​Келіннің сәлем салуы - ізеттіліктің белгісі

0
233

Бұл дәстүрдің түпкі мәні тереңде жатыр.


​Келіннің сәлем салуы - ізеттіліктің белгісі

фото: massaget.kz

Сәлем салудың шығу тарихы түркі дәуіріне дейінгі кезеңдермен сабақтас. Десе де, қазіргі кезде оңтүстік өңірлерде болмаса, солтүстік, орталық Қазақстанда бұл дәстүр қолданылмайды.

Бірақ, қазақ халқының мәдениеті мен рухани өмірі ғасырлар бойы қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа ауызша және тұрмыстық дәстүр арқылы жетіп отырғандықтан, салт-дәстүрлерімізге құрметпен қарап, оны дәріптеу біздің ұлттық борышымыз деп білемін. Сол мәдениеттің алтын діңгектерінің бірі - сәлем салу дәстүрі.

Бұл дәстүрдің түпкі мәні тереңде жатыр. Бұл қарапайым амандасудан әлдеқайда мазмұнды. Ол құрметтің, ибалылықтың және ұлт мәдениетіне деген адалдықтың көрінісі.

Қазақта келіннің иіліп сәлем салуы - тек отбасылық дәстүр немесе әулеттің ішіндегі рәсім емес, бүкіл қоғамдағы әдеп жүйесінің басты қағидаларының бірі. Бұл әрекет арқылы келін өзіне жаңа отбасының мүшесі ретінде қабылданғанын, сол әулетке құрметпен қарайтынын білдіреді. Халқымыздағы «келін енесінің топырағынан» немесе «Сәлем салған келіннен ел іргесі сөгілмейді» деген сөздердің айтылуы бекер емес. Яғни, ененің үлгі-өнегесін кейінгі келіндері жалғастырып, салт-дәстүріміздің жаңғыруына үлес қоса алады. Тарихшы ғалым Әлкей Марғұлан өзінің «Эпос және этнография» атты еңбегінде: «Түркі тайпаларында әйелдің иілуі мен ерге тағзым етуі - оның бағыныштылығы емес, әулет рухына құрмет көрсету нышаны. Бұл - адамның өз орнын сезіну мәдениеті», – деп атап өтеді.

Қазақ дәстүріндегі келіннің иілуі, үлкендерге сәлем етуі - Алланың берген отбасылық бірлікті құрметтеу, үлкеннің батасын алу, береке тілеу ниетінен туған әрекетке айналды.

Этнографтар сәлем салуды қазақ қоғамындағы әлеуметтік байланыстарды бекітетін, иерархиялық жүйені реттейтін құрал ретінде қарастырады. Келіннің әрбір сәлемі - үлкенге құрмет, кішілерге үлгі, отбасылық татулықтың көрінісі. Сәлем салу дәстүрі отбасы мен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, әйелдің инабаттылығын көрсетеді. Келіннің бұл әрекеті арқылы отбасында сыйластық орнап, ері мен енесінің, ағайын мен абысынның арасындағы қарым-қатынас мәдени арнада дамиды.

фото: caravan.kz

Сәлем салу – қазақ әйелінің инабатты, сабырлы, ақылды, тәрбиелі болмысын сипаттайтын мәдени код. Келіннің иілуі – оның әлсіздігін емес, рухани күшін көрсетеді. Әйел – отбасының ұйытқысы, елдің берекесі. Сол себепті келіннің сәлем салуы арқылы бүкіл әулеттің рухани тепе-теңдігі сақталады.

Сәлем салу - әйелдің күйеуінің туыстарына бас июі емес, адамның адамға құрмет көрсету мәдениеті. Бұл – өркениетті қоғамның белгісі. Сәлем салу - әйел затының бойындағы кішіпейілдікті, сабырлылықты, әдеп пен парасатты ұрпақ бойына сіңірудің тамаша үлгісі. Сәлем салған келін - инабат пен ұяттың иесі, ұлт мәдениетінің сақтаушысы. Осы дәстүр арқылы қазақ халқы үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, отбасы берекесін сақтау қағидаларын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыр.

Сәлем салу - өткеннің қалдығы емес, мәңгілік ұлттық рухтың белгісі. Ол - ұлттың мәдени жадында сақталып, жаңа ғасырда да өз мәнін жоғалтпайтын өміршең құндылық.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

СЫБАҒАны кімге және қалай тартуды білесіз бе?

Күйеу балаға «төс», қызға «құйымшақ» тартудың мәнін білесіз бе?