​ОҢнан бастағанның ісі ОҢАЛАДЫ

0
2 580

Қандай да бір істің оңынан келуі үшін оң жақтан бастау керек.


​ОҢнан бастағанның ісі ОҢАЛАДЫ

фото: ru.dreamstime.com

Қазақтың ырымдарының жаманы жоқ, барлығы да жақсы ниеттен туындаған. Алайда, әрбір істің сәттілікпен басталып, сәтті аяқталғаны маңызды. Сондықтан, бір істің біткенін көргенде «айы оңынан туыпты», «жолы болыпты» деп жатамыз.

Ал, қандай да бір істің оңынан келуі үшін оң жақтан бастау керек.

Шапан-шалбарды, аяқ киімдерді кигенде әуелі «бисмиллә» деп оң қолдан, оң аяқтан бастап кию керек. Ал киімді шешкен кезде сол қолдан, аяқ киімді сол аяқтан бастап шешу керек.

Өйткені, бұл ісім оңғарылсын деген ырым, оның үстіне қазақтың байырғы түсінігі бойынша, бақыт оң жақтан келеді, сондықтан бақытқа бастайтын жолды қапыда жібермеуге тырысқан. Оңның тілеуі мол: «Сапарымды оңғара көр», «бастаған ісім оңға бассын», «оң жағыңа алтын тіреу орнасын!» деген секілді тілектер осындай ырымдармен тамырлас болуы мүмкін.

Шариғатта да оң қолдың, оң аяқтың атқаратын қызметі мен сол қол, сол аяқтың атқаратын өз қызметтері бар. Тамақ ішкенде оң қолмен ішіп-жеу абзал, егер адам солақай болса, жаиз делінеді. Яғни, сол қолмен жеуді әдетке айналдырмай, оң қолмен жеуге әдеттену керек.

Өзімнің жеңгем солақай. Тамақ жасағанда да, жегенде де сол қолымен жейді. Соны көрген ауылдың имамы жаңадан келін болып түскен жеңгеме қарап «келін, тамақты оң қолыңмен же! Оң жақтан басталған іс оңынан келеді. Шындығында, сол қолмен жеген астың берекесі болмайды. Алла елшісі: «Сол қолмен жемеңдер, өйткені, шайтан ішіп-жегенде сол қолын пайдаланады», - деген. (Муслим) Демек, шама келгенше тамақты оң қолмен жеуді әдетке айналдырған дұрыс.» деп ақылын айтты.

Соған ренжіп жеңгем тамақ жемей қойды. Ата-анам сол кезде не істерлерін білмей, абдырап қалған болатын. Анамның да інісі өз ауылының имамы еді. Келінге ақылыңды айт, біздің айтқанымыздан гөрі, сенің сөзің өтімдірек қой. Оған да ауылдың имамы айтып еді, «тамақты оң қолыңмен же, сол қолмен шайтан ішіп-жейді» деген сөзін көңіліне ауыр алып қалды ғой.

Енді мұның барлығын әдейі істемеген шығар, өзі солақай ғой, біртіндеп оң қолмен жеуге де үйренер. Бірақ дәл қазір бұлай болмайды, тамақтанбаса әлсіреп қалады деп анам келінін уайымдады.

Адамның болмысы солай болса, оны бірден түзету де қиын ғой. Тамақ жеудің әдебі дегенде өзімнің енем де келеді көз алдыма. Ол кісі ешқашан ыдыстың шетінен, өзінің алдынан бастап тамақтанбайды. Қасықты ас салынған ыдыстың дәл ортасына апарып, аударыстырып, төңкеріп содан кейін жейді. Алғаш көргенде маған өте ерсі көрінген. Болмашы дүние көрінгенімен, алғашқы әсерім осылай болды.

фото: menandstyle.ru

Қайным да аяқ киімнің сол жағын бірінші киеді екен. Әрбір адамда бір кемшілік болады ғой, бірақ оның барлығын түзетуге асығу керек.

Оңнан бастағанның ісі оңғарылады дегенге келіспеске болмайды. Көп жағдайда мұндайға аса мән бермей, байқаусызда болса да сол жағынан басталған күн жақсы өтпейтіні дәлелденген.

Қазір өзім осындайға қатты мән беремін. Істің оңға басуы, күннің жақсы өтуі ұйқыдан оң жағыңмен тұрғаннан басталады. Көңілсіз, ашуланып жүрген адамды көргенде «ұйқыңнан оянғанда сол жағыңмен тұрдың ба?» деп қағытатын қазақтың сөзі де негізсіз емес.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Жас келіннің аяғының астына НЕГЕ КІЛЕМ төсейді?


Жоғалған мүлкіңізді «САДАҚА» деуге бола ма?