Электронды тіс щеткасын қолданып көріңіз, өкінбейсіз

0
1 061

Қарапайым ысқыштан артықшылығы өте көп


Электронды тіс щеткасын қолданып көріңіз, өкінбейсіз

Электронды тіс щеткаларының қарапайым тіс щеткасымен салыстырғандағы артықшылықтары мыналар.


1. Жоғары жиіліктегі тербеліс арқылы тиімді тазалау

Электронды тіс щеткалары минутына 20 000-40 000 тербеліс жасай алады. Бұл тісті қолмен ысқылауға қарағанда әлдеқайда жылдам. Тербеліс жиілігінің арқасында тістің сыртқы қаптамасын жақсырақ тазалап, тіс араларындағы және қиын жерлердегі қалдықтарды тиімді кетіреді.

Өндірушілер электронды щеткалар ауыз қуысындағы қалдықтарды 21%-ға дейін жақсырақ жояды және қызылиек саулығын 11%-ға жақсартады деген дерек берген.


2. Тазалау техникасын дұрыс жасау

Тіс дәрігерлері тісті тазалауға 3 минут арнау керегін айтады. Осы уақыттың өзін тістің астыңғы және үстіңгі, ішкі-сыртқы, ортаңғы-шеткі бөліктеріне теңдей бөлу қвжет. Бірақ, тіс жуғанда кім сағатқа қарап, минут санап қарап тұрады дейсің?

Көптеген электронды щеткаларда уақыт таймері орнатылған. Бұл тісті асығыс, шала-шұрпы тазалаудан сақтайды. Әр бөлікті дұрыс тазалау үшін жеткілікті уақытты қамтамасыз етеді. Электронды щетка дыбыстық сигнал бергеннен кейін барып тоқтату – минут-секунд санаудан құтқарады. Ал кейбір жетілдірілген модельдер қызылиекке қаттырақ қысым түсіп жатса, оны да ескертіп, жарақаттанудан қорғайды


3. Моторлы көмек: жеңіл пайдалану

Электронды тіс щеткасы мотор көмегімен өздігінен тербеліс жасайтындықтан, онымен тісті әрлі-берлі ысудың қажеті жоқ. Тек ұстап тұрсаңыз болғаны. Көпшілік адамдар «Өзің ысқылағанда тұрған не бар? Сол да қиын болып па?» деуі мүмкін. бірақ, арамызда азшылық болса да қол күші әлсіз адамдарға, егде жастағы немесе қозғалысы шектеулі жандар барын ескерейік. Құрылғы сондай жандарға тістерін оңай тазалауға мүмкіндік береді. Тісін жууды енді үйреніп бастаған кішкентай балалар үшін де ыңғайлы.


4. Арнайы функциялар

Тазалау режимдері: Әртүрлі режимдер (мысалы, ағарту, массаж) тіс тазалауды жеке қажеттіліктерге бейімдейді.

Басқа да мүмкіндіктер: Кейбір үлгілер смартфонға Bluetooth арқылы қосылып, тазалау әдеттері туралы деректерді ұсынады.


5. Тіс ауруларының алдын алу

Тісті электронды щеткамен тазалау тіс жегісі мен гингивиттің пайда болу қаупін азайтады. Кофе, шай, басқа да зиянды сусындар мен темекіден пайда болған дақтарды тиімді кетіреді. Сол арқылы тіс эмалін бұзылудан сақтайды.


Қандай түрлері бар?

Электронды тіс щеткаларының түрлері мен бағалары олардың функциялары мен технологиясына байланысты өзгереді. Негізгі түрлері мыналар:

1. Механикалық щетка – дәстүрлі айналмалы немесе тербелмелі қозғалыстар жасайды. Бағасы шамамен 5 000-15 000 теңге аралығында.

2. Дыбыстық щеткалар – жоғары жиілікті дыбыстық толқындар арқылы тазалайды. Бұл модельдер жұмсақ болып келеді. Тіс эмалі мен қызылиекке зиян келтірмейді. Орташа бағасы 20 000-50 000 теңге.

3. Ультрадыбыстық щетка – тереңірек тазалауға арналған, ультрадыбыстық толқындар арқылы жұмыс істейді. Олар тамақ қалдықтарын ғана емес, қызылиек пен тіс түбіндегі микробтарды жоя алады. Бағасы жоғары, шамамен 40 000-100 000 теңге аралығын қамтиды.

4. Ионды щеткалар – арнайы технология арқылы иондардың әсерімен жұмыс істейді. Олар тіс пастасын пайдаланбай-ақ тиімді тазалауға мүмкіндік береді. Бағалары 30 000 теңгеден басталады.

Қазақстанда электронды тіс щеткаларын ірі онлайн-дүкендер мен стоматологиялық жабдық сататын дүкендерден табуға болады. Модель мен функцияларға байланысты таңдау ауқымы кең. Қазақстан нарығындағы ең арзан модельдер 2000-2200 тг-ден басталса, ең қымбат нұсқалары 200 мыңнан асып жығылады.

Philips Sonicare және Oral-B – ең танымал брендтер қатарына жатады.



Қанша уақытқа жарайды?

Электронды тіс щеткаларының қолдану ұзақтығы бірнеше факторға байланысты: құрылғының түрі, сапасы, және пайдаланушының күтіміне.

1. Жалпы қызмет мерзімі

Электронды тіс щеткасының корпусы әдетте 3-5 жылға дейін жұмыс істей алады. Әрине, егер дұрыс қолданылып, күтіп ұсталса.

Көптеген құрылғылардың батареялары шамамен 2-3 жыл үздіксіз пайдалануға жарамды. Уақыт өте келе батареяның қуаты азаюы мүмкін.

2. Қылшық бастарын ауыстыру

Қылшық бастары тозуға бейім, сондықтан оларды әр 3 ай сайын немесе қылшықтары тозған жағдайда ауыстырып отыру ұсынылады. Бұл гигиена мен тиімді тазалауды қамтамасыз етеді.

3. Күтім және пайдалану

Құрылғыны дұрыс сақтау (ылғалдан аулақ, зарядты уақтылы толтыру) оның қызмет мерзімін ұзартады.

Құлау немесе дұрыс қолданбау құрылғының істен шығу мерзімін жақындатуы мүмкін.

4. Кепілдік мерзімі

Көптеген брендтер (мысалы, Philips Sonicare, Oral-B) құрылғыларына 1-2 жыл кепілдік береді. Осы уақыт ішінде ақау шықса, ауыстыру немесе жөндеу мүмкіндігі бар.

Дайындаған. Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


2024 жылдың ең ҮЗДІК 8 шағын ФОТОПРИНТЕРІ


Алдағы уақытта ТЕЛЕФОНҒА SIM-карта КЕРЕК БОЛМАЙДЫ