​Жастар ЖАНАЗАға көп бармауы керек пе?

0
3 297

Жастардың мұндай жерге көп араласуы дұрыс емес


​Жастар ЖАНАЗАға көп бармауы керек пе?

фото: vk.com

Жаназаға жастар бармасын дегенді біз бұрын көп еститінбіз. Біздің бала кезімізде қариялар жаназа хабары туралы жастар отырған жерде естіртпейтін және жаназаға жастардың қатысуына тыйым салатын.

Ал қазір мұндай үрдістің жалғасқанын байқамаймыз. Қарт кісі өмірден өтсе де, жас адам кетсе де жаназасында жастар жүреді. Бұрынғы бала кезіміздегі жаназа шығып жатқан үйдің жанына жастарды жолатпақ түгілі, жап-жас келіншектер бастарына әдемі орамалдарын тағып алып, дастархан басында шайнаңдап тамақ жеп отырады. Үлкен кісілер кейде сыймай қалып, көршінің үйіне дейін дастархан жайып, сонда отырады.

Жастардың мұндай жерге көп араласуы дұрыс емес деген ата-бабаларымыздың ұстанымы дұрыс екен ғой деп қаласың. Өйткені қазір қай жаққа қарасаң да өлім жас талғамайтынын көресің. Жүрегің ауырады. Әрине, адамның түбі барар жері сол ғой, дегенмен жастар өмір сүрсін, жақындарын қайғыға орап кетпесін дейсің.

Мүмкін біреулер «Алланың жазғаны, олай деп қарсылық білдіре алмайсың» дер, оған талас жоқ.

фото: sn.kz

Солай болса да, біздің ата-бабаларымыз неліктен мұндай тыйым салған, оны да ойлап көру керек секілді.

Тіпті қазір мұғалімдердің өзі мектеп оқушыларын жетектеп, жаназаға ертіп апаратын болып жүр. Сыныптастарының әкесі, анасы немесе бір жақыны өмірден өтсе ол бала қатты қайғырып отырғаны да шындық. Қайғысына көңіл айтамыз деп бару да орынды. Бірақ мектеп жасындағы балалардың дәл жаназа күнінде баруы орынсыз.

Жастарда да солай. Олардың жүрегі мұндайды терең қабылдайды. Өмір көрген үлкен кісілердің өмірді түсінуі, барар жерінің қайда екенін білуі мен оны қабылдауы жастарға қарағанда өзгешерек. Түсінеді, бойынан өткізіп қабылдайды. Ал жастар көпке дейін қайғырып, жағдайға көндіге алмауы мүмкін. Жан-дүниесіне жарақат түседі. Содан кейін әр жаназа рәсіміне барған сайын сол жара орны сыздап ауырады. Ал жан-дүниесінде тыныштық жоқ, жүрегі сыздап ауырған адам қалай ұзақ өмір сүруі мүмкін.

Сондықтан, ата-бабаларымыздың ұстанған дәстүрі орынды деп ойлаймын. Жастар тойға барсын, өмір сүрсін. Мына өмірдің рахатын сезіне білсін. Жүректерін қайғы-мұңмен толтырмай, лажы болғанша жас болып, жалындап тұрсын. Әр нәрсе өзінің уақытымен болғаны жақсы.

Жас күнінде күліп-ойнап, орта жасқа келгенде ой-насихат айтып, қария жасқа келгенде немере-шөберенің қызығын қызықтап өткенге не жетсін?! Жастарға насихат айтып, жаназа үстіне жастарды жолатпауды қайта қолға алса, мүмкін жас өлім де азаяр еді-ау.

Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ



Тағы да оқыңыз:


ЖАҢА ТУҒАН АЙға тағзым ету дұрыс па?


«ТОЛҒАҒЫ ЖЕҢІЛ болсын» деген ырыммен көйлегінің шетін жыртты