Ауырған адамның көңілін сұрау – жақсы дәстүр.
фото: shoes-web.ru
Қазақтың игі дәстүрлері көп-ақ, адамның жанына жылу ұялататын, көңілін көкке көтеретін, езуіне күлкі ұялататын көптеген бастамалар бар. Солардың бірі, ауырып қалған адамның көңілін сұрай баратын керемет дәстүр. Ауырған адамның көңілін сұрау – жақсы дәстүр. Қолынан келсе көмектесу – бұл адамгершілікті көрсетеді. Көңіл сұрай келген адам, аурудың көңілін көтеріп, жазылуға септігін тигізеді, өзінің тәжірибесі болса, ақыл-кеңес береді. Көңіл-денсаулығын сұрау адамгершілікті, құрметті көрсетеді.
Ауырған адамның халін білуге түс ауа, кешке, түнде көңіл сұрауға болмайды. Ауыр жатқан адамға болып жатқан жағымсыз істерді, жақын адамдардың қиын жағдайда екенін, өмірден өткенін айтпау керек. «Көңіл сұраған – көңілге жақсы» деген Мұхамбет Пайғамбардың хадистерінде айтылған. Сонымен қатар, қазір күіп қалған адамның көңілін сұрай бармайды» деген ырымды да естіп жүрміз. Бұл қаншалықты рас және ақылға қонымды ол жағы беймәлім.
Сонда да бұның яғни, көңіл сұраудың бір жанға демеу, жақсы іс екенін ауырған адам ғана біледі.
Бәлкім, басына түспей түсінбейтін адамдар бар шығар, алайда, осы бір бұлжымас заңға айналып кеткен қазақтың осы керемет дәстүрінің барына өз басым риза боламын. Себебі, «көңіл көңілден су ішеді» деген сөздің дәлелі бұл.
Дені сау, шапқылап жүрген адам денсаулықтың қадірін дер кезінде түсіне алмауы мүмкін, дегенмен, егер ауырған адам жақының болса, жаныңа бататыны рас.
«Аурудың емі – саудың сәлемі» дегенді атам қазақ қалай тауып айтқан деп таң қаламын. Себебі, ауруыңды ұмыттырып, көңіліңді бұрып, бір сәтке болса да жадыратып, ауруыңнан айығып кеткендей күй кешетінің рас қой.
фото: almamed.su
«Бірінші байлық – денсаулық» деген сөздің мәнін ауырғанда біледі екенсің. Осылай деген атам көңіл сұрай келген адамның ауырып жатқан адамға қаншалықты пайдалы, тіпті ем-шипадан да зәру екенін түсінгенін айтты. Жақында қан қысымы қатты көтеріліп, бүкіл денесінің сол жақ бөлігі жансызданып жатқан секілді сезімде екенін айтқан атамды дереу жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізген болатынбыз. Дер кезінде үлгерген екенбіз, абырой болғанда жедел ем-дом шаралары жасалынып, дәрігерлердің біліктілігі мен шапшаңдығының арқасында ем қонымды болды. Он күндей ауруханада жатып, тиісті ем-домын алған соң, ары қарай үй жағдайында да біраз күтінуді тапсырған болатын.
Сол кезде ауруханада жатқанында бара алмаған жақын-жуық, құда-жегжат, ағайын-туыстың қарасы көбейіп, үйге келіп, атамыздың көңілін сұрап келіп жатты.
Байқаймын, атам үйге көңілін сұрай келген адамдарды жадырай қарсы алып, балаша қуанады. Тіпті, өзінің ауырғанын да ұмытып кеткендей.
Сондағы ұққаным, адам дені сау болса да, сырқаттанып қалса да, яғни, қандай кезде де өзінің керек адам екенін сезінсе, ауруынан тезірек айығатын секілді.
Іштегі бір күштің немесе мидағы сенімнің арқасында болар, әйтеуір әңгіме-дүкен құрып, арқа-жарқа отырып бір дастарханнан шәй ішіп, өмірінің жарқын да бақытты сәттерін еске алып, көңілденсе жазылмайтын ауру да жоқ секілді.
Сондықтан, ауырған жақыныңыз болса, күйбең тіршілігіңізден бір орайын тауып, уақыт табыңыз да көңілін сұрай барыңыз. Бұл әдемі дәстүріміздің бауырмалдылық пен айналаңыздағы жанашыр жандардың қадірін түсінуіңізге мүмкіндік береді.
Дендеріңіз сау болсын, ағайын!
Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз: