Бұл жаттығулардың көмегімен баланың миы тынығып, дами түседі әрі жұмыс істеуі жақсарады.
фото: pbs.twimg.com
Жақын күндері мектеп оқушыларының кезекті тоқсандық демалысы басталады. Ең ұзақ әрі шешуші саналатын тоқсанның бала ағзасын шаршататыны да белгілі. Оның үстіне көктем мезгілінің де бала денсаулығына әсері болмай қоймайды. Әлсіздік, сабаққа ден қоя алмау да көбіне осы мезгілде байқалады. Ал алда жылды аяқтайтын тоқсанның сабақтары тағы бар. Шешуші емтихан, тесттер үшін баланы дайындау да қажет.
Бір аптадан аз ғана асатын осы уақытты құр өткізбей, баланың миын дамытатын әрі тынықтыратын нейрогимнастика жасату маңызды.
Нейрогимнастика – бұл ми жаттығуы. Біз күнделікті өмірде қол-аяғымызды сермеп, қарапайым дене жаттығуларын жасаймыз. Біраз уақыт белсенді қозғалыс болмаса, денеміз құрысып-тырысып қалады. Дәл сол сияқты, миды да белсенді «қозғалтып», жақсы жұмыс істеуі үшін қарапайым ми жаттығуларын жасап тұрған абзал. Осыны балаға жақсылап түсіндіріп, бірге гимнастика жасауды қолға алсаңыз болады.
Нейрожаттығулардың пайдасы қандай?
- Мидың оң жақ және сол жақ жарты шарларының үйлесімді жұмыс істеуін жақсартады.
- Ұсақ және ірі моториканы дамытады.
- Ақпаратты тез қабылдап, қорытуға көмектеседі.
- Зейінді шоғырландырады.
- Есте сақтау қабілетін арттырады.
- Оқу және жазу процесстерін жеңілдетеді.
- Мидың жұмыс істеу өнімділігін арттырады.
1-жаттығу
Баланы үстелге отырғызыңыз. Жаттығу кезінде екі қолмен бірдей жұмыс жасалады. Алдымен алақанмен, одан соң алақан қырымен, соңында жұдырықпен үстел бетін кезектестіре бір-бір реттен ұрғылауға тиіс. Бастапқыда асықпай жасап, біршама жаттыққан соң жылдамдықты арттыра түсу қажет.
2-жаттығу
Ойын түріндегі бұл жаттығу «Қоян мен мысық» деп аталады. Алдымен екі қолмен кезек-кезек жасап үйрету қажет. Мәселен, оң қолдан бастаңыз. Оң қолын жоғары көтеріп отырып, бірінші бас бармақ пен аты жоқ және шынашақ саусақтарды біріктіреді. Сұқ саусақ пен ортан терек тік күйінде қалады. Осы қалыпта «қоянның құлағы» жасалады. Содан соң саусақтардың орнын ауыстыру керек. Бұл жолы бас бармаққа қарай ортан терек пен аты жоқ саусақты иеміз. Сонда сұқ саусақ пен шынашақ тік қалыпта қалады. Бұл – «мысық».
Бала осыны бірнеше рет қайталап, қолын жаттықтырып алсын. Содан соң келесі сол қолға ауысып, дәл осылай жасап жаттықтырыңыз. Гимнастиканың үшінші кезеңінде екі қолмен бірдей жұмыс жасау керек. Яғни, бір мезетте оң қол «қоян» қалпын жасаса, сол қолмен «мысық» қалпын, содан соң ауыстырып жасап қайталатасыз. Саусақтары мен миы жаттыққан сайын қимылын да жылдамдата түсуге тиіс.
3-жаттығу
«Сақина» деп аталатын келесі жаттығуды да жасау үш кезеңнен тұрады. Бірінші және екінші кезеңдерде бала екі қолмен кезек-кезек жасап жаттығады. Қолды жоғары көтеріп отырып бас бармақ және басқа төрт саусақтың көмегімен кезектестіре сақина жасау қажет.
Бірінші – бас бармақ пен сұқ саусақ, екінші – бас бармақ пен ортан терек, үшінші – бас бармақ пен аты жоқ саусақ, соңында – бас бармақ пен шынашақ ұшын бір-біріне тигізеді. Содан соң шынашақ пен бас бармақтан бастап, кері қарай саусақтарын қайта сақиналайды.
Үшінші күрделі кезеңде осы қимылдарды екі қолмен бірге жасауға тиіс. Күрделілігі сол – гимнастика екі қолмен бір-біріне қарама-қарсы бағытта жасалады. Яғни, бір мезетте оң қолмен сақина жасауды сұқ саусақтан, ал сол қолмен шынашақтан бастау қажет. Осылайша кезектестіріп, жылдамдықты арттыра береді.
4-жаттығу
Бұл жаттығу зейінді бір жерге шоғырландыруда таптырмас тәсіл. Сондықтан, тек демалыс уақытысында ғана емес, сабақ кезінде де жиі жасатып тұруға болады. Жалпы, күнделікті үй тапсырмасын орындауға отырғанда осы жаттығудан бастаған абзал. Сонда баланың зейіні шоғырланып, ойы жинақталады да, соңыра бар назары тапсырма орындауға, сабақ оқуға ауады.
Ол үшін ақ қағазға төмендегідей әріптер тізбегін үлкенірек етіп жазып беріңіз:
МИИТТЬЬБЮЮЮКІТАПЬИРЛЛДДДЖД
ЭООРПВЫЫГЗХЪКЦАСАҒАТЛПЛДИЬБ
АПРОЛНКВРЛЬҚАЛАМДДЖДҰКАЕААР
АСТОТОАВВЫКГЩЗЬБЮЖТТАҒАШЛТБ
ЧИДӘПТЕРШПАОПАИОГАОДХҺЦКААХ
ВЕНРРРООРРЛПШЕАЫЦЙИЬМАҚАЛБЮ
КВАЛМАЕНПРРАСОНУЦВНРШЗБОАТСО
ЫЕНРСМЛЛТАРАҚЫПМОЛАТССЬЛРАВ
Мұнда әр жолда мағына беретін бір сөз орналасқан. Бала мағынасыз әріптер тізбегін дұрыс оқи отырып, мағыналы жасырын сөзді тауып, астын сызып көрсетуі керек. Уақыт есептеуішті іске қосып, жылдамдықпен жұмыс жасауды ұмытпаңыз. Баланың жас шамасына қарай тапсырманы күрделі ете түсуге болады. Ол үшін әріптер тізбегін ұзартасыз.
Бұл жаттығуларды күнделікті таңертең және кешкісін әрқайсысын 1-2 минуттан жасаған дұрыс. Олар балаларға ғана емес, ересек адамдарға да өте пайдалы. Ми жұмысын жақсартып, шығармашылық қабілетті дамытуға, ақпаратты қабылдауға, қорытуға, түйсіктің дамуына көмектеседі. Сондықтан, балаңызға үйрете, күнделікті қайталата отырып өзіңіз де жасаңыз.
Дайындаған: А.Мейірханқызы,