«Аз уақытта көп салмақтан құтылуға көмектесем» деп, табыс көзіне айналдырғандар қаншама?
Сурет: ts1.mm.bing.net
Бүгінгі таңда мінсіз мүсінді сақтап жүру үлкен трендке айналды. Әлеуметтік желілерді парақтай қалсаңыз, екінің бірінің айтатыны – артық салмақтан арылу туралы. Сұраныс болғасын, ұсыныс та көп, әрине. «Аз уақытта көп салмақтан құтылудың» сан түрлі жолы мен тәсілін ойлап тауып, табыс көзіне айналдырып отырғандар қаншама?
Соңғы уақытта арықтаудың түрлі амалын жасап шаршаған жандар аздыратын екпелер мен тамшыдәріні сынап көріп жүр. Бір қызығы, бұл әдістерді қолданушылар спорт залында тер төкпей-ақ, қатал диета ұстамай-ақ тез нәтижеге жететінін айтып мақтанады.
Алайда, медицина мамандары мен фитнес-сарапшылар бұл үрдіске үлкен күмәнмен әрі қауіппен қарайды. Танымал «аздыру» жүйелерінің әсері шынайы ма? Олардың тасасында қандай қауіптер жатыр?
«Cinderella drip» немесе «Золушка» коктейлі бүгінде сұлулық клиникаларының ең өтімді өніміне айналды. «Құрамында С дәрумені, В тобының дәрумендері, альфа-липой қышқылы және қуатты антиоксидант – глутатион бар, бұл жүйе зат алмасуды тездетіп, майды ерітеді» деп жарнамалайды.
Глутатион мен дәрумендер кешені шынымен де бауырдың жұмысын жақсартып, теріні ағартуға, адамға сергектік сыйлауға көмектесуі мүмкін. Бірақ оның май тіндерін ыдырататынын дәлелдейтін ешқандай салмақты ғылыми зерттеу жоқ.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдары (мысалы, АҚШ-тың FDA басқармасы) дәрумендерді тамыр ішіне тек медициналық көрсеткіштер бойынша (ағзада дәрумен мүлдем жетіспегенде немесе асқазан-ішек жолдары ауырғанда) құюды ұсынады. Ал тек арықтау үшін тамырға бейберекет инфузия жасау бауыр мен бүйрекке артық салмақ түсіреді.
«Оземпик» препараты соңғы жылдары Голливуд жұлдыздары мен танымал блогерлердің арасында нағыз сенсация тудырды. Бастапқыда бұл дәрі 2-типті қант диабетін емдеу үшін және айтарлықтай семіздікке шалдыққан адамдарға ғана арналып шығарылған.
Препарат ағзадағы тоқтық сезімін реттейтін ГПП-1 гормонын белсендіріп, асқазанның тамақты қорытуын баяулатады. Нәтижесінде адамның тәбеті мүлдем жоғалып, аз тамақтанады.
Бірақ бұл дәріні дәрігердің нұсқауынсыз, тек арықтау үшін қолданудың зардабы ауыр:
- Жанама әсерлері: Тұрақты жүрек айну, құсу, іш қату немесе іш өту.
- Ауыр зардаптары: Панкреатит (ұйқы безінің қабынуы), өт қабында тас байлану және бүйрек қызметінің бұзылу қаупі жоғарылайды.
- «Оземпик беті» (Ozempic face): Майдың тым тез кетуінен бет терісінің салбырап, адамның қартайып көрінуі.
«Муджаро» екпесі болса, бастапқыда 2-типті қант диабетін емдеу үшін жасалған дәрі. Алайда кейіннен оның салмақ түсіруге де айтарлықтай көмектесетіні анықталды.
Муджаро құрамындағы тирзепатид ағзадағы тәбетті реттейтін гормондарға әсер етеді. Соның нәтижесінде аштық сезімі азаяды, адам тезірек тояды, тамақтың асқазаннан шығуы баяулайды, тәуліктік калория тұтыну төмендейді. Клиникалық зерттеулерде көптеген адамдар дене салмағының шамамен 15–20%-ын, кейбірі одан да көп мөлшерін жоғалтқан.
Алайда кез келген дәрі сияқты «Муджароның» да жанама әсерлері бар. Ең жиі кездесетіндері: жүрек айну, құсу, іш өту немесе іш қату, кекіру, іштің кебуі, әлсіздік. Сирек болса да мынадай күрделі қауіптер болуы мүмкін:
- Ұйқыбездің қабынуы (панкреатит);
- Өт қабындағы мәселелер;
- Сусыздану;
- Кейбір адамдарда аллергиялық реакциялар.
Сондықтан «Муджаро» екпесін салдырарда аса сақ болған жөн? Әсіресе:
- Жүкті немесе бала емізетін әйелдерге;
- Қалқанша безінің кейбір ісік түрлеріне бейімділігі бар адамдарға;
- Кейбір асқазан-ішек аурулары бар адамдарға дәрігердің қатаң бақылауынсыз ұсынылмайды.
Сұлулық орталықтары ұсынатын басқа да «арықтатқыш тамшы дәрілердің» құрамында зәр айдағыш дәрі – диуретиктер кездеседі. Соның әсерінен процедурадан кейін адам 1-2 келі салмақ тастауы мүмкін. Бірақ бұл майдың еруі емес, ағзадағы судың сыртқа шығуы.
Адам қалыпты су ішу режиміне оралған сәтте-ақ, жоғалған келілер екі есе болып қайта қосылады. Бұған қоса, диуретиктерді орынсыз қолдану калий, натрий тепе-теңдігін бұзып, жүрек ырғағының бұзылуына (аритмия) және бұлшықет құрысуына әкеп соғады.
«Аздыратын» тамшыдәрілер мен екпелер атық салмақ мәселенің тамырымен күресу емес, тек уақытша бүркемелеу. Сәнге айналған процедураларға ақша мен денсаулығыңызды жұмсамас бұрын, міндетті түрде білікті дәрігер-эндокринолог немесе диетологпен кеңесіңіз.
Көп адам бұл өнімдерді «сиқырлы арықтатқыш» деп қабылдайды. Бірақ екпе тоқтатылғаннан кейін, өмір салты өзгермесе, жоғалтқан салмақтың бір бөлігі қайта оралуы мүмкін. Сондықтан ұзақ мерзімді нәтиже үшін дұрыс тамақтану мен физикалық белсенділік маңызды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


