Егер тым жиі қайталанса, оны елемеуге болмайды.
Аяқ сіңірінің жиі тартылып қалуы – кең таралған мәселе. Әсіресе түнде немесе спортпен айналысқаннан кейін көп қинайды. Бұл құбылыс бұлшықет құрысуы (қалтырау, тырысу) деп те аталады. Егер тым жиі қайталанса, оны елемеуге болмайды.
Сіңірдің тартылу себептері:
- Судың жетіспеуі (сусыздану). Көп терлегенде немесе аз су ішкенде, бұлшықеттердің жұмысы бұзылады
- Созылмалы аурулар. Қант диабеті, жүйке жүйесінің бұзылыстары, қалқанша без аурулары
- Магний, калий, кальций жетіспеуі. Бұл микроэлементтер жүйке-бұлшықет байланысы үшін қажет
- Бұлшықетке шамадан тыс жүктеме түсіру. Ұзақ жүргенде, көп жаттығу жасағанда, дұрыс созылмаған кезде пайда болады
- Қан айналымының бұзылуы. Аяққа қан дұрыс бармаса, сіңір тартылады
- Тыныштық жағдайынан кейінгі жиырылу. Ұйқы кезінде немесе ұзақ отырудан кейін
- Жүктілік. Гормоналдық өзгерістер мен қан айналымының өзгеруі әсер етеді
Сурет: 2.bp.blogspot.com
1. Түзу тұрып, қолыңды қабырғаға немесе орындыққа қойып, бір аяқты артқа жібер. Артқы аяқты тік, ал алдыңғысын сәл бүгіп тұрып, өкшені жерден көтермей иіл. 20-30 секунд ұстап, аяқтарды ауыстырып жаса.
2. Төменгі арқа мен балтырға арналған созылу. Тік тұрып, алға иіліп, жерге қарай барынша еңкей.Мүмкіндігінше тізені бүкпеуге және алақанды жерге тигізуге тырыс. Бел мен балтыр бұлшықеттері тартылуы тиіс.Осы қалыпты 20-30 секунд ұстап тұр.
3. Аяқ ұшын тарту. Еденге отырып, бір аяқты алға созып, екінші аяқты ішке бүк.Түзу жатқан аяқтың ұшын қолмен немесе белбеумен өзіңе қарай тарт.Балтыр мен санның артқы бұлшықеттері созылуы тиіс.
4. Массаж және жылыту. Құрысқан кезде аяқты уқалау, жылы суға салу немесе жылытқыш қою көмектеседі.Аяққа массаж жасау қан айналымын жақсартады.
5. Микроэлементтерді толықтыру. Сіңір жиі тартыла берсе, бұл көп жағдайда магний, калий немесе кальций жетіспеушілігінен болуы мүмкін. Магний үшін жаңғақ, қарақұмық, банан, қара шоколад жеу керек. Калий жетіспеушілігі болса, мәзірге банан, құрма, картоп, қызанақты міндетті түрде қосыңыз. Ал кальций жетіспеушілігін сүт, айран, ірімшік, брокколиді мол тұтыну арқылы толықтыруға болады. Қажет болса, дәрігермен кеңесіп, басқа да БАД немесе дәрумендерді қоса қабылдау керек.
6. Суды жеткілікті ішу. Күніне кемінде 1.5-2 литр су ішуді ұмытпаңыз (физикалық белсенділікке байланысты көбейеді).
Қашан дәрігерге қаралу керек?
Егер сіңір:
- өте жиі тартылса (күніне бірнеше рет)
- түнде әрдайым ұйқыдан оятса
- жүрек, бауыр, бүйрек ауруларыңыз болса
- ауырсыну күшті болса немесе ұзаққа созылса - невропатологқа немесе терапевтке міндетті түрде көрініңіз.
Дайындаған: А. Мейірханқызы,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: