебім: тоғыз ұлым бар, соған тоғыз келіншек іздеп жүрген адаммын, тоғыз ұлымның бір әке-шешеден туғаны сияқты, тоғыз келінімнің де бір әке-шешеден туған болуын іздеп жүрген адаммын. Керегенің басындағы көп сырғаны көргенде, тілегіме жеттім ғой деп қуанып қалып едім, санасам, біреуі кем екен, соған жылап отырмын,- дейді Ерназар.
Ендеше жылама, тағы біреуі бар, әне тұр деп бәйбіше тұсбақаннан тағы бір сырғаны алып келеді.
Кенжекейімнің сырғасы еді, мұны сегіз қызымның сырғасына араластырмаймын, ана қыздарым бір төбе, Кенжекейім бір төбе. Сондықтан Кенжекейімнің сырғасы олардікінен бөлек тұрадыдеп сырғаны қайтадан іліп қояды». Бұл жоғарыда айтқан сөзімізді қуаттай түссе керек.
Егер қызғалдақтай құлпырған қыз өсіріп отырсаңыз, құлақ тесуді қазір бастаңыз. Оны жәй ғана сән үшін емес, қыз баланың ес жиып, етек жапқанын білдіретін ғұрып ретінде қарастырғаныңыз жөн.
А. Сарсенбаева,
Тағы да оқыңыз:
"Жанып тұрған ШЫРАҚты үрлесең, ҰМЫТШАҚ боласың"
«ҚАРА ЖАМЫЛУдың» мәнін білсеңіз, бұлай етпеңіз!