Елімізде 34 миллион телефон тіркелген.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Әсіресе, соңғы онжылдықта ұялы байланыс әлемді күрт өзгертті. Бүгінгі таңда біз кішкентай ұялы құрылғының көмегінсіз біраз тірлікті тындыра алмай қалатын сияқтымыз. Статистикаға сүйенсек, қазір әр адам кемінде екі байланыс операторын қолданады екен. Тіпті, ғалымдар смартфонсыз өмір сүруден қорқатын адамдар бар екенін де анықтаған. Ол да фобияның бір түріне айналып отыр. Сондықтан бүгінгі мақалада смартфон жайлы ең қызықты деректерді жинақтап, оқырман назарына ұсынып отырмыз.
10. Ең алғашқы ұялы телефон
Телефон қоңырауларын шалуға және қабылдауға мүмкіндік беретін алғашқы сымсыз құрылғыны 1957 жылы кеңестік инженері Куприянович жасаған. Бұл құрылғы ЛК-1 деп аталды. Оның салмағы 3 келі, ал қуаты 20-30 сағат жұмыс істеуге жеткілікті болған. Кейіннен ол құрылғыны жетілдіріп, артық-кемін түзеп, салмағы жарты келіге дейін азайған.
9. Смартфон әуесқойларының саны
Өткен жылдың соңындағы көрсеткіштерге сүйенсек, елімізде 34 миллион телефон тіркелген. Ал, оның жартысына жуығы күнделікті қолданылады екен. Демек, Қазақстан ұялы байланысты тұрақты қолданатын елдер қатарына кіреді.
8. Ұялы байланысы жоқ ел
Жер тұрғындарының көпшілігі ұялы байланысты белсенді қолданатынына қарамастан, әлемде смартфондарды ғана емес, теледидар мен электрондық поштаны да пайдалана алмайтын елдер анықталған. Соның бірі – Тува аралдары. Бұл мемлекеттегі 250 мың тұрғынның ешқайсысында ұялы телефон жоқ.
Сонымен қатар, Солтүстік Кореяда азаматтарға сымсыз байланыс құрылғыларын пайдалануға тыйым салынған. Ол заңды бұзғандар жаза көріп, түрмеге қамалуы мүмкін.
7. Ұялы байланыс операторларының шығындары
Жер шарындағы адамдар қолданатын ұялы байланыс операторларын үнемі өзгертіп, басқа тарифтерге ауысып отыратындықтан, ұялы байланыс компаниялары жыл сайын 27 миллиард доллар шығынға ұшырайды екен. Бірақ, бұл шығынға қарамастан ұялы байланыс бизнестің ең тиімді түрі болып саналады. Сондықтан операторлар арасындағы бәсекелестік өте жоғары. Өз кезегінде бұл тұтынушылар үшін өте пайдалы. Өйткені клиенттер үшін күресте компаниялар тиімді тарифтер ұсынуға мәжбүр болады.
6. Ең алғашқы смартфон
Алғашқы сенсорлық телефон – әлемге әйгілі Apple компаниясы шығарған iPhone 1 болды деген пікір бар. Алайда, шын мәнінде бұл жаңалықты АҚШ-тың IBM компаниясы жасаған. Жалпы, өнертапқыштар өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап телефон түймесін сенсорға алмастыруға тырысып, олардың арманы 1992 жылы ғана орындалды.
5. Әлемде 3,3 миллиардтан астам ұялы телефон бар
Бұл – ақпараттық технология дамып жатқан әлемнің керемет көрсеткіші. Бірақ жыл сайын олардың 125 миллионға жуығы қандай да бір себептермен қоқысқа кететінін ескеру керек.
4. Телефон және электр энергиясы
Біз электр энергиясын көп тұтынатын техника ретінде тоңазытқышты білеміз. Бірақ, тоқ көзін үйден басқа жерлерде де тұтына беретін телефон одан да асып түседі екен. Орташа есеппен бір телефон жылына шамамен 360 кВт/сағ, ал тоңазытқыш 320 кВт/сағ энергия тұтынады.
3. Дыбыстық хабарлама
Скот Джонс – дыбыстық хабарлама жүйесін жасаушы. Джонстың айтуынша, бұл идея оған түскі ас кезінде келген. Содан бастап қоңырау шалып сөйлесуге мүмкіндігі болмаған адамдар бір біріне дыбыстық хабарлама жіберіп келеді.
2. Ұшақтағы ұялы байланыс
Егер құрылғыңыз сертификаттаудан өтпеген болса, ол ұшақтың борттық электроникасына теріс әсерін тигізеді. Сондықтан, әуе кемесіне зиян тигізбеуге тырысып, ұялы телефонды өшірулі немесе арнайы режимде ұстаған дұрыс.
1. Қамту аймағы
Әлемдегі барлық ұялы байланысты тарататын мұнаралар айналасын түгел қамтамасыз етеді. Бір қызығы олар жер шарының 3 жағына қарай ғана бағытталған.
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
Тағы оқыңыз:
Көлікте ҚАЛЫП КЕТКЕН телефон ЖАНЫП кетуі мүмкін