​«ШУЫЛДАҚқа» таласып, ренжісті

0
4 726

Бұл оқиғаның өткеніне де бір жыл өтіп кетіпті...


​«ШУЫЛДАҚқа» таласып, ренжісті

фото: avito.ru

«Бұл оқиғаның өткеніне де бір жыл өтіп кетіпті. Бірақ әлі күнге дейін жыры бітпеді» деп деп іштегі ренішін тарқатқан жас келіншектің әңгімесі үлкендерді ойландырса екен.

Кейбір келеңсіз жағдайлар көңілге қаяу салады, біреу біреуге ренжиді, өкпесін айтады. Ашу үстінде тіпті қатты сөздер айтып, бір-бірін ренжітіп алғанымен, арада біраз уақыт өтіп, әркім өз қателігін түсініп, кешірім сұрасып, татуласпаушы ма еді?!

Ағайын болған соң, араз болмай, күні ертең бет көріспей кететін адам болмаған соң, кішкене кешірімшіл болып, болмашыдан от тұтандырып алмау жағын ойластырса қанекей?!

Бірақ, жасы біразға келіп, өзінен кейінгілерге ақыл айтатындай жасқа жеткенде, баланың тірлігін істеп, түймедейден түйедей дау-жанжал жасап, ақыл кірмейтін адамдар да болады екен-ау.

Оны мен өз көзіммен көрген соң айтып отырмын. Бір жағынан, ол жағдай менің бесік тойымда орын алған соң, шыны керек, менің түк қатысым болмаса да өзімді әлі күнге дейін кінәлі сезініп жүрмін.

фото: demo.multiurok.ru

Тұңғышымды босанып, екі әулетті қуантып, тұңғыш немере өмірге келді. Ата-әжесінің тұңғыш немересі, алғаш көрген қызығы, нағашы ата-әжесінің алғашқы жиені, яғни менің ата-анамның ұлдан да, қыздан да көрген алғашқы қуанышы осы болып тұр ғой. Сондықтан, екі әулеттің қуанышы деп ауыз толтырып айтып отырмын.

Енем өзін қоярға жер таппай, немересін қолынан тастамай, балаша мәз болғанын көріп, шіркін, қазақтың данышпандығында шек жоқ, «бала-балым, немере-жаным», «балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» деген сөздердің астарын шынында да сол кезде көргендей болдым.

Енем әлі бесікте жатқан немересіне арнап неше түрлі ойыншықтарды да, неше түрлі киімдерді сатып әкеледі базарға барса. Сондай кезде мен «апа, мұның барлығын ала беріп қайтесіз? Киім сыймай қалады сәл күнде, ал ойыншық босқа орын алып тұрады. Қазір Асылжаныңыз ойыншық ойнай алмайды, ол үшін кемінде бір жыл уақыт керек» деймін. Ерекше қуанғаннан немеренің тәттілігін сезгендіктен солай істеп жатыр ғой енем. Ол кісіге ризамын.

Содан балам қырқынан шығып, үш айға толған кезінде енем бесік той жасады. Алғашқы қуаншы болған соң ба, әлде шынымен енемнің пейілінің дархандығы ма екен, жүзден астам қонақ шақырып, дүркіретіп бесік той жасады. Анам да барын салып, ұлымның бесік жасауларын алып келді.

Екі құдағи қазақтың барлық ырымдарын, салт-дәстүрлерін жасады. Ол кезде де «нан тоғыз», «жеміс тоғыз», «шуылдақ» деген салттар орындалады екен ғой, жас болған соң білмейтініміз көп.


Бесік тойда екі құдағи «нан тоғыздың» екі нанын біріктіріп, екі жағынан ұстап, ортасынан бөлісіп алып жатыр. Бұл ырымның мақсаты екі жақ әрдайым ынтымақтастықта болайық, ауызбіршілік болсын, берекелді болайық дегенді білдіреді екен. Содан анам әкелген бесікке ұлымды салып, екі жағынан екі әже отырып, «тышты ма?», «тышты-тышты» деп айқайлап, түбек тұратын орыннан бірі уыстап кәмпиттерді салып, бірі астынан алып, сол жерде отырғандарға, әсіресе балаларға таратып беріп жатыр.


Осындай әдемі көрініс жалғасып келе жатыр еді, әп-сәтте шырқы бұзылды. Шырқын бұзған сол тойға жиналған әйелдер. Мен жас келінмін ғой, менің алдымдағы осы әулетке пәлен жылдан бері келін болған кісілердің сырын да, жырын да білмеймін. Мүмкін, мен білмейтін бір мәселе бар шығар, олардың арасында бұрыннан жалғасып келе жатқан бір алауыздық бар шығар, әйтпесе, сол кішкентай ғана зат үшін бір-біріне ауыр сөздерді айтып, көпшіліктің алдында өз-өздерін масқаралап, дәрежесін түсірмес еді.


Дау-жанжал былай болды.

Барлық кәделер рет-ретімен жасалынып жатқан еді. Бесікке баланы салып болған соң, анамның әкелген заттарын көрсетті. Ұлыма жеті жасқа дейін киетін киім-кешегі, аяқ киімі барлығы бар. Велосипеді, пультпен жүретін көлігі, балалар жиһазы барлығын түгел әкеліпті.

Қыздың артынан апаратын жасауы сияқты болыпты тура. Содан жаңағы шуылдақты ашқанда сонда отырған әйелдер жан-жақтан жамырап, «маған қуыршағы», «маған айна-тарағы», «маған сабыны» деп шу-шу етпей ме? Шуылдақ деп сол үшін қойылған шығар аты.

Енемнің үлкен әпкесі бар еді, ешкім бетіне қарсы келіп сөйлемеген. Сол кісіге өзі бұйырған заты жетпей қалып, ол өкпеледі. Енем ол кісінің өкпесін енді жазып болып еді, мына жақтан ағайынды келіндер, яғни менің абысындарым бір-бірімен әлденеге таласып, ұрысып отыр екен. Ұрыс өршіп, дауыстары қатты шыға бастағанда жаңа ғана шуылдап отырған әйелдер сап тыйылып, ана екеуінің аузын бақты. Ал екі абысыным бір-біріне дес берер емес. Енем анамнан және мен жақтан келген қонақтардан ұялып, екеуіне басу айтып, алып кетпек болды. Оған да көне қоятын олар жоқ. Егер сол жерде көпшілік болмағанда, оларды арашалап, екі жаққа алып кетпегенде соңы қиын болатын еді.


Қазір де сол екі абысыным бірі отырған жерге екіншісі бармауға тырысады, бара қалса бір-бірін көрмеуге тырысады. Болмашы нәрсеге өкпелеп, «пәлен жылы, түгеншенің бесік тойында басталған еді ұрыс-керісіміз» деп еске алып отырғаны маған да ауыр тиеді».

Осылай деген жас келіншек сол оқиғаға да, екі абысынның араласпай кеткеніне де өзін кінәлі сезінетінін айтады...

Сондықтан, жастардың отбасылық өмірі енді ғана басталып келе жатқанда араларына үлкендердің осындай араздығы араласып, кесірін тигізбегенін қадағаласаңыздар жөн болар.

Г. ЖҰМАДІЛДАЕВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Қандай науқастың халін сұрауға БОЛМАЙДЫ?

ОТҚАСАЛАР кәдесі келіннің әулетке ТЕЗ ҮЙРЕНУІНЕ көмектеседі