Желкеге жиналған майды кетіруге болады. Ол үшін әрекет ете білу керек. Үй жағдайында массаж жасап, жаттығулармен айналысып көріңіз.
фото: zazagirl.com
Сырт қарағанда мүсіні сымдай тартылып, жібектей майысқан қыз-келіншектерді көргенде еріксіз тамсанасың. Бірақ айналамыздағы нәзікжандылардың барлығы бірдей сұлу мүсін иесі емес. Арасында өз дене бітіміне, киген киіміне мән бермейтіндері де табылады. Ал, сіз осының қайсысына жатасыз? Өз мүсініңіздің тартымды болуы үшін не істеп жүрсіз? Осы орайда біз мойынның әдемілігін артыратын желке тұсқа тоқталып өтпекпіз. Себебі мойынның әдемі көрінуі желкеге де байланысты.
Желкеге жиналған майды кетіруге болады. Ол үшін әрекет ете білу керек. Үй жағдайында массаж жасап, жаттығулармен айналысып көріңіз. Біз айтқалы отырған тәсіл сіздің әдемілігіңізді арттыра түсетіні сөзсіз. Сондықтан да бізбен бірге болыңыздар!
Егер сіз желкеге массаж жасайтын болсаңыз, ондағы зат алмасу мен қан айналым жақсарады. Басқа да пайдалы әсерлері көп.
фото: proctorchiropractic.com
1-жаттығу
Алдымен оң қолды желкеге апарыңыз. Сосын сол қолмен оң қолдың шынтағынан ұстап, созуылуына көмектесесіз. Сонда қолыңыз желкеге толық жетіп, массаж жасау да ыңғайлы болмақ. Содан соң желкені ұрғылай бастайсыз. Бірақ қатты күш салудың қажеті жоқ. Басында жай сипалаудан бастасаңыз да болады.
2-жаттығу
Саусақтардың ұшымен иыққа қарай нүктелі түрде массаж жасайсыз. Егер массаж кезінде желкенің кейбір жерлері ауыратын болса, одан қорықпай-ақ қойыңыз. Ондай жерлерді де жай қимылдармен сипалап өткен дұрыс.
3-жаттығу
Желкеге қолды апарып, айналдырып массаж жасау керек. Алдымен жоғарғы жағына, сосын астыңғы жағына жасалады. Әсіресе май жиналған тұсқа көбірек айналдырған жөн.
4-жаттығу
Екі қолды желкеге апарып, кезек-кезек ұрғылай бастаңыз. Басында жай қимылмен, артынан жылдамтықты қосасыз.
5-жаттығу
Оң қолды арқаңызға жіберіп, иықтан төмен түсіресіз. Сосын қолыңыз жеткен тұсты алақанмен қатты басып тұрыңыз. Егер осылай екі қолыңызбен де жасай алсаңыз тіптен жақсы.
Соңында желкеге тыныштандыратын жаттығулар жасау керек. Алдымен сипалап, артынан жай-жай ұрғылау қажет. Шымшылауға да болады.
Мынадай гимнастикалар да пайдалы
Қимыл-қозғалыс – бұл өмір. Сондықтан да желкедегі майды кетіруге арналған гимнастикаларды да жасап үйреніңіздер. Бірақ та бір есте сақтайтын нәрсе – жаттығуларды күн сайын орындап отыру қажет. Мұндай жаттығуларды тәулік бойы бірнеше рет қайталаған да артықтық етпейді.
- Бірдеңеге келіспегенде басыңызды оңға-солға шайқайтыныңыз рас. Бұл ретте дәл солай басыңызды шайқасаңыз болғаны.
- Ал, екінші жаттығуда керісінше келісім білдіріп жатқаныңызды білдіріп, басыңызды алға қарай иесіз. Жатығуды бірнеше рет қайталау керек.
- Үшінші жаттығуда басты алдымен оң иыққа қарай, сосын сол иыққа қарай бұрасыз. Осылайша жаттығуды жай қимылмен бастап, соңынан жылдамдатасыз.
- Басты айналдыңыз. Оң жаққа қарай 10-12 рет айналдырсаңыз, сол жаққа қарай да сонша рет қайталау керек.
- Иықты көтеріп, 10 секундтай сол қалыпта тұрып қалыңыз. Кейіннен иықты түсіріп, босаңсытасыз.
- Алақанды маңдайға қойып, басты артқа қарай итереді. Бұл уақытта бұлшықеттер арқылы қарсылық танытып, басты қозғалтпауға тырысу керек. Жаттығуды 5-6 рет қайталаған дұрыс.
- Қолыңызды алға қарай, сосын арт жаққа қарай бұлғайсыз. Бірінші күндері жай қимылмен 10 рет жасасаңыз, екінші-үшінші күндері 30-50 реттен, жылдам қимылмен жасаңыз.
фото: look.com.ua
Осындай жаттығулар арқылы желкедегі майға әсер етіп, оның жойылуына кәдімгідей ықпал етесіз. Тек жаттығулардың әрқайсысын дұрыс орындап, жалқаулыққа салынбасаңыз болғаны.
Құрманкүл Өмірзаққызы,
ERNUR.KZ