​«Жұлдыз той» КІМДЕРГЕ жасалатынын БІЛЕСІЗ бе?

0
7 964

Ұл баласы жоқтарға құлаққағыс...


​«Жұлдыз той» КІМДЕРГЕ жасалатынын БІЛЕСІЗ бе?

фото: edenbaophotography.com

Перзент – Алланың беретін теңдессіз сыйы. Әжем «денсаулық пен перзент сатып алатын дүние емес. Ақшаң болса қалғанының бәрін сатып алуға болады» деп айтып отыратын. Сөзінің жаны бар. Дерт дендегенде дауа таппай тәнің ауырады, құшағың балаға толмағанда жан-дүниең ауырады. Тапқаныңның берекесі, үйіңнің мерекесі болмайды. Үйдің сәнін де, әнін де кіргізетін ПЕРЗЕНТ пен ДЕНСАУЛЫҚ.


Алайда Алланың бергеніне шүкіршілік етудің орнына күпірлік жасап, ҚЫЗ берсе, Ұл бермеді, Ұл берсе, ҚЫЗ бермеді деп налитынымыз да бар. Қалай десек те, АТА-АНА бақытын бұйыртқанына ТӘУБЕ деуіміз керек.

фото: pinterest.ru

Бұл мақаланы жазуыма ата-енемнің тосыннан жасаған ұсынысы себеп болды.


Біз қайным екеуміз бір күнде отау құрдық. Той да, құдалық та, тіпті бесік той да бірге өтті. Мен ұлды, абысыным қызды болып, қуанышымызда шек болмады. Араға 2 жыл салып балапандарымыздың қатарын көбейттік. Бұл жолы да менің құрсағыма ұл бітті. Ал абысыным қыз босанды. Жылдар жылжып мен 3 ұлдың, абысыным 3 қыздың анасы атандық. Осы кезден бастап абысыным екеуміздің арамызда түсініксіз салқындық пайда бола бастады. Ол қыздарын менің ұлдарыммен ойнатуды қойды. Тіпті, мектептерін де, балабақшаны да ауыстырып алды. Әрқайсысымыз өз тіршілігімізбен әуре болып жүріп, уақыттың қалай өткенін де байқамай қалдық.

Енемнің, жолдасымның қолқалауымен төртінші перзентімді көтердім. Міне, осы құрсақты көтергеннен бастап менің жүйкем жұқарып, күндіз-түні ой үстінде болдым. Неге дейсіз бе? Сәйкестік пе, әлде тағдыр ма белгісіз. Абысыным екеуміз қатар көтеріппіз. Бұл қуанышты естіген ата-енем «қатал» шешім шығарып, жолдастарымызға айтыпты. Күйеуімнің айтуына қарағанда егер менікі ұл, абысынымдікі тағы да қыз болса, ешкімге білдірмей бөпелерді ауыстырады екенбіз. Бұл жаңалық төбемнен ұрғандай әсер етті. Тіпті УДЗ-ден өткенде де жынысын сұраған жоқпын. Естуімше абысыным да сұрамаған екен.

Жасырып қайтейін құрсағымдағы бөпемді қызғандым. Алладан қыз болуын тіледім. Осылайша мұңды күндер өтіп жатты... Ай-күніміз жақындағанда алдымен абысыным перзентханаға кетті. Дүниеге қыз әкелді. Араға апта салмай менің де толғағым басталып, перзентханаға жол тарттым. Жаратушым тілегімді қабыл етіп, қызғалдақтай қызды сыйға тартты. Көңілім жайланып, арқамды кеңге салдым. Еміреніп еміздім. Қыздың жөні мүлде бөлек екенін күн сайын қосып жатқан қылықтарынан сезіндік.


Қызым қырқынан шыққан соң нағашыларына қыдырып бардық. Әңгіме арасында қызым ұл болғанда айырылып қала жаздағанымды айттым. Мұны естіген әжем енемнің ойын құптады. Алайда мына бір қызық жайтты айтып, үмітіме от жақты.


«Егер қатарынан қыз туылған әулетте ата-анасы ниет етіп ағайын, туыс, дос-жаран, құда-жекжаттың басын қосып, «Жұлдыз» той берсе, артынан ұл туылады. Бұл атамыздан қалған дәстүр емес. Десек те, берідегі қазақ халқы осылай ниеттеніп, жолын жасайды. Бұл тәжірибе өзімнің жиенімнің жағдайында болған. 5 қызына «Жұлдыз» той жасап, елдің батасын алған. Тілекші халық олардың әулетіне ұл баланың дүниеге келуін тіледі. Араға 2 жыл салып жиенім құрсақ көтерді, тоғыз ай, тоғыз күнді толтырып шекесі торсықтай ұлды дүниеге әкелді. Бөпесінің буыны бекіп, бұғанасы қатқан кезде көкпар берді. Ниет, сенім, үміт ешқашан алдамайды. Бастысы Алладан тынбай тілеу керек. Қыз берген Алла ұлды да береді» деген болатын әжем.


фото: finance.bigmir.net

Мұны естіген соң енем арқылы абысыныма жеткіздім. Ата-енем немере қыздарына «Жұлдыз» той жасап, жақсылар мен жайсаңдардың басын қосқан еді. Алланың бұйырғаны болар биыл қайынағам мен абысынымның шаңырағында үлкен қуанышты тағатсыздана күтіп отырмыз. Ата-енем алтын асықтай немересіне есім де таңдап қойыпты. Алла қуанышымызды ұзағынан сүйіндіргей.


Ардақты оқырман! Егер сізде де осындай жағдай болса, әулетіңізбен ақылдасып, біздің тәжірибемізді байқап көріңіз. Үмітіңізді үзбеңіз. Сенім алдамайды. Арманыңыз орындалады.


Жазып алған - Асыл АРМАН,

Оқи отырыңыз: