"​Қызойнақ" қандай дәстүр?

0
7 722

Бүгінгі жастарымыз бұл дәстүрді дұрыс түсінбей шатасып жүрген жоқ па?


фото: aigak.kz

Қоғамдық көлік сізді межелі жеріңізге жеткізу қызметін ғана атқармайды. Оған қоса, неше түрлі әңгімелерді естуге, ойлануға, өмірден сабақ алуға мүмкіндік береді. Өзім жеке көлікке қарағанда қоғамдық көлікпен жүргенді жөн көремін. Орайы келсе, жанымдағылармен әңгіме айтып, жолымды қысқартамын. Сондай сәттің бүгін туа қалғанын қараңызшы! Қарсы алдымдағы орындыққа 60-тан асып қалған апай жайғасты. Өзі бір кеңпейілді, ақжарқын кісі екен. Қолындағы сөмкесінің ауырлығына қарамастан жанындағы қыздардың сөмкесін "ұстап отырайын" деп қосып алды. Оларға бір қарап, маған бір қарап алып әңгімесін бастады...


"Бүгінгі балаларды қоғам тәрбиелейді, қала берсе теледидардан көргенін жасайды. Экранда жастарға берері жоқ бағдарлама көбейді. Бірін ашсаң келін іздеген ана мен баланы көресің, екінші арнадан өмірлік серігін іздеген қыз бен жігітті кездестіресің. Енді күйеу бала іздеген енелер де шықты. Мұндай сұмдыққа қашан тоқтау болатынын кім білсін?! Бас көтеріп тоқтау салар еркек қалмағаны ма, сонда?! Осыны жүргізіп жүрген журналист қыздарымызға басшысы тыйым сала алмаса, үйдегі еркектерінің тоқтататын шамасы бар болар. Мұны көрген бүгінгі менің немерем айтуға ұят «қылық» шығарып отыр.


Жақында алыс туысқаныммен сүйек жаңғыртайық деп келісіп, жастарды таныстырғанбыз. Алланың қалауымен екеуі бірін-бірі ұнатып қалды. Мұны естіген біздер тойға қызу дайындықты бастадық. Қазақтың әдемі салтымен сырға салып, құда түсті. Ұзату тойды біз жақ, үйлену тойды жаңа құдаларымыз белгіледі.


Тойға бір жұма қалғанда немерем келіп 2 күнге Астанаға барып келуге рұқсат сұрады. Немере тұңғыш болғандықтан өзіме жекешелендіріп алғанмын. Аяқ астынан пайда болған сапардың себебін сұрасам, той алдындағы «Қызойнақ» дәстүрі екен. Оның мәнісін былай дейді:


Қызойнақ – тұрмысқа шығатын қыз құрбыларымен оңаша бас қосатын кеш. Сөйтіп босаға аттағалы тұрған бойжеткен балалық шағымен, тентектігімен, еркелігімен қоштасады-мыс. Құрбылар сырласып, әңгімелесетін көрінеді. Бұл кеш таңға дейін жалғасып, таңертең бірін-бірі қимай тарқасады екен.


Әй, шырағым-ау, тұрмысқа шығатын қыздың көңілін жұбатуға жиналған құрбылары таңға дейін отырса, онда ылғи тұрмысқа шықпаған қыздар жиналады да. Солай болып тұр ғой. Тұрмысқа шығып, шаңырақ көтермеген, өзге босағадан аттамаған, бір күн де ата-енеге қызмет етпеген олар болашақ келінге қандай ақыл-кеңес айтар еді.


Тұрмысқа шығатын қыз құрбыларының басын қосатын қазақта дәстүр бар. Оның нақты қалай аталатынын білмеймін. Мәні мен мағынасы мүлде бөлек. Бірақ бұл кешке қыздың құрбыларынан бөлек, жеңгелері, әпкелері, үлкен апалары да қосыла келеді. Сөйтіп болашақ келінге жаңа өмірдің қыр-сырын түсіндіреді, жеңгелері ас үйдің тыныс-тіршілігімен таныстырады, ақыл-кеңестер, өсиеттер де айтылады. Оны қыз құрбыларымен бірге отырып тыңдайды. Бұл кеш ұзатылатын қыздың үйінде жасалады.


Немереме осылай деп тәптіштеп түсіндіріп бердім. Бірақ ол теледидардан естігендерін мысалға келтіріп мені жеңбекке ұмтылды. Маған ренжіп, көңілі қалса да құрбыларымен ғана жиналатын «Қызойнақ» дәстүріне тыйым салдым.

"Айналайындар-ау, «қас қоямын деп, көз шығарып жүрген» ұятсыз, мәнсіз бағдарламаларды түп-тамырымен құртып, жауып тастаса, сол жүргізушілер аштан қалмас", деп ашуланды бейтаныс апай.


Қоғамдық көліктегі жолаушылардың көпшілігі апаймен келісіп сан түрлі пікірлерін ортаға салды.

Расымен де, біреуге таныс, біреуге бейтаныс «Қызойнақ» асылында қандай дәстүр?! Ол туралы кітаптарда да, ғаламтор бетінде де өте аз деректер бар. Соның бірі бұл дәстүрдің ұлттық ойын екенін жазыпты.


Қыз ойнақ — ұлттық ойын. Қыз ойнақ көбіне ши тарту, жүн сабау, киіз басу жұмыстары жасалған кеште өтеді, себебі мұндай іске жас қыз-келіншектер көптеп тартылады. Кеште ән салынады, домбыра шертіледі. “Кемпір мен шал”, “Бүркіт пен қоян”, “Қасқыр мен түлкі” тәрізді ойындар ойналады. Қыздың ұзатылар алдында ауыл жастарымен қоштасу ретінде өткізілетін ойын-сауық кеші де Қыз ойнақ деп аталады, деп келтірген wikipedia.


Ал atazholy.kz сайты «Қызойнақ» қазақтың салты екенін жазады.

Әке-шешелері жоқ кезінде бойжеткен қыздар оңаша қалып, ойын – сауық ұйымдастырады. Оған (жасырын түрде) жігіттер де қатысады. Бұл мәжіліс құпия өтеді және оны ұйымдастырушылар тек қыздар болғандықтан «қызойнақ» деп аталған. Қызойнақтың мақсаты қыздарды жеңілтектіктен немесе ұятты болып қалудан сақтандырады.


Әже мен немеренің әңгімесі мені шынымен де қызықтырды. "Тәйт" деген әжесі бар немересі қандай бақытты!


Жазып алған - Ақбикеш ІҢКӘР.

ERNUR.KZ


Оқи отырыңыз:


АЛҒАШҚЫ неке ТҮНІНЕН соң жасалатын дәстүрді білесіз бе?


СӘУІР айында жасалатын ДӘСТҮРЛЕРДІ білесіз бе?