Жәрдемақыдан бас тартқандардың табысы жарияланды

0
99

Әлеуметтік төлемдерден бас тартқандардың қатарында ай сайынғы табысы 2-3 миллион теңгеден асатын көпбалалы отбасылар да бар.


Жәрдемақыдан бас тартқандардың табысы жарияланды

фото: Пресс-служба министерства труда и социальной защиты Казахстана

ERNUR.KZ. Қазақстанда әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тартқандардың саны 900 адамнан асты. Олардың арасында ай сайынғы табысы бірнеше миллион теңгеге жететін отбасылар бар, деп жазады sputnik.kz.
Қазан айында eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасында "Әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тарту" цифрлық сервисі іске қосылған болатын.
"Содан бері әлеуметтік төлем алушылардың 900-ден астамы осы мүмкіндікті пайдаланды", – делінген министрліктің ресми хабарламасында.
Ведомство мәліметінше, әлеуметтік төлемдерден көбіне тұрақты жеке кәсібі мен жоғары табысы бар, бірнеше жылжымайтын мүлік нысанына, соның ішінде элиталық тұрғын үйге және көлік құралдарына иелік ететін азаматтар бас тартады.
"Олардың отбасылық бюджетінде мемлекеттік жәрдемақының үлесі айтарлықтай емес. Мысалы, еліміздің батыс өңіріндегі төрт кәмелетке толмаған баласы бар алты адамнан тұратын отбасының ай сайынғы ресми табысы 3,8 миллион теңгеден асады. Бұл отбасы жәрдемақыдан өз еркімен бас тартқан", – деп хабарлады министрлік мамандары.
Мұндай жағдайлар оңтүстік өңірлерде де кездеседі. Сервисті пайдаланған отбасылардың бірі жалдамалы жұмыспен қатар жеке кәсіпкерлікпен де айналысады. Олардың меншігінде бірнеше тұрғын үй мен жер учаскесі бар.
Ал орталық өңірдегі тағы бір отбасы жеті адамнан, оның ішінде бес кәмелетке толмаған баладан тұрады. Отбасының ай сайынғы ресми табысы 2,3 миллион теңгеден асады. Меншігінде элиталық тұрғын үй, жер учаскелері, жеңіл автокөліктер мен коммерциялық көлік бар. Бұл отбасы да әлеуметтік төлемдерден бас тартқан.
Айта кетері, әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тарту азаматты болашақта мемлекеттік қолдау алу құқығынан айырмайды. Егер өмірлік жағдайы өзгеріп, материалдық ахуалы төмендесе, азамат кез келген уақытта жалпы тәртіппен жәрдемақы тағайындауға қайта өтініш бере алады.