Электросамокат таңдағанда мынандай белгілеріне МӘН БЕРУ қажет

0
4 933

Бұл ақпараттар тәжірибелі мамандардың айтуы бойынша жинақталған.


Электросамокат таңдағанда мынандай белгілеріне МӘН БЕРУ қажет

иллюстарциялық фото: ашық дереккөзден

Электросамокатты сатып алмас бұрын оның қандай адамға арналғанын нақтылап алу қажет. Сосын, осы мақалада ұсынылған кеңестерге жүгінген абзал. Негізі электросамокаттың негізгі параметрлеріне батарея, дөңгелектің көлемі, қозғалтқыш, жылдамдық пен салмағы жатады.


1. Электросамокаттың аккумуляторы

Аккумуляторлар литийлі және қорғасынды болып бөлінеді. Ал, самокат таңдау кезінде литийлі аккумуляторға артықшылық берген жөн. Өйткені, олар барлық сипаттамалары бойынша қорғасыннан әлдеқайда жақсы. Ал, қорғасын батареяларының салмағы ауыр, күші мен сыйымдылығы аз болып келеді.

Аккумуляторлардың сыйымдылығы автомобильдің жанармай багы іспеттес. Неғұрлым үлкен болса, соғұрлым толық қуатпен ұзақ жүресіз.

Кейбір сатушылар аккумулятордың сипаттамаларын нақты көрсетпейді. Себебі ол таңдауға айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Оның орнына электросамокаттың толық қуатпен жүріп өтетін қашықтығын көрсетіп қояды. Бірақ, ол ақпарат асыра айтылған болуы да мүмкін. Сонымен қатар, батареяның сыйымдылығына қарап, шамамен қанша шақырым жүре алатынын есептеуге болады. Мысалы, сіз таңдаған құрылғы батареясының сыйымдылығы 240 ампер болса, 24 шақырым жүре алады. Яғни, толық қуатты 10-ға бөле саламыз. Осы орайда жүріс жылдамдығы, жүру стилі, жол жабынының түрі, температура, пайдаланушының салмағы сынды факторлар аккумулятор қуатына әсер ететінін ескерген дұрыс.

Айта кетейік, сатып алатын электросамокат кем дегенде 200 амперлік литий батареясымен жабдықталғаны жөн.



2. Дөңгелектің көлемі

Электросамокаттардың дөңгелектері адамның жасына, денесіне қарай әртүрлі болып келеді. Тиісінше, доңғалақтың диаметрі неғұрлым үлкен болса, соғұрлым жайлы және оны басқару оңай болады. Сондай-ақ, дөңгелектер пневматикалық (үрленетін), құйылған резеңке (үрленбейтін) және перфорацияланған (қатты) болып бөлінеді.

Пневматикалық дөңгелектердің артықшылығы – олар соққыны жақсы қабылдайды. Бірақ, оңай тесіледі.

Ал, резеңкеден құйылған дөңгелектерді тесу мүмкін емес. Бірақ, кедір-бұдыр жерде соққыны оңай қабылдап, үстіндегі адамды дірілдетіп жібереді.

Перфорацияланған дөңгелектер өте ұзақ уақыт бойы қызмет етуімен ерекшеленеді.

Бұл үш түрлі дөңгелекті таңдайтын кезде жүретін жерді есепке алу қажет. Егер қаладағы тегіс асфальтпен жүрсеңіз құйылған резеңке немесе перфорацияланған түрі тиімді. Ал, нашар жолда пайдалансаңыз пневматикалық түрі жақсы.



3. Электросамокаттың қозғалтқышы

Электросамкат моторының екі түрі бар: шынжыртізбекті қозғалтқыш дөңгелекпен шынжыр немесе ремен арқылы байланысады; ал, екіншісі дөңгелектің ішіне кіріктірілген қозғалтқыш.

Бұл екеуін таңдайтын кезде дөңгелектегі қозғалтқышқа басымдық берген дұрыс. Себебі ол қатты дыбыс шығармайды, берік, күшті және көп күтімді қажет етпейді.


Қозғалтқыштардың қуаты әртүрлі 100 ваттан 3000 Ваттқа дейін болады. Мысалы, 350 ватттық қозғалтқыш 30 км/сағ жылдамдықпен жүруге мүмкіндік береді.



4. Электросамокат жылдамдығы

Электросамокаттардың жылдамдығы аккумаляторы мен қозғалтқышына байланысты 10-нан 100 км/сағ-қа дейін өзгеруі мүмкін. Дегенмен олардың 90 пайызы 30 км/сағ жылдамдықпен жүре алатын етіп жасалған. Себебі мұндай жылдамдықта кез-келген электросамокатты басқару ыңғайлы және оңай болады. Одан жылдам жүру қауіп тудыруы мүмкін.


5. Электросамокаттың салмағы

Бұл да өте маңызды параметр. Бірақ көп адам оған назар аудармайды екен. Жалпы, бұл құрылғының салмағы 5 келіден 50 келіге дейін болуы мүмкін және ол салмағына қарай былай есептеледі: 8-12 келіге дейін жеңіл; 12-19 келіге дейін орташа; 19-дан 24 кг-ға дейін ауыр; 24 келіден ары қарай жоғары ауыр салмақ.

Әр санаттың өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Ең танымалы –жеңіл электросамокаттар. Өйткені олар кішкентай балаларды ғана емес, ересектерді де көтере алады. Ал, орташа санаттағылар күнделікті қолдануға өте тиімді.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Балаға қандай планшет әперген дұрыс?


Осыдан 10 жыл бұрын ХИТ болған гаджеттер есіңізде ме?