"Жат жұртқа кетіп бара жатқан қызға өз босағасы қымбат па, тойхананың босағасы қымбат па?"
«Қыз ұзатуды да даңғаза етіп жібергенбіз ғой» дейді бейтаныс әйел...
Індет басталғалы халықтың тойдан қол үзгелі біраз болды. Тойға шектеу қойғаны біреуге дұрыс болса, енді бір жоспарлап қойғандарға бүйірден кеп жатқандай. Десек те, елдің амандығы үшін тәртіпке бас имесек те болмас.
Әлбетте, тығылып той жасап айыппұл арқалап жатқандар да жоқ емес. Кетер қызды, үйленер ұлды ұстап тұруға ата-ананың да дәті жетпей, амалсыз әрекет етіп жатқаны шындық.
Той. Қазақтың тойы...
Далаға шықсақ та арамызды алшақ ұстап, біреу жөткірінсе күдікпен қарайтын жағдайға жеттік. Бірақ балалар қоя ма? Сол бір кішкентай ештеңеге ұрынбай, ешкіммен байланыспай таза ауа жұтсыншы деп кешегі демалыста аулаға шықтым. Есік алдындағы отырғышта екі апа отыр екен. Қарсы беттегісіне жайғастым. Бетімдегі маскаға назар аударған екеуі сәлемімді алған соң әңгімесі соған қарай ойысты.
«Пейілімізден таптық па, осы бір бір шүберекке таңып қойды-ау бәрімізді» деген бірін екіншісі қоштады. «Қайтеміз, сақтық шарасы өзіміз үшін ғой... Еш жерге де бармайтын болдық. Бұл да бітер, кетер індет. Әлі-ақ тойлатып жүретін қалпымызға келерміз», - деп жұбату айтқандай болдым.
«Той дейсің бе... Е, тойдағы даңғазалығымыз үшін да Жаратушы жазалап жатыр ма екен?!» деген бірі жеңіл күрсінді. Сөйтіп әңгімесін жалғады...
«Інім қызын ұзатты. Тек жақындары ғана 20 шақты адам жиналып, күйеу бала жағына қолдан ұзатып бердік. Құдалармен былтыр сөз байласып, бата жасасып қойып едік. Мұнан әрі соза алмадық. Оларға да той жасамаса өкпелемейтінімізді айтып, тек жастар бақытты ғұмыр кешсін деп тіледік.
Әй, аз адаммен өткізген тойдың қызығы басқа болады екен. Улап-шулаған ешкім жоқ, айтқан әңгіме, бата-тілекті де байыппен тыңдайсың. Адам көп болса, кімнің не дегенін де есте сақтамайсың ғой. Байсалды, тәп-тәуір жиын болды. Шығын да жоқ, ас та төк ысырап та жоқ. Жақсы өтті», - деген оны екінші апам да қоштай түсті.
«Баяғыда қызды үйден ұзатқан ғой... Қайдағы бір тойханадан емес, үйден ұзатылған қыздың есінде туған үйі қалады. Соған көзімізді мына тарап кеткен індет жеткізді ғой. Негізі, құдай қаласа, мына ел басындағы нәубет басылған соң да қыз ұзатуды үйде жасаған дұрыс», - деп көрші әдемі бір естелігімді есіме түсірді.
Мені алтын босағама ұзатарда әкем де салтанат сарайында той жасауға қарсы болып еді. «Қыз туған үйінен ұзатылуы керек, миымды ашытпаңдар» деп бір-ақ қайырған. Ол кісі айтты, бітті, орындалуы керек. «Елдің бәрі қызын сонаумен сонау той жасап дүрілдетіп ұзатып жатыр, сенің қызың кем бе еді?!» деп анам әйелдігіне салып бұрқылдап барып басылған. Бүкіл ағайын-туыс жиылып, бөлме мен далаға дастархан жайылып, үйден аттанып едім ақ босағама.
Расында неге қызды қайдағы бір тойхананың босағасынан ұзатып кеттік? Оң жақта сақтаған қызын қазақ қашан сырттан, ауырлау айтқанда «көшеден» ұзатып еді?
Осы турасында жақында әлеуметтік желілердің бірінен белгілі журналист, ғалым әрі композитор Бекжігіт Сердәлі ағамыздың ой саларлық жазбасын оқып едім.
БОЙЖЕТКЕНДІ ӨЗ БОСАҒАСЫНАН ҰЗАТЫП САЛМАЙТЫНЫМЫЗ ҚАЛАЙ?
Жаһанданамыз деп, бойжеткен қыздың алтын ұя – өз жұртымен қимай қош айтысар ұзату тойын у-шумен, ойын-сауығымен, арақ-шарабымен тойханада өткізетін болып жүрміз. Яғни, жаңа өмірге қадам басқан қыз балалық балғын шақтары, тәтті сәттері өткен өз жұртынан емес, әлдебір кәсіпкердің «босағасынан», яғни тойханадан ұзатылып кете барады. Қызды алып кетуге келген құдалар жағы болашақ келіндерінің туып-өскен алтын босағасын көрмейді. Ішкені ірің, жегені желім боп, той бойы тағатсыздана сағат тіліне қарағыштаумен болады. Себебі түнгі 12-ден қалдырмай қызды алып кету дейтін еш жерде жазылмаған бір «заң» бар.
Сағат 12-ге тақаған шақта күйеу бала тойхананың кіре берісіне жалға алған қымбат көлігін тақап қойып (кейбір «наглеть» еткендері той ортасына алып кіреді де), қаралы жиындағыдай елді зар илете күңіренткен асабаның соңғы сөзін күтер-күтпес, көз жасын тыя алмай тұрған болашақ жарын ата-анасының, ағайын-туыстарының қарсы алдында, көздерін бақырайтып қойып, ұяты мен ары боп саналатын аяғынан қармап көтеріп алып, мәшинеге атып ұрады да, болашақ жарын бағып-қағып өсірген қайын жұртына қош деуге де жарамай, тура жын қаққандай бар жылдамдығымен еліне қарай жүйтки жөнеледі. Алтын босаға қайда, ел қайда? Оған бәрібір.
Аңтарылған жұрт асабаның «Арттарыңа қарайламаңдар, тойханаға қайта кіруге болмайды» деген желеу сөзіне сеніп, бастары салбырап, жынынан айырылған бақсыдай әрі-сәрі күй кешіп, егіліп тұрған қыз ата-анасына басу айтқансып, алаң көңілмен үйлеріне қайтады...
Ілгеріде қыз өзінің ақ босағасынан ұзайтын. Өз үйінен күйеу еліне аттанарда ауылын аралай жүріп, жақын туыстарымен қоштасатын. Ондағы мақсат – ағайындарымен жүздесіп шығу ғана емес, әр туыстың от орнымен, шаңырағымен қоштасып, сол шаңырақ иелерінен, дәстүр бойынша ескерткіш есебінде ұсынған сыйлықтарын қабылдап, ықыластарына ризашылық білдіріп, олардың сый-сыяпаттарын көзіндей көріп, құшағына басып аттанатын. Соңынан ақ босағасына келіп, ата-анасымен, жұртымен, құрбы-құрдастарымен қоштасып, «сыңсу» айтып, өзінің жаңа үйіне жеңге-қайынсіңлілерімен бірге кете баратын. Күйеу тек алыстай еріп жүретін, аяғына жармасып, көтеріп әкетпейтін.
Сіз қалай ойлайсыз, жат жұртқа жарым көңілмен кетіп бара жатқан қызға ұзатылар кезде өз босағасы қымбат па, әлде тойхана босағасы қымбат па?
Расында неге мәпелеп өсірген қызымыз әлдебір кәсіпкердің есігінен ұзатылуы керек? Неге тойхананың босағасымен қоштасуы керек? Салт-дәстүрімізді оздырмау да, тоздырмау да өз қолымызда, ойланатын-ақ жағдай...
иллюстрациялық суреттер: ашық дереккөзден
Қырмызы САУРАН,
Тағы оқыңыз:
«Бесік тойға барған ЕРКЕКТІ ешкім СЫЙЛАМАЙДЫ»