Күдікті ұсталды.
Фото: freepik.com
ERNUR.KZ. Макинск қаласында 18 жастағы жігітке шабуыл жасалды – оқиға 24 сәуір күні кешкісін қалалық стадионда болған, деп жазады BAQ.KZ.
Алдын ала мәлімет бойынша, бір топ жасөспірім мұғалімдерімен бірге волейбол ойнап жүрген. Сол сәтте бетіне маска, басына капюшон киген белгісіз адам келіп, алдымен бұрыш газын қолданған, кейін күтпеген жерден жігіттердің біріне пышақпен шабуыл жасаған.
Зардап шеккен жігіт мойын және іш тұсынан жарақат алған. Ол шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, кейін облыстық ауруханаға ауыстырылған. Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі уақытта өміріне қауіп жоқ.
Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған. Күдікті жедел түрде ұсталды – ол зардап шеккен жігіттің бұрынғы сыныптасы болып шыққан, бұған дейін оқуға байланысты Астанаға кеткен.
Қазір тергеу амалдары жүргізіліп, куәгерлерден жауап алынуда. Іс полиция басшылығының бақылауында.


