Шалынып, құлай беретін ересек адамның да ТҰСАУЫН КЕСУ ырымы бар

0
699

Ересек адамның тұсауын кескенін көргенсіздер ме?


Шалынып, құлай беретін ересек адамның да ТҰСАУЫН КЕСУ ырымы бар

фото: artandcrafts.cultural.kz

Негізі қазақта «тұсау кесу» деген дәстүрді барлығы біледі. Бірақ, тұсау кесер тойын жасап, аяғын апыл-тапыл басып енді ғана жүріп келе жатқан кішкентай балаға арнайтын. Тұсау кеcу - кішкентай сәби қаз-қаз тұра бастаған кезде «тезірек шауып кетсін» деген ізгі тілекпен жасалатын дәстүрдің бірі. Тұсауды ала жіппен кесетін болған. Оның мәні – «ешкімнің ала жібін аттамасын» деген ой.

Ал ересек адамның тұсауын кескенін көргенсіздер ме?

Тұсауы дұрыс кесілмесе, негізі бұны жасауға болады. Біздің бір жеңгеміз өмірі шалынатын да жүретін еді. Жасы келген адам. Үнемі тегіс жерде сүрініп, кейде аңдап басып, абайлап жүрдім десе де көп құлайтын.

Талай рет қол-аяғын ауыртып, сіңірі созылып, тобығы шығып әйтеуір жазымға тап болатын да жүретін. Тіпті бір рет оңбай құлап, бел омыртқасына зақым келіп, төсектен тұра алмай жатып қалғаны да бар.

Сонда үлкендер «осы сенің бала күніңде тұсауың кесілмей қалған-ау. Үнемі құлайсың да жүресің, тұсауыңды қайта кестіріп жіберейік» деп әзіл-шынын араластырып айтып қалатынын да естігенмін.

Жеңгем де күліп қана қоя салатын. Осы соңғы рет құлағанында жанына қатты батты ма екен, «шынында да менің тұсауым дұрыс кесілмеген болар, оны кім біліпті? Зияны жоқ шығар, қайтадан тұсауымды кестірейін» деп менің анама тұсауын кестірген болатын. Содан кейін бұрынғыдай сүріне бермейтін болды. Оны өзі айтады, «тұсауымды кестіріп дұрыс жасаған екенмін, тфә-тфә, аттай шауып кеттім» деп күліп еске алатын болды.

фото: YouTube

Онда тұрган ештеңе жоқ деп ойлаймын. Қазір солай көп сүрінетін, шалынатын немесе жолы байланып тұрғандай ісі өнбей жүрген адамды көрсем, осы ырымды байқап көруін айтып жүретін болдым.

Менің студент кездегі бір құрбым да солай көп жығылатын. Осы ырымды жасадық оған да. Жастық шақта барлығы ойын-күлкімен астасып жатады ғой, солай оынап-күліп, әзілге айналдырып тұсауын кессек те, сол ырымның пайдасы болды.

Тұрмысқа шықпай немесе ұзақ уақыт үйленбей жүріп қалған жігіттің де тұсауын кеседі. Жолы ашық болсын, тұсауланбасын деп.

Ешқандай ырымның негізсіз жасалынатыны болмайды. Өтірік емес, қазақ ешуақытта әшейін істемеген.

Осы ырымды айтқанымда менімен келісетін адамдардың қарасы да аз емес болып шықты. Бір танысым өзінің басынан өткен жағдайды айтып берген. «Мен де осылай кеш кестіріп барып, жолым ашылған. Әкемдікін 40-тан асқанда кескен біздің көзімізше. Кішкентайында кесілмей қалыпты, сосын ініммен бірге кесіп жіберді» деп оқиғасын баяндап бергенде бұрынғыдай күліп қарамайтын болдым.

Егер сіздің немесе жақындарыңыздың осыған ұқсас жағдайлары болып жатса, қайтадан тұсауын кестіруде тұрған ештеңе жоқ. Бұл қазақтың ежелден келе жатқан ырымдарының бірі.

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


«БЕСТЕМШЕ» ұлттық ойыны ұмытылып бара ма?


«Дастарханды БАСПА», «Дастарханды АТТАМА» деген тыйымның мәні бар