ШЫМКЕНТТЕ РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ МЕМЛЕКЕТТІК ТУ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ КӨТЕРІЛДІ

0
158

Салтанатты рәсім Қазақстан Республикасының Әнұранын орындаумен басталып, көк байрақ қырандай қалықтап, биік тұғырда желбіреді.


ШЫМКЕНТТЕ РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ МЕМЛЕКЕТТІК ТУ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ КӨТЕРІЛДІ

ERNUR.KZ. Шымкент қаласында 25 қазан – Республика күні мен Егемендік туралы Декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара жоғары деңгейде өтті. Қаладағы Шымкент сити шағын ауданында орналасқан Ту тұғыры алаңында Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі ұйымдастырылып, мерекелік рух пен елдік еңсені айшықтаған ерекше жиын болды.

Салтанатты рәсім Қазақстан Республикасының Әнұранын орындаумен басталып, көк байрақ қырандай қалықтап, биік тұғырда желбіреді. Бұл сәт — ел тәуелсіздігі мен бірлігінің, мемлекет мәртебесінің символына айналды.
Іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері, депутаттар, мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының өкілдері мен әскерилер, жастар мен еріктілер, сондай-ақ қала тұрғындары қатысты.
Жиында шымкенттік өнерпаздар патриоттық әндер шырқап, мемлекеттік рәміздердің мәртебесін асқақтатты. Қатысушылардың жүзінен мақтаныш пен қуаныш сезімі байқалып, ұлттық рух ерекше көтерілді.
Республика күні – халқымыздың азаттық пен тәуелсіздікке деген мәңгі ұмтылысының нышаны. 1990 жылы қабылданған Егемендік туралы Декларация — егемен ел болудың алғашқы қадамы, ұлттық мемлекеттіліктің бастауы еді. Бүгінгі ұрпақ сол тарихи шешімнің мәнін сезініп, ел еркіндігін қастерлеуді басты парыз санайды.
Мерекелік шара Тудың биікке көтерілуімен елдік рухтың жаңғырып, ұлт бірлігінің бекемдігін айқын көрсетті. Көк байрақ астында бірігіп, азаттықты дәріптеген шымкенттіктердің көңіл-күйі көтеріңкі болды.