Мәскеудегі элиталы мейрамханада жарылыс болды: Теракт туралы не белгілі?

0
331

Оқиға 1 тамыз күні кешке сталиндік биік ғимараттардың бірінің бірінші қабатында орналасқан Balzi Rossi мейрамханасының жанында болған.


Мәскеудегі элиталы мейрамханада жарылыс болды: Теракт туралы не белгілі?

Фото: Telegram-канал Baza

ERNUR.KZ. Мәскеу қаласының орталығындағы Кудрин алаңында орналасқан Balzi Rossi мейрамханасының маңында жарылыс болды. Салдарынан үш адам қаза тауып, кемінде 21 адам түрлі дәрежеде жарақат алған, деп жазады stan.kz.

Оқиға 1 тамыз күні кешке сталиндік биік ғимараттардың бірінің бірінші қабатында орналасқан Balzi Rossi мейрамханасының жанында болған. Ақпаратқа сәйкес, сол күні мекеме жабық банкетке байланысты келушілерді қабылдамаған.

Reuters агенттігінің мәліметінше, жарылғыш құрылғы жабық шараға кірмек болған әйелдің жанында іске қосылған. Қаза тапқандар қатарында сол әйел, күзетші және банкет қонақтарының бірі бар.

Ресейдің Ұлттық терроризмге қарсы комитеті оқиға орнында қолдан жасалған жарылғыш құрылғы іске қосылғанын хабарлады. Оқиға орнында тергеушілер мен төтенше жағдай қызметінің мамандары жұмыс істеп, мейрамхана маңы қоршауға алынды.

Алғашында ресейлік БАҚ-та тұрмыстық газ жарылысы болуы мүмкін деген болжамдар айтылған. Алайда кейін жарылғыш құрылғының іске қосылғаны айтылды. Қазір тергеу органдары оқиғаның мән-жайын, шабуылдың себебі мен оны ұйымдастыруы мүмкін адамдарды іздеп жатыр.

Meduza мәліметінше, жарылғыш зат Ресей Әуе-ғарыш күштерінің бас қолбасшысы Александр Чайконың туған күніне арналған жабық банкетке кіргізілмек болған. Алайда Ресей билігі бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.

Жарылыстан кейін Кудрин алаңы толықтай жабылды. Оқиға орнында полиция, құтқарушылар мен жедел жәрдем қызметкерлері жұмыс істеді. Жарақат алмаған банкет қонақтары тексеруден кейін ғимараттан шығарылды.

Balzi Rossi – Мәскеу орталығындағы премиум санаттағы танымал мейрамханалардың бірі. Ол Кудрин алаңы, 1 мекенжайында орналасқан. Жарылыстан кейін желі қолданушылары мейрамхана парақшаларына жаппай сын-пікір жазды. Кейін мекеме өз парақшаларында пікір қалдыру мүмкіндігін шектеп тастады.

Қазір жарылысты ұйымдастыруы мүмкін адамдар туралы ресми ақпарат айтылмады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, шабуылдың нақты себебі мен оны жасағандар әлі анықталмаған. Ресей билігі тергеуді жалғастырып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін 26 ақпанда Ақмола облысы Щучинсктегі “Центр плова” дәмханасында газ-ауа қоспасы жарылып, арты өртке ұласты. Қайғылы оқиға салдарынан 7 адам қаза тауып, 26 адам жарақат алды. Өрт сөндірушілер ғимараттан 8 газ баллонын алып шығып, 10-нан астам адамды эвакуациялады. Зардап шеккендердің 13-і Бурабай аудандық ауруханасына жеткізілді, 6 адам амбулаториялық бақылауға жіберілді. Бес науқас санитарлық авиация арқылы Көкшетауға тасымалданды, тағы екі адамды жеткізу жоспарланып отыр.