КЕЛЕШЕК МЕКТЕПТЕРІ: БІЛІМ МЕН ИННОВАЦИЯ ТОҒЫСҚАН №141 МЕКТЕП

0
329

Мектептің басты ерекшелігі – «STEAM TEACH» инновациялық жобасы. Жоба аясында әр оқушы ғылым мен технология әлемін тәжірибе арқылы танып, зерттеу дағдыларын дамытады.


КЕЛЕШЕК МЕКТЕПТЕРІ: БІЛІМ МЕН ИННОВАЦИЯ ТОҒЫСҚАН №141 МЕКТЕП

Шымкент қаласының білім кеңістігіне жаңа серпін берген оқу орны деп бүгінде №141 жалпы орта мектептң айтуға болады. Абай ауданының Ынтымақ-2 шағын ауданында орналасқан, 2025 жылы есігін айқара ашқан бұл заманауи мектеппен бүгін тілшіміз барып тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан болатын.

Мектеп – жаңа дәуір талабына сай, ақпараттық технологиялармен және инновациялық құралдармен толық жабдықталған, болашақ ұрпаққа арналған білім ордасы.


Үш қабатты типтік ғимарат 1200 оқушыға арналған, жалпы ауданы – 13 мың шаршы метрден асады. Заманауи білім ошағының тынысымен таныстырған мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сұлтанова Роза Оралқызының айтуынша, қазіргі таңда 575 бала білім алуда. 27 сынып-комплектісінің ішінде 11 бастауыш және 16 жоғары сынып бар екен.
Көріп танысқанымыздай, мектептің кең спорт және ойын алаңдары, 263 орындық акт залы, 344 орындық асханасы, екі спорт залы, заманауи медициналық пункті бар. Барлық инженерлік жүйелер – орталықтандырылған.
Мұның бәрі – оқушылардың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуына арналған.


№141 мектеп — “цифрлы білім беру ортасы” қағидатын ұстанған жаңа форматтағы білім ұясы.
Мұнда 51 интерактивті тақта, 122 компьютер, 104 ноутбук орнатылып, арнайы жабдықталыпты.

Интернет жүйесі толық қамтылған мектептегі инфрақұрылым сапасы оқушылардың ақпараттық сауаттылығын арттырып, мұғалімдерге заманауи әдістемелерді қолдануға мүмкіндік беріп отыр.


68 оқу кабинеті бар мектепте физика, химия, биология пәндеріне арналған зертханалар мен STEM кабинеті жұмыс істейді. Әр кабинет – тәжірибе мен шығармашылыққа бағытталған оқу ортасына лайықты жабдықталыпты.


Роза Сұлтанқызы №141 мектеп ұжымы – білім саласындағы жаңа буын ұстаздардың шоғыры жинақталғанын да атап өтті.
Айтуынша, мектепте 50 педагог қызмет атқарады, олардың ішінде 9 – педагог-зерттеуші, 14 – педагог-сарапшы, 11 – педагог-модератор, 7 – магистр бар.

Бұл көрсеткіш – мектептің негізгі құндылығының бірі: білімнің сапасы мен нәтижесін ұстаз тұлғасын анықтайтынын айтады мектеп директорының орынбасары.



«STEAM TEACH» – болашаққа жол ашқан жоба

Мектептің басты ерекшелігі – «STEAM TEACH» инновациялық жобасы.
Жоба аясында әр оқушы ғылым мен технология әлемін тәжірибе арқылы танып, зерттеу дағдыларын дамытады.


Мектепте келесі зертханалар мен бағыттар жұмыс істейді:

  • Zertteu zone – ғылымға алғаш қадам басқан оқушыларға арналған зерттеу алаңы;
  • BioQuest – биология мен экология саласындағы тәжірибелік зертхана;
  • CraftLab – қолөнер мен тұрмыстық бұйымдар шеберханасы;
  • TerraLab – география және геология бағытындағы зерттеу орталығы;
  • DigitalMinds – IT және цифрлы болашаққа арналған студия;
  • ChemistryLab және PhysicsLab – тәжірибе арқылы оқыту зертханалары;
  • FutureMinds – болашақ мамандықтар мен креативті ойлау дағдыларын дамыту аймағы.

Бұл бағыттар оқушылардың функционалдық сауаттылығын, сыни ойлау қабілетін және инновациялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Мектепте оқушылардың қызығушылығы мен қабілетін дамытуға арналған түрлі үйірмелер бар:
Волейбол, футбол, шахмат, робототехника, домбыра, қолөнер, мәнерлеп оқу, Speaking Club.

Әр үйірме – баланың өз дарынын ашуға, сенімділік пен көшбасшылық қабілетін қалыптастыруға бағытталған.


№141 мектеп – «Келешек мектептері» бағытының нақты үлгісі. Мұнда білім беру тек пән меңгерумен шектелмейді, оқушының зерттеушілік қабілеті, шығармашылық ойлауы және өмірлік дағдылары қалыптасады. Инновациялық әдістер мен заманауи инфрақұрылым үйлесім тапқан бұл мектеп –
Шымкент қаласының жаңа буын білім орталығы деуге тұрарлық.

Білім мен инновацияны тоғыстырған №141 мектеп – ертеңгі елдің интеллектуалды капиталының бастауы.

Мұнда әр бала – зерттеуші, әр ұстаз – бағыттаушы, ал мектеп – келешекке жол ашатын кеңістік болып отыр.

Бөлісу