​«ТОЛҒАҒЫ ЖЕҢІЛ болсын» деген ырыммен көйлегінің шетін жыртты

0
3 095

Бұл ырымға сенесіз бе?


​«ТОЛҒАҒЫ ЖЕҢІЛ болсын» деген ырыммен көйлегінің шетін жыртты

фото: dreamstime.com

Бұл ырым бұрыннан бар екен, бірақ мен мұндайды алғаш көріп тұрмын. Өзім де төрт баланың анасымын, алайда босанар сәтте маған мұндай ырымды ешкім жасамаған еді.

Тек қана үшінші баламды босанар кезде анам қонаққа келген болатын. Толғағым басталып, перзентханаға шығар алдында өз төсегіме аунатып, «оң болсын», «босануың жеңіл болсын!» деп ырымын жасап шығарып салды. Толғағы келген әйелдің тез босануы үшін үйдегі сандықтардың аузын ашып, түйіндерді босатып қоятын ырым да бар.

Бірақ қазір мұндай ырымдарға сенетіндер аз ба, әлде машақатынан қаша ма екен, осы ырымды жасадық дегендер де аз.

Мүмкін қазақтың ежелгі ырым-тыйымдары мен салт-дәстүрлерін сақтайтын үлкендеріміз де азайып бара жатқан шығар. Ол үшін біреуді кінәлаудың қажеті жоқ деп ойлаймын.


Енді айтайын дегенім, көне ырымды қайта жаңғыртып, өзгеше әсерге бөлеген жайт туралы.

Нағашы әпкем осыдан бір жыл бұрын тұңғышын үйлендіріп, келін алды. Келіннің төркіні негізі қандастар. Осында көшіп келгеніне он жылға жуықтаған отбасының қызы. Бір-бірін өздері тауып, көңілдері жарасып тұрған соң, әпкем де жастардың бетін қақпай, бастарын қосқан болатын. Той жасаған кезде де екі жақтың аздаған өзгешеліктері байқалып тұрды. Біздің құда күту салтымыз бөлек, кәде, сый-сияпатымыздың да берілу реті олардан бөлектеу екенін байқадым. Әпкемнің құдалары қытай жақтан, Моңғолиядан көшіп келген. Ол жақта қоныстанған қазақтар негізі ежелгі салт-дәстүрімізді бұзбай сақтаған ғой. Мүмкін оларда аздап бұрмаланды ма екен?!

Қалай болса да қазақтың жақсылыққа бағытталған ырымы екені айқын ғой. Нағашы әпкемнің үйіне бір себеппен барған едік. Анам қонақ болып келді, әпкем үйіне тамаққа шақырған. Содан мен де анаммен еріп бірге бардым. Сол кезде келіннің аяғы ауыр болатын. Айы-күні де жақын қалғаны көрініп тұр. Анамды қонақ етіп отырған соң, бір қалада тұратын құдағиын да қонаққа шақырған екен. Барлығымыз жиналып, дидарласып, әңгімелесіп марқайып қалдық. Аяғы ауыр болған соң, келінге де соншама қонақты күту қиын болмасын деп мен жанында көмектесіп жүрдім. Өйткені мұндай кезең менің де басымнан өткен, оны жақсы түсінем.

фото: goluyzadik.ru

Солай дастарханды жинастырып, ыдыстарды жуу қамымен жүргенімде келіннің түрі өзгере бастады. Ішін ұстап, мазасы кеткенінен-ақ толғақтың басталғанын сездім. Өйткені бір сәтке тынышталып, бір сәтте қайтадан «ішім», «белім» деп толғақтың белгілерін байқата бастады. Жедел жәрдем шақырып, келінді перзентханаға дайындап, абыр-сабыр болдық та қалдық, түн қараңғысында.

Сол кезде нағашы әпкем алғашқы немересі дүниеге келгелі жатқандықтан, қатты абыржып, күйгелектеніп кетті. Керісінше, құдағи сабырлы адам екен. Бәлкім, қыз ұзатып, келін түсіріп, немерлі болған адам болған соң, бұл жағдайда тәжірибесі молдау шығар. Еш асып-саспастан, дұғасы мен тілегін айта жүріп, қызының перзентханаға киіп бара жатқан көйлегінің алдынан бір қарыстай жыртып жіберді.

Қапелімде мұндайды күтпегендіктен, аң-таң болып бір-бірімізге қарап қалыппыз. Құдағи да осыны сезгендей, бізге бұл қазақтың ырымы екенін түсіндіріп жатыр.


"Ата-бабамыздан келе жатқан ырым бойынша, көпті көрген, көп бала сүйген аналарымыз толғатып жатқан әйелдің босануы жеңіл болсын деп көйлегінің шетін жыртып, «жол ашу» ырымын жасаған.

Мен де мұны өз ойымнан шығарып, аспаннан алып жатқан жоқпын. Мен де енемнен, анамнан көргенімді қайталап, қызым аман-есен сәбиін қолына ұстап келсін деген жақсы ниетпен жасап жатырмын бұл ырымды" деді.


Әрине, ана ғой ол кісі де, қызы үшін қатты уайымдады. «Босанды» деген сүйінші хабар жеткенше тағатсызданып, тыным тауып отыра алмады. Одан кейін қос құдағи қуаныштарын бөлісіп, дүниеге келген сәбидің құрметіне той тойлап, одан перзентханаға барып, солай шат-шадыман болғанымыз бар.

Шынында да сенімнің күші болар, келініміз ешқандай жарақатсыз, денсаулық кінәратынсыз босанғанын айтып жатыр. Әрине, баланың өмірге келуі ана үшін қандай бақыт болса, сол бақытқа жету жолында бірталай қиындықтардан өтуге тура келетінін де түсінеді. Қазақтың жақсы ырымдарын қолдайық, жалғастырайық!

Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


ОҢнан бастағанның ісі ОҢАЛАДЫ


Жас келіннің аяғының астына НЕГЕ КІЛЕМ төсейді?