​Қазақ баланың санын да ҚАМШЫ арқылы білген

0
4 280

"Қанша балаң бар?" деген сұрақ қойылмауы керек


​Қазақ баланың санын да ҚАМШЫ арқылы білген

фото: bilimdiler.kz

Қазақ салтында көбінесе тәрбиеге мән беріледі, сондықтан балаға қатысты салт-дәстүрлер мен ырым-тыйымдар көп. Қазақ десе ойға оралатын дүниелер жеткілікті ғой.


Солардың бірі - қамшы. Қамшыны ата-бабамыз ежелден-ақ өзінің жанынан тастамай жүретін серігі ретінде пайдаланған.

Қамшының атқаратын қызметі біреу ғана емес, әмбебап. Қамшымен ат-көлік, мал айдауға болады, онымен адам өзіне төніп келген қауіп-қатерден де қорғана алады, қажет болған жағдайда суық қару ретінде пайдалана алады.

Көшпелі тірлік салтына байланысты қазақтың еңбектенген баласынан еңкейген кәрісіне дейін қамшы ұстаған, ат-көлік мінетін. Әркімнің өзіне лайық, өзіне тән қамшылары болады. Атқа мінгенде қолында, қонышында, білегінде, белінде, тақымында, ерінің алды-артында, үстінде ілулі тұрады. Кейде тіпті қарбалас сәтте ауызға да көлденең тістейді.


Ал үйде отырған кезде қамшы керегенің басында, көгінде, уық қарында, сыртқы дөдеге мен белдеуде немесе ашада қыстырулы тұрады. Қарбалас кездері киіз-сырмақ астында, тіпті тізенің астында жатады. Әркімнің қамшысы өзі қойған жерінде тұруға тиісті. Қамшының да бірнеше түрі бар. Сүндет қамшы, бәйге қамшы, көкпар қамшы, дойыр қамшы, неке қамшысы, соп қамшы, үйір қамшы, ноғай қамшы, баптау қамшы, аңшы қамшы, барымта қамшы, бәсіре қамшы. Қамшының атқаратын қызметі де көп болған шаруашылықта да, билік айтар кезең келгенде де, көкпар мен жауға шапқанда да қамшы ер жігіттің айнымас серігі атанған.

фото: poy.org


Ал қазіргі кезеңде қамшыны тек мұражайларда кездестіреміз деп айтпасақ да, екінің бірінде бар, әр үйдің төрінде ілулі тұрады деп айта алмаспыз. Мүмкін, заман ағымының жаңарғандығына, аса көп қажеттіліктің туындамауына байланысты болар. Дегенмен, ата-бабамыздың салтын құрметтесек, қанымызбен келген қастерлі затқа құрметпен қарауды одан әрі дамыта түссек ешқашан ұтылмайтынымыз анық.


Қамшы - биліктің символы. Сондықтан, төрде ілулі тұрған қамшыны көрген әйел өз үйінде билікті ұстайтын адамның бар екенін біліп өзін шектен шықпауға тәрбиелейді. Ер-азаматын пір тұтады. Ол қамшының қай кезде өзіне жұмсалатынын да әрбір әйел жақсы түсінген. Сондықтан шектен аспайды, ал бұл ең керемет тәрбие құралы емес пе?!


Қазақ «қанша балаң бар?» деп сұрамаған. Наным-сенімге байланысты баланың санын айтпайды, тіл-көз бар, сұқ бар деп сыртқы күштердің жамандығынан мейлінше қорғануға тырысқан. Сондықтан баланың санын білу үшін сол үйдегі кереге басында ілулі тұрған қамшының санына қарай бала санын анықтаған. Сонымен қатар, ол балалардың ұлы мен қызының да қамшының жасалу жолына қарай біліп отырған.


Көненің көзін көрген қарияларымыздың баланың нақты санын сұрамайтындығы, нәрестеге көз тігіп, сүйсініп қарамайтыны, «тіфәй, қап-қара, жаман бала» деп жататыны да қазақтың болашақты ойлайтыны, өзгеге зиян тигізбеу, жақсылық ойлау ниетінен туғандығын да сараптау қиын емес.

Гүлвира Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


«ҚАЛАУ АЙТУ» дәстүрін ДҰРЫС түсінбейтіндер бар


Күйеуге «ҚАПҚА САЛАР» бердіңіз бе?