МАҚАЛДЫҢ МӘНІ: «Қойныңдағы қатыныңа сенбе, Астыңдағы атыңа сенбе!»

0
301

Сөз – сатқындық туралы болса, аттың не айыбы бар?


МАҚАЛДЫҢ МӘНІ: «Қойныңдағы қатыныңа сенбе, Астыңдағы атыңа сенбе!»

Сурет: ЖИ

Мақал-мәтел – халық даналығы. Табиғат пен адам жанының қыр-сырын жатқа меңгерген көшпенділердің философиясы.

Алайда, қазіргі уақыттағы кейбір мақалдарды қате қабылдап, теріс тәспірлеп, жаңсақ қолданып жүргеніміз жасырын емес. Салдарынан ата-бабаның ақылы мен нақылына күмәнмен қарауға, түйген түйінін теріске шығаруға жол беріліп жатыр.


Көп жерде орынсыз әрі бұрыс қолданылатын, сол арқылы көшіліктің көңіліне жақпай қап жүрген қанатты сөздің бірі:

«Қойныңдағы қатыныңа сенбе,

Астыңдағы атыңа сенбе!»

Жалпы, ел арасында осы мақалдың шығу тегі осындай деп нұсқайтын аңыз айтылып жүр.

Аңызға сенсек, ертеде қазақтың атса – оқ өтпейтін, шапса – қылыш кеспейтін батыры болыпты-мыс. Жаугершілік заманда қару кезенгендердің талайларға тісі бататыны, оның осыл тұсын аңдып, жер жастандыруды армандайтын қас дұшпандарының болатыны – бесенеден белгілі.

Сондай жауларының бірі әлгі батырдың әйелінің тілін тауып, алдап-арбап күйеуінің жанды жерін сұрапты. Сонда батырының соғысты сылтау етіп ел-жер кезетінінен мезі болған, онымен қоймай, әр елде әр сұлуды қойнына алатынына зығырданы қайнаған әйел «Кеуде тұсында жұлдызша пішінді меңі бар, тура соны дәлдеп атсаңдар, жанын аласыңдар» деп сырын ашып қойыпты. Сөйтіп, ел қорғаған батырдың құны бір-ақ оқ болыпты. Әйелдің сатқындығының кесірінен. «Қойныңдағы қатыныңа сенбе!» деген сөз осыдан қалған деседі-мыс.

Хош, бір әйелдің сатқындығының салмағы басқа мың батырдың сенімді тылына айнала білген аналардың жақсы атын да, жасаған ебегін де сызып тастауға жетіпті. Ал, ат ше? Аты сатқын қатынмен қосақталып айтылатындай, оның айыбы не? Жылқының да иесіне опасыздық жасаған жері бар ма екен?

Әлгі аңызды тәптіштеп айтушылар осы сұрақ қойылғанда тосылары анық. Себебі, қазақта астындағы аты оңдырмай опасыздық жасапты дейтін әпсананы әлі естімедік. Керісінше, жылқыны ердің сенімді серігі ретінде сипаттайтын қанатты сөз көп. Демек, бұл мақалдың мәнін сатқындықпен байланыстырсақ, логикалық байланыстан айрыламыз. Логикамен ұштастырсақ, «сатқындық туралы» деген ойды алып тастауға тура келеді. Қисыны қайда?


Шын мәнінде, бұл мақалдың мәні мүлде басқада. Әр жолын жіктер болсақ:

«Қойныңдағы қатыныңа сенбе» дегені:

Аға буынның «Мен болмасам, әйелім бар ғой» деп өзіңдегі жауапкершілікті ысырма, жарыңның көмегіне иек артпа, әйелдің дайынына еге болма, ер-азамат ретінде тынымсыз еңбек ет, әрекетіңді жаса, тіршілігіңді қамда!» деген өсиеті.

«Астыңдағы атыңа сенбе»:

Бұл жолының да мағынасы алдыңғыға ұқсас. Ата-бабаның «Астымдағы ат жолдың жайын, үйдің мекенін біледі, өзі апарады» деме, тізгін өз қолыңда, бағытты өзің басқар» деген ақылы.


Осы сынды мақалдың тағы бірі: «Қатын – жолда, бала – белде». Бұл – бүгінгі ерлердің нәпсісін өсіретін, әйелдің көңілін өшіретін сөз. Бұл мақалдың да мағынасын теріс ұғынғандықтан, солай боп тұр.

Ертеде бір жолаушы жас жігіттен жөн сұраса келіп, «Шаңырақ көтергенсің бе? Ұрпағың бар ма?» деген сұрақ қояды. Сонда ол «Қатын – жолда, бала – белде» деп жауап қатқан екен. Демек, бұл мақал бойдақ жігіттерден «Отбасың бар ма?» деп сұрағанда жауап ретінде айтылуға тиіс. «Қатын – жолда» дегені – «Өмірлік жарым әлі кездескен жоқ, үйленбегенмін, жолдасымды жолдан кезіктірермін бір күні» дегенді аңғартса, екінші бөлігі «Бала әлі белден шыққан жоқ, өмірге келмеді» дегенді меңзейді.

Астарлы сөздің мағынасын таяз ұқпас үшін, тереңіне бойлай түскен жөн.



ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

"АҚТЫҚ БАЙЛАУ" деген қандай ырым?