Алдағы уақытта ТЕЛЕФОНҒА SIM-карта КЕРЕК БОЛМАЙДЫ

0
510

Орнына бірнеше операторды қолдайтын чип келеді. Бұл не және қалай пайдалану керек?


Алдағы уақытта ТЕЛЕФОНҒА SIM-карта КЕРЕК БОЛМАЙДЫ

Сурет: skysmart.ru

Қарыштап дамып жатқан жаңа технология әлемінде гаджеттер ғана емес, SIM-карталар да эволюцияға ұшырауда. Олардың кішірейіп келе жатқанын көріп жүрміз. Көлемі кішірейгенмен, мүмкіндіктері азайып жатқан жоқ, керісінше, еселеп артуда. Міне, жаңа түрі – eSIM-нің дәуірі орнап жатыр. Келешекте пластик SIM-карталарға қажеттілік болмайды. Олардың орнына бірнеше операторды қолдайтын чип келеді. Бұл не және оны қалай пайдалану керек?


Әр телефонда SIM-карта бар. Бұл абонент пен операторды байланыстыратын модуль. Сондай-ақ абонентке ұялы байланыс қызметін пайдалануға мүмкіндік береді.

Ілгеріректегі түймелі телефондарға mini-SIM, кейінгі буынына mikro-SIM орнатылған. Қазіргі соңғы үлгідегі смартфондарға Nano SIM – пластиктен жасалған ең кішкентай формат орнатылады. Сіздің құрылғыңызда да дәл осындай карта болуы мүмкін.

Бірақ, Nano SIM-нің өзі бүгінгі таңда технологияның шыңы емес. Одан әлдеқайда ыңғайлы әрі кішірек бәсекелес пайда болды. Бұл — eSIM.


Бұл не? Қандай артықшылығы бар?

eSIM (embedded SIM – ендірілген SIM) – смартфонның зауыттың құрылымына орнатылған SIM-карта. Мұндай цифрлық чипті бөлек сатып алудың, корпусқа орнатудың қажеті жоқ, ол құрылғының ішінде бастапқыдан бар. Физикалық SIM-картаны алмастырады, оған қоса салыстырмалы түрде алғанда бірқатар артықшылықтары бар.

  • Орнату тәсілі. Физикалық SIM-картаны құрылғыға өзіңіз орнатуыңыз қажет. Ал электронды eSIM құрылғының зауыттық құрылымында алдын ала орнатылған болып келеді.
  • Операторды ауыстыру. SIM-картаны ауыстыру үшін оған онлайн түрде тек тапсырыс бере аласыз. Ал жаңасы қолыңызға заттай тиюі қажет. Бұл үшін жеткізу қызметін пайдалансыз немесе өзіңіз аяқтай барып аласыз. Ал eSIM болған жағдайда пайдаланушы байланыс операторын да, нөмірін де, тарифті де смартфонның параметрлері арқылы өздігінен өзгерте алады. Осылайша eSIM бізге байланыс операторына барып, нөмір шығару уақытын үнемдеуге көмектеседі.
  • Қолдану саласы. SIM-картаны орнату үшін физикалық слоттың болуы талап етіледі, бұл оның кейбір құрылғыларға орнатылуын шектейді. Ал eSIM сымсыз маршрутизаторлар, автомобильдердің борттық диагностика жүйелері, GPS трекерлері, смарт-сағаттар, құлаққаптар, есептегіштер, артқы айна және басқа да жасанды интеллект негізіндегі технологияларда қолданыла береді.
  • Ұзақ мерзімділік. Электронды еSIM-картаны корпустан шығара алмайсыз. Демек, оны жоғалтып алу немесе ұрлау, сындыру да мүмкін емес. Ол смартфонды сатып алған кезден бастап, қандай да бір басқа ақауға байланысты істен шыққанға дейін қызмет етеді.
  • Көпфункционалдылық. Әдеттегі SIM-карта тек бір нөмірді сақтайды, ал еSIM-ге 5 нөмірге дейін қосуға болады. Нөмір көп, бірақ гаджетте қондырма ұяшығы (слот) аз деген проблема болмайды.
  • Қауіпсіздік. еSIM картасын басқа телефонға орнату мүмкін емес. Демек, смартфон ұрланған жағдайда алаяқтар нөміріңізді алып тастай алмайды. Есесіне, еSIM көмегімен жоғалған телефон жылдам табылады.
  • Артық шығыннан сақтайды. Өзіңізге қолайлы тариф, байланыс операторын таңдап, сол арқылы бюджетті үнемдеуге үлес қосады. Егер смартфоныңызда орнатылған болса бірнеше байланыс операторынан сим-карта сатып алудың қажеті жоқ.
  • Халықаралық роумингке шығынданбайсыз. eSIM-ді қолдану әсіресе шет елге саяхатқа шыққанда оңай әрі ыңғайлы. Өйткені, ол кез келген елдегі кез келген байланыс операторына қосылуға мүмкіндік береді. Басқа елге барсаңыз, жергілікті байланыс операторының SIM-картасын сатып алудың қажеті жоқ. eSIM арқылы кез келген түрінен нөмір алып, тарифке қосыла бересіз.


eSIM-ді қалай сатып алуға болады?
eSIM-ді онлайн сатып алу – жылдам және ыңғайлы процесс. Бірнеше минутты ғана алады және арнайы дағдыларды қажет етпейді.

  1. Операторды таңдаңыз: Белгілі бір ел немесе аймақ үшін eSIM ұсынатын операторды таңдаңыз.
  2. Тарифтік жоспарды таңдаңыз: Ұсынылған тарифтермен танысып, өз қажеттілігіңізге сәйкес, ең қолайлысын таңдаңыз.
  3. Тапсырысты рәсімдеңіз: Қажетті деректерді толтырып, тапсырысқа төлем жасаңыз.
  4. QR-кодты алыңыз: Төлем жасалғаннан кейін электронды поштаңызға eSIM-ді белсендіру үшін QR-код келеді.
  5. eSIM-ді белсендіріңіз: Құрылғыңыздан QR-кодты сканерлеп, активацияны аяқтау үшін нұсқауларды орындаңыз.

Кейбір eSIM тек ақпарат жіберу үшін ғана арналған, оған нөмір қосылмайды. SMS-хат пен дыбыстық хабарламалар үшін Facebook Messenger, WhatsApp, Viber, Telegram және т.б. месседжер қосымшаларына SIM-картасыз қосылуға мүмкіндік береді.

Дегенмен, қазіргі сатылымдағы барлық смартфондарға eSIM орнатылмаған. Өзіңіз қолданып жүрген немесе сатып алғалы тұрған құрылғыда бар-жоғын білу үшін гаджеттің техникалық сипаттамасын қарасаңыз болғаны. Әдетте, eSIM жайлы ақпарат инструкцияда міндетті түрде көрсетіледі.



Кең таралған eSIM сервистері

Қазір кез келген сайтқа сенуге болмайды. Көптеген сайттар алаяқтықтардың алдау-арбау алаңы. Олардың уысына түсіп қалмауыңыз үшін eSIM сатып алуға болатын сенімді сайттарды ұсынамыз.


1. Airalo

Airalo — ең ірі халықаралық eSIM сатушылардың бірі. Оның көмегімімен жергілікті тариф пакеті бар цифрлық сим-картаны сатып алып, қымбат шығыннан құтылуға болады. Сервис әлемнің барлық жерінде (200-ге жуық ел мен аймақ) қызмет көрсетеді.

Тарифке алдын ала төлем жасап, ары қарай жаңа сим-карта шығару, активация жасау немесе үнемдеуге бас қатырмастан қолдана бересіз.


2. Drimsim

Drimsim — 190 елде жұмыс жасайтын ең танымал виртуалды операторлардың бірі. Ол сапалы интернет пен байланысты жергілікті мобильді операторға қарағанда төмен бағамен ұсынады. Төлем белгілі бір пакет бойынша алынбайды. Алдын ала абоненттік төлем жасау да міндетті емес. Тек жұмсаған мегабайт немесе қоланған минуттарыңызға қарай есептеледі. Drimsim-нің ерекшелігі мен артықшылығы – осы.

Drimsim eSIM-карталары шығындарды есептеуге, теңгерімді толтыруға және қолдау алуға мүмкіндік береді.


3. Yesim

Yesim — швейцариялық оператор. 150-ден астам елде қамтылған. Саяхат және бизнес үшін интернеті бар eSIM ұсынады. Тек пайдаланылған мегабайт үшін ғана төлеуге міндеттейді.

Тағы бір басым тұсы – Солтүстік Америка, Еуроодақ және Таяу Шығыс сияқты әртүрлі аймақтардағы виртуалды цифрлық кеңістіктер арасында оңай ауысу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Бұл қай жерде болсаңыз да, байланысты ыңғайлы және қолжетімді етеді.

eSIM өз артықшылықтарымен тәнті етіп, оны қолдануға асығып тұрсыз ба? Ендеше, алдымен ол сіздің смартфоныңызға (немесе SIM-карта салынатын басқа да гаджеттер) сәйкес келе ме, жоқ па – соны тексеріңіз.

Зауыттық құрылымында кіріктірілген еSIM модулі бар гаджеттердің нақты тізімін ғаламтордан таба аласыз.

Дайындаған: Б.Ерман,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Қандай SMS- терді телефонда сақтауға болмайды?