Душанбе Ресей және ҰҚШҰ елдерімен Ауғанстан бағытын күшейту мәселесін талқылап жатыр.
Фото: caspianpost.com
ERNUR.KZ. Тәжікстан Ауғанстанмен шекарадағы қауіптің күшеюіне байланысты Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан әскери қолдау сұрағаны туралы ақпарат тарады, деп жазады inbusiness.kz.
Reuters таратқан мәліметке сүйенсек, Душанбе Ресей және ҰҚШҰ елдерімен Ауғанстан бағытын күшейту мәселесін талқылап жатыр. Тәжікстанның Ауғанстанмен арадағы шекарасы 1300 шақырымнан асады және биік таулы, бақылауы қиын аймақ саналады.
Ақпарат көздері соңғы апталарда шекара маңында бірнеше қарулы шабуыл болғанын, салдарынан қаза тапқандар мен жараланғандар барын жазды. Осы оқиғалардан кейін Тәжікстан қауіпсіздік күштерін күшейту қажеттігін мәлімдеп, ұйымнан әскери қолдау сұраған.
Хабарларға сәйкес, көмек шекара күзетін арттыру, әскери кеңес беру, сондай-ақ шекаралық аймақтарда бірлескен операцияларды күшейту бағытында көрінуі мүмкін.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымы әзірге ресми шешім жариялаған жоқ, алайда ұйым өкілдері жағдайға мониторинг жүргізіп отырғанын және мүше мемлекеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті бірінші орында тұрғанын атап өтті.


