Қорықтық құюды қай кезде қолданады?

0
26 235

«Бала қатты шошынған. Денсаулығында дәнеме де жоқ. Осы сендерге қашанғы айтамын, бала емізетін кезде дәрет ал, басыңа орамал ора, үнемі көкіректерің мен қолдарыңды таза ұста, емізетін кезде елдің назарын өзіңе аударма, оңаша бөлмеге бар деп әрдайым айтып отырамын. Жүрдім-бардым тыңдайсыңдар. Сендердің салғырттықтарыңнан кішкентай ғана сәби зардап шегеді. Бұл балада ешқандай су да, давление де жоқ. Тек қана шошынып қалған. Оның емін ертең таңертең күн шықпай тұрып жасаймын», - деді.


Қорықтық құюды қай кезде қолданады?

фото: weproject.kz

Әжем ылғи «басыңа нан қойып жат, бір жаққа жиналып жолға шықсаң, жаныңа нан алып жүр, емтихан тапсыруға дайындалып жүрсең, жаныңнан нанды тамтама» деуден жалыққан емес. Осы сөзді неге қайталай береді деп жақтырмаушы ем. Үйге әпкелерім қыдырып келсе де, балаларын бесікке бөлейтін кезде бесікті адыраспанмен аластап, жастығының астына бір үзім нан қоятын. Біздің бесігімізде де ес білгелі тесік күлше ілулі тұрады. Ол қай заманнан бергі келе жатқан нан екенін білмеймін де. Ол кезде жастығым шығар, нанда қандай құдірет бар деп таңданатын едім. Сөйтсем, нан бесіктегі бөбекті бәле-жаладан, жолшыбайды кенеттен келген қасіреттен сақтайды екен. Өздеріңіз де байқайтын боларсыздар, баланы бөлейтін әрбір бесіктің басында бір үзім нан болады. Үлкендер нан қорғаушы, жебеуші деп сендіреді. Бірақ мен бұл ырымға нана қоймаушы ем. Мынадай жағдай басымнан өткен кезде бір-ақ көзім жетті.

Бесіктегі 4 айлық ұлым жоғарыға қарап алып шыр-шыр етіп жылайды. Бесіктен шешіп бауырыма бассам да өксігін басар емес. Дереу емізе қояйын деп омырауыма тартсам, басын шалқайтып болмайды. Содан абдырап дәрігерге тексерттім. Бет алдына жылай беретін балама не деген сұмдық диагнозды қойып шықты. Басын УДЗ-ға түсіріңіз, невропатолог дәрігерге қаралыңыз, дені сау бала бұлай жылай бермейді. Шалқақтап жылаған баланың басында суы көп, «черепной давление» болуы да мүмкін деп менің аузымды аңқитты. Осыған дейінгі 5 баламда да мұндай дертті естіген емеспін. Амал жоқ, маған да дені сау бала керек. Отағасы екеуміз көлікке мініп алып, дәрігердің нұсқаған тексерулерінің бәрінен де өттік. Аллаға шүкір, балапанымның денсаулығында ешқандай да кінәрат жоқ болып шықты. Содан бір құрбым «мешітке апарып дем салдырып көрші, баланың мазасыздануы содан болар» деді. Оны да байқап көрдік. Бірақ тынышталған бала жоқ. Күндіз де, түнде де тынымсыз жылайтын балама жаным ашып кетті.

Дауасы жоқ дертке шалдықтық па деген қорқыныш бойымды билей бастады. Ал күйеуім бұл дәрігерден қайыр болмады, Алматыға ма, Ташкентке ме апарып тексертейік. Баланың бір жері ауырмаса, қарны тоқ болса, бекерден-бекерге жыламайды ғой деген сөздері мені тағы да ойландырып қойды. Содан ауылдағы әжеме хабарласып, Ташкенттегі туыстардан тәжірибелі әрі өз ісін жақсы меңгерген балалар дәрігерін сұрастырып беруін өтіндім. Мұны естіген әжем енді ғана туылған балаға қандай дәрігер керек деп айқайдың астына алды. Өзім барып ем-домын жасаймын. Құйтақандай балапанды қинатып қоймаймын деп бұлданған әжем таң атысымен-ақ үйге жетті. Балапанымды қолына ұстап, ары-бері байқап көрді де: «Бала қатты шошынған. Денсаулығында дәнеме де жоқ. Осы сендерге қашанғы айтамын, бала емізетін кезде дәрет ал, басыңа орамал ора, үнемі көкіректерің мен қолдарыңды таза ұста, емізетін кезде елдің назарын өзіңе аударма, оңаша бөлмеге бар деп әрдайым айтып отырамын. Жүрдім-бардым тыңдайсыңдар. Сендердің салғырттықтарыңнан кішкентай ғана сәби зардап шегеді. Бұл балада ешқандай су да, давление де жоқ. Тек қана шошынып қалған. Оның емін ертең таңертең күн шықпай тұрып жасаймын», - деді. Сөйтті де күні бойы балапанымды алына алып, арқа-басын сипап, денесін уқалады.

Ал ертеңіне таңертең баламды қолыма ұстатып, өзімді жерге отырғызды. Сөйтіп қатты қызған табаны әкеп басымның жоғары жағына ұстап тұрды да, енемнің қолындағы майды қасықпен құйды. Быж еткен майдың даусынан өзім де, балам да селк ете қалдық. Ол жан-жағына қарап, жылап жіберді. Сонан соң әжем балапанымды бесікке бөледі. Сізге өтірік, маған шын сол ұйықтағаннан түс ауа бір-ақ оянды. Қайта-қайта тыңдаймын. Қолым іске бармай алаңдаумен болдым. Оның қарны да ашқан жоқ, су да сұраған жоқ. Міз бақпай пысылдап 6-7 сағат тырп етпей ұйықтады. Ұйқыдан күліп оянған сәбиімді көріп, қуанып кеттім. Содан кейін емуі де, көңіл-күйі де жақсарды.

Әжемнің емдеу тәсілінің құпиясын сұрағанымда мұның ата-бабаларымыздан келе жатқан «Қорықтық құю» емі екенін айтты. Ол кезде қызған табаға май құймайтын. Керісінше май құйылған табаға басқа ыдыста қорытылған ыстық қорғасынды салатын. Соның даусынан қорыққан адам селк етіп, бойындағы қорқыныштан құтылатын. Кей әжелеріміз қатқан қорғасынға түрлі бейне түседі. Мысалы иттің, адамның, жыланның... Егер бейне түссе, онда науқас ауруынан жазылады деп айтып отырады екен. Мұны естігенде бәріміз де таң қалдық.

Көпшілігіміз мән беріп, елей бермейміз. Негізінде жас нәрестеге, жаңадан түскен келінге, емізулі анаға тіл тиеді, көз түседі. Одан сақтану үшін жиі-жиі дем салдырып тұру керек.

Өткенде ғана бір дәрігер ұшынған науқасты бетіне мұздай су бүркіп емдеген екен. Мұндай тәсіл суықтағандарға да, ұшынғандарға да, тіпті қорыққандарға да жақсы ем болады.

Иә, қорықтық құю емін бүгінде адыраспанмен аластау басқан секілді. Мұның да пайдасы жоқ емес. Десек те, беймезгіл мазасызданған баланы дәрігерге апарудан алдын, осындай жолдармен емдеп көрген дұрыс шығар. Сіз қалай ойлайсыз?

Жазып алған –Ләззат Ахметова,

ERNUR. KZ