Қазанас – қара күзде, қар түспей тұрып, қысқы соғымның алдында сойылатын мал.
фото: mk-kz.kz
Әуелі малшы қара күзге қарай қазанасқа сойылатын малды анықтайды. Күз уақытынан бастап-ақ, күйі төмен, қыстан шығуы екі талай малды қазанасқа союға дайындайды. Атырау өлкесінде күзгі сойылатын мұндай малды Батыс Қазақстанның кейбір өңірлерінде кіші соғым немесе күздік соғым дейді. Қазанас қазанның қара суығы, қазанның қара дауылы деп аталатын үлкен және кіші қазан амалдары кірісімен-ақ сойыла бастайды. Бұл амалдан соң күн райы бұзылып, қоңы төмен малдарға қыс болмай-ақ жайсыз тиеді. Қазанас сөзі «қазандағы ас» емес, қазан амалының (күз айының) кезінде арық-тұрақ, қәрі-құртаңды азық қылатындықтан «қазанас» деп аталып кеткен. Қазанасқа байланысты ел ішінде айтылатын «қараша қауыс, кәрі-құртаңды тауыс» деген мақал осы жайтты меңзейді.
Ал қалың қар түсіп, күн суытқанда қоңды, арнайы жемге байланып, бағып-қағып, семіртілген малды соғымға сояды. Ә дегеннен қыстың алғашқы айы соғым союмен басталатыны белгілі. Соғым сою – қазақтың ертеден келе жатқан дәстүрінің бірі. Бұл дәстүр «тоқсан» түскенде, яғни 90 күнге созылатын нағыз қыс күндерінде (ескіше есептегенде «тоқсан» 13-желтоқсаннан басталады) басталады. Дана халқымыз соғымға ертеден берекенің асы, бірліктің асы, жақсылықтың асы деп қарайды. Соғымның төрт маусымы болады – қыстық, көктемдік, жаздық және күздік. Соғымға көбіне түйе, жылқы, қой, сиыр, өгіз сияқты малдарды сояды.
фото: YouTubeСоғым күні белгіленгенде ағайын-туыс, көрші-қолаң, дос-жаран және малды соятын қасапшы жігіттер арнайы шақырылады. Соғымға арналған малға пышақ тигізбей тұрып, ауыл ақсақалы құран оқып, бата береді. Мал сойылған соң, жас келіндер ішек-қарнын тазалауға кіріссе, үлкен абысындар соғымның өкпе, бауыр, жүрек, етінің бір кесегін алып, қуырдақ жасайды. Міне бұл қуырдақ «Соғым басы» деп аталады. Бұл тағамнан соғымға жиналған қауым ауыз тиіп, өздерінің ақ тілектерін айтады.
Соғым шүйгін болсын!
Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,
Оқи отырыңыз: