"АҚТЫҚ БАЙЛАУ" деген қандай ырым?

0
270

Жаңа көтерген шаңыраққа, жүйрік аттың жал-құйрығына т.б. көптеген дүниелерге ырымдап ақтық байлап жатады.


фото: massaget.kz

Әр ел, әр өлке, әр өңірдің өзіндік ерекешелігін айғақтап тұратын мәдениеті, әдебиеті, салт-дәстүрі барлығы бесенеден белгілі.


Ақтық байлау

Қазақ халқының көнеден қалған ырымдарының бірі - киелі деп санаған ағаш бұталарына, тау-тастарға ақтық байлау ырымы.

Ақтық байлау әулиелі жерлердегі, ел-жұрт ем іздеп келетін шипалы суы бар немесе тау-тасы бар мекендегі өсіп тұрған ағаштарды да киелі санап, бір қарыс ақ шүберек байлап кетуден шыққан наным-сенім.

Көбінесе ақ мата байлағандықтан «ақтық байлау» деп аталған болса керек. Сонымен қатар қасиетті деп саналатын шипажайға, бұлақ – бастаудың басына барғанда, биік таулардан аман-есен асып өткенде адамдар бұта-ағаш, тастарға ақтық байлап жатады.

Ақтық байлау ырымы жоғарыда айтқандарымызбен ғана шектелмек емес. Жаңа көтерген шаңыраққа, жүйрік аттың жал-құйрығына т.б. көптеген дүниелерге ырымдап ақтық байлап жатады. Ырымның негізі өмірде ақ пен қара қатар жүреді, ақ жақсылықтың нышаны, ал қара жамандықтың белгісі деген ұғымға орай болса керек. Олай болса ақтық байлаудың астарында, жақсы болу, жақсылыққа жору, жақсылықты тілеу пәлсапасы жатыр. Егер олай болса Құран Кәрімдегі «жақсылыққа шақыру, жамандықтан тыю» әмірін еске алар болсақ бұл ырымнан сақтанудың қажеті жоқ тәрізді. Ырым да осы әмірге негізделіп қалыптасқан болуы да мүмкін.


Жауырынмен жору-жорамалдау

Әжемнің естеліктерінен ұққаным, «жауырын ашу» малды ауылдың айнымас бір бөлігіне, іс-әрекетіне айналған секілді.

«Бала кезімде үлкен кісілердің жауырын сүйегін мұжығаннан кейін оған қарап жорамал жасап отыратынын талай көрдік. Жауырынның шұңқыр (шұңғыл) жағы терең болса, қарнымыз тоқ болады. Қыр жағы өткір (пышақтың жүзі сияқты қолды кесіп кететіндей) болса, жүйрік атымыз болады. Жауырын сүйегінің кеужері (етек жағы) кең болса қора толы ұсақ малымыз болады деп жататын-ды.

Этномәдени зерттеулер жасап жүрген ғалым Бабақұмар Хинаятұлы «Жауырынның сакральды қызметінің тарихы» атты еңбегінде: «Жауырынның практикалық маңызымен қоса оның сакральды қызыметі әр түрлі тарихи кезеңдерде түрленіп, өзгеріп бүгінге жетті. Көшпелілердегі жауырынға қарап бал ашу өнері жайлы алғашқы жазбаша дерек Гильом де Рубрук еңбегінен бастап біраз мәліметтер П.С.Палласта кездескенімен, оның ішкі сырына назар аударылмайды. Біздің зерттеуімізше көшпелі жұрттардағы жауырынның екі түрлі сакральды қызметі бізге белгілі және оның атауы да осығын сәйкес: қазақтар «жауырын қарау» және «жауырын жағу», қырғыздар «далы көрүү» және «далы күйгүзүү» немесе «далы жагуу», маңғол тектес жұрттарда «далаар харах», «түлсэн далны шинжилгээ» («Дал»-деп жауырынды айтады-автор) деп атайды [1]. Соңғылары өртегенін «қара жауырын», күйдірілмегенін «ақ жауырын» деп атайды. Сонымен бірге бұл жұрттарда жауырынмен бал ашу тәсілдері, орындалуы техникасы мен болжау тұспалдары ұқсас. Сөз болып отырған сүйектің бірінші қызметі, әрі ең көнесі жауырынды «жағу» арқылы сәуле ашу, яғни, сүйекті оттың жалынына қақтағанда пайда болған сызат, жолақтарға (бедерлерге) қарап бал ашады [2]-деп жазды. Осыған орай жауырынмен жору ырымы көшпелі қазақ, мұңғыл, қырғыз жұрттарына ортақ ырым екендігін білеміз.

Үй сыртына ақ шашу (айран, сүт құю)

Абай атамыз «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны жайлы» еңбегінде: «Дүниеде не нәрсенің себебіне көзі жетпесе, сол нәрсені Құдай қылып, дін тұтатын әдеттердің сарқынын біз де кей жерлерде көргеніміз бар. Жазғұтырым күн әуелі күркірегенде қатындар шөмішімен үйдің сыртынан ұрып «Сүт көп, көмір аз» дегендері сияқты. «Құдайға шүкір, бұл күнде жоғалып бара жатқанға ұқсайды» - дейді хәкім.

Данышпан Абай атамыздың шүкір еткен бұл ырымды көктемнің алғашқы күн күркіреген кезінде әже-аналарымыз шөмішімен айран, сүтін ала жүгіріп киіз үйдің үстіне шашып «Ақ мол болсын, пәле жала жерге енсін!» дейтін-ді. Бұл ырымның астарында да молшылық, береке тілеген жақсы ниет жатқаны белгілі. Былайша салыстырсақ, жауын-шашынсыз жазда мал сойып тасаттық беріп жаңбыр тілемей тұрып-ақ көктемде алғашқы күн күркірей бере жауын-шашын көп болып, ырыс-береке, айран-сүттің мол болуын, тоқшылық болуын тілеген дұға-жоралғы деп қарағанымыз жөн.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Көп жыл жеміс салмаған ағашқа МЫНА ЫРЫМды жасап көріңіз


Жаңғақ ағашын қарт кісі отырғызса жемісі мол болады