БАЯУ ЖҮЗУ, ФЛОАТИНГ: Су спортындағы жаңа фитнес-трендтер

0
214

Кейбір бассейндерде медитация суда ұйықтаумен аяқталады.


БАЯУ ЖҮЗУ, ФЛОАТИНГ: Су спортындағы жаңа фитнес-трендтер

фото: ЖИ

Бүгінгі суға түсу – тек жазбен бірге басталатын уақытты жақсы өткізудің жолы ғана емес. Шомылудың қызығы ыстық күнде салқындаумен шектелмейді. Баяу жүзу, акватерапия, флоатинг, тағы басқа бағыттары пайда болуда. «Ақылды бассейн» ұғымы мен қызметі де күн санап өмірімізге етене еніп келеді.


Ешкіммен жарыспай, баяу жүзу – жаңа тренд

Баяу жүзу – соңғы кездің ең қызықты трендтерінің бірі. Ол өз сезіміңе көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Баяу жүзу кезінде ешкіммен жарыспай, уақытпен санаспай, бар назар тыныс алуға, қозғалысты біркелкі орындауға және өз денеңіздің ритмін сезінуге бағытталады. Мұндай жүзудің әсері йога немесе медитация жасағанмен бірдей: стресс деңгейін төмендетеді, вестибулярлық аппаратты дамытады, омыртқа мен бұлшықеттердегі кернеуді азайтады. Тыныш жерде, баяу, жанға жайлы әуен аясында жүзгенде әсері одан сайын күшейеді. Бүгінде кейбір бассейндерде арнайы баяу жүзу жолақтары бар, онда жарық жұмсартылған және сөйлесуге тыйым салынған.


Ашық суда жыл бойы жүзу – саналы фитнес

Ашық су айдындарында шомылу үшін жазды күту – енді ескі көзқарастағылардың ісі. Инфрақұрылымның дамуы, жаңа технологиямен дайындалған жылы костюмдер және салқын суға төзімділікті арттырудың танымал болуы бәрін өзгертті. Қазір қысқы уақытта да шомылуға болатын ашық су айдындары бар. Мәселен, Берлин, Лондон, Копенгаген, Цюрих қалаларында мұндай су айдындары үйреншікті орынға айналған. Қыста шомылуға болатын арнайы ашық бассейндерде су температурасы шамамен +15°C болады. Бұл жүйке жүйесін жұмсақ, бірақ тиімді түрде «қайта жүктеудің» тамаша тәсілі.


Су ішінде жаттығу – тиімдірек

Су – жаттығудың тиімділігін арттыру үшін керемет орта. Ол буындарға ауыртпалық түсірмей, қозғалысқа қарсылық береді. Осы себептен бассейнде жасалатын жаттығу бағыттары көбейіп келеді. Бұрын «аквафитнес» пен «аквааэробика» атауларын ғана естісек, қазір оларға «аква-табата», «аква-флэт» қосылды. Тіпті, су астында жүгіру де қалыпты жаттығуға айналды.


Гидрофлоатинг – су терапиясы

Гидрофлоатинг – бұл терминнің трендке айналуы адамдардың толық демалып, тыныштық пен қайта жүктелуді қалайтынын көрсетеді. Сенсорлық депривация жағдайында дене су бетінде қалықтай қозғалады. Нәтижесінде жүйке жүйесі толық демалады, бұлшықеттер босаңсиды, кортизол деңгейі төмендейді, тыныс алу теңестіріледі. Флоатинг ұйқыны жақсартады, қобалжуды азайтады, күйіп-шаршағандарға көмектеседі. Кейбір бассейндерде тіпті түнгі судың медитация сеанстары бар, олар суда ұйықтаумен аяқталады.


Бассейндегі биоақпарат

Технологиялар суға да жетті. Қазір жүзу техникасын және биомеханиканы нақты уақыт режимінде талдайтын жүйелер дамып жатыр. Шомылу костюміне немесе сүңгуірдің көзілдірігіне енгізілген сенсорлар тыныс жиілігі, дене позициясы, жалпы ағза жағдайы туралы мағлұмат беріп тұрады. Жасанды интеллект жинақтаған ақпараттарды ескере отырып, жеке жаттығу бағдарламалары жасалады. «Ақылды» бассейндер жаттығу кезінде бұлшықет қышқылдығын және лактат деңгейін өлшей алады.


Жүзу – әлеуметтік ритуал

Топтық жүзу сессиялары тек жаңадан бастаушылар үшін емес, өздерін қолдайтын қоғам іздейтіндер үшін де танымал. Таңғы жаттығулар, қалалық жағажайдағы кездесулер, ашық суда жүзу немесе swim & talk форматтары адамдарды біріктіреді. Мұндай тәсіл спортты тек жүктеме ретінде емес, денемен байланыс және ритуал ретінде қабылдауға үйретеді.

Бүгінгі су жаттығулары – тек сән емес, саналы таңдау, саулық пен тұрақтылыққа апарар жол.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

«Плато» кезеңінен өтіп алсаңыз, САЛМАҚ ТАСТАУ жылдамдайды