МҰНЫ ІСТЕГЕН сәби өскенде МАЛТАПҚЫШ болады

0
6 680

Мұндай сенім алдамай ма?


МҰНЫ ІСТЕГЕН сәби өскенде МАЛТАПҚЫШ болады

Қазақ халқы жаңа туған сәбидің әр әрекетіне ерекше көңіл бөліп, әрқайсысын жақсы ырымға айналдырған. Сәбидің алғаш сөйлегені, жүргеніне дейін мән берген.

Сәбиге қатысты ырымдар өте көп. Бірақ мен кішкентай сәбидің өз кәк еткенін (үлкен дәретін) жегенін алғаш көргенде ұшынып қала жаздаған едім. Оның үстіне мен бұрын-соңды естімеген наным-сенімді естідім.


Бір жағынан күлкілі, бір жағынан сенімнің күші деп айтуға да болатын шығар.


Ең үлкен әпкем тұрмысқа шығып, арада бір жылдан астам уақыт өткенде балалы болды. Кейін ол бала, яғни жиеніміз бес-алты айлық шамасы болуы керек, үйімізге алғаш рет келді. Әпкем төркіндеп, жиен нағашылап алғаш келгенде біраз күн қонақ болып жатты.

Тұрмысқа шыққан жері ұзақтау болғандықтан болар, бір аптадай қонақ болып жатқан еді. Сол кезде кішкентай сәбиді барлығымыз қызықтап, оны ойнатамыз, көтеріп жүреміз. Қызық көреміз ғой.

Ол кезде өзіміз де баламыз, мектепте оқимыз. Сабақтан келе сала, жиенімді ойнатуға таласатынбыз. Бір күні әдеттегідей мектептен келдім де киімдерімді ауыстырып, жиенімді алуға жүгіріп келсем, ол қаннен қаперсіз отырған жерін бүлдіріп (кәк етіп) және оны қолымен мыжғылап, одан қалса аузына салып тамсанып жеп отыр.

Көзім шарасынан шыға жаздады. Айқайлап үйдегі үлкендерді шақырдым. Мен мұндайды бірінші рет көріп тұрғандықтан, бір жағынан мұрнымды тыржитып жиіркеніп, бір жағынан мына балада бір ауытқу бар ма деп ойланып тұрмын ғой. Сөйтсем анам да, әпкем де кішкентайдың бұл қылығына күліп жатыр. Сөйтіп бөбекті жуындырып, таза киімін кигізіп жайланып отырған соң ғана менің әлі де үрейленіп отырғанымды байқаған анам сөз бастады.

«Неге сонша ойға батып кеттің? Е-ее, бұлар қайдан білсін, ондайды алғаш көріп тұрса. Балаға қарап көрген дейсің бе? Сенің өзің де осындай кішкентай кезіңде өзіңнің кәк еткеніңді жегенсің» дегенде, менің көзім одан сайын шарасынан шыға жаздағаны.

фото: 7sisters.ru

Анам мен әпкем менің аң-таң болған түріме қарап біраз күліп алды да, «Кішкентай сәбидің осындай «батырлығын» көрсең, келешекте малтабар болады, жоқты да тапқыш болады деп ойлай бер. Өйткені, ата-бабамыздың ырымы, наным-сенімі сондай. Аман болсақ, Алла өмір берсе Райымбектің де өсіп, ержеткенін, азамат болғанын көрерміз. Сонда осы сөзімнің дәл келгеніне көзің жетеді. Менің Райымбегім бай болады Алла қаласа, жоғыңды тауып беріп, туған-туысқа қол ұшын беретін жомарт болады. Көр де тұр», - деді.

Осы сұрақ көкейімде тұрғанымен, біраз уақыттан кейін есімнен де шығып кетіп еді.

Арада жылдар өтіп, жиеніміз ержетті. Біз де уақыттың еншісіне жастығымызды бердік.

Шынында да анам айтқандай, Райымбек жоқтан бар жасайтын, қолы алтын малтапқыш жігіт болып өсті. Айналасына шапағатын тигізіп, қолынан келген көмегін аямайтын жомарт та болды.

Кейде өзім де қысылған сәтте сол бір жиенім бар еді ғой деп көмек сұрап барамын алдына. Сол кезде анамның осы әңгімесін айтып, өзінің де кішкентай кезінде кәк еткенін жегенін айтып бір күліп аламыз.


Кім біледі, бұл жәй ғана сәйкестік болуы да мүмкін немесе сенімнің күші алып шықпайтын биік жоқ шығар. Қалай болғанда да қазақтың жақсылыққа үміттенуі, жақсылықтан дәмелі болуы ең жақсы қасиет деп санаймын.

Нұр Әлем,

ERNUR.KZ


Тағы ОҚЫҢЫЗ:


НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ: «ЖОРАЛҒЫ КҮНІ» жоралғысын жасаңыз


БОҚШАны бойжеткен қыз емес, ҚАРТАЙҒАН ӘЙЕЛ жинайды