Кеуде, иық, арқадағы кернеуді жеңілдетіп, бүкіл денеде энергияны таратуға көмектеседі. Иық пен қолдағы буын байламдарын босатады.
Сурет: liveinternet.ru
Бұл жаттығуды йога жаттықтырушылары «Өзіңді құшақтау» немесе «Жүректі ашу» деп атайды. Атауы қандай жылы болса, пайдасы да сондай жағымды.
Жасалу реті:
- Екі аяқтың арасын аздап ашып (иық деңгейінде), екі қолды екі жаққа жайып, тік тұрыңыз.
- Жайылған қолдарды ақырын бір-біріне жақындатып, айқастырып, өзіңізді иық сыртынан құшақтаңыз.
- Қолдарды төмен қарай түсіре отырып қайта екі жаққа ашып, кеудені барынша ашып, қолды артқа қарай созыңыз.
- Осылайша 15 рет қайталай отырып, 2 айналым жасаңыз.
Жаттығуды жасау барысында қолыңызды еркін ұстап, өз еркімен жасаған дұрыс. Қозғалысты аса қатты бақылауда ұстамаңыз. Қолдар алға және жоғары, артқа және төмен өз еркімен әткеншек сияқты қозғалуы керек.
Есесіне, тыныс алуды жіті бақылаңыз. Қолдар артқа қарай серпілгенде ауызды жауып, мұрынмен терең тыныс алыңыз. Қолдарды кеуде тұсында айқастырған кезде демді ауызбен шығарыңыз. Осы сәтте кеудені барынша сыртқа қарай күжірейтіп, бүкіл ауаны шығаруға тырысу қажет. Деммен бірге ішіңізден барлық негатив, жаман энергия, қысылулар мен ауырсынулар шығып жатқанын елестетіп, ауаны барынша екпінмен үрлеңіз.
Жаттығуды жасау кезінде аяқты тізеден бүгіп жарым-жартылай секіріп тұрсаңыз, әсері тіптен еселене түседі. Мұнда да өзіңізді қинап, дене мүшелеріне күш түсірудің қажеті жоқ. Табанды жерден көтерместен, секіруге ұқсайтын жеңіл әрекет жеткілікті.
Бұл жаттығуды кез келген жерде, кез келген уақытта жасай бересіз. Кеуде, иық, арқаның жоғарғы бөлігінде кернеуді жеңілдету үшін тамаша жаттығу. Сондай-ақ бүкіл денеде энергияны таратуға көмектеседі. Иық пен қолдағы буын байламдарын босатуға және дене пішінін жақсартуға ықпалы бар.Бұлшықеттерге физикалық әсер етумен шектелмейді, сонымен қатар эмоционалдық жай-күйіңізді де айтарлықтай жақсартады. Өзіңізді құшақтай отырып бойдағы бар махаббатты өзіңізге қарай бағыттайсыз. Қамқорлық, өзіңді жақсы, ерекше, қымбат санау сезімі бірден білініп, жанды жылытады, жүрек көзін ашады.
Аударған: А. Мейірханқызы,