Корпусы алтыннан жасалған ба?
көрнекілік сурет: ЖИ
Осы жылдың жазында Дональд Трамптың есімімен шығарылған T1 Phone смартфоны сатылымға шықты. Ерекше алтын түсті дизайнымен назар аудартқан құрылғының бағасы 500 доллардың айналасында.
Смартфондар нарығында «Трамп» атауының арқасында бірден танымал болған құрылғы несімен ерекшеленеді? Бағасына тұра ма? Осы сұрақтардың жауабы көпті қызықтыратын сыңайлы.
АҚШ-тың Trump Mobile компаниясы Дональд Трамптың «алтын» түсті T1 Phone смартфонын шығарды. Бұл жаңалық технология әлемінде үлкен қызығушылық тудырды. Себебі құрылғы қарапайым смартфон ғана емес, атышулы саяси тұлғаның есімімен байланысты өнім ретінде ұсынылып отыр.
Алайда ғаламтор беттерінде алдын ала тапсырыс бергендердің бір бөлігі әлі күнге дейін смартфондарын алмағаны жазылуда. Олардың арасында Android Authority технологиялық басылымының журналистері де бар. Олар құны 499 доллар деп көрсетілген смартфонға алдын ала 100 доллар төлеген. Бірақ әзірге құрылғыны да, жеткізу мерзімі туралы нақты ақпаратты да алмаған. Оның үстіне, гаджеттің қай елде өндірілетіні және нақты кім құрастыратынына қатысты күмәнді сұрақтар бар.
Бұдан бөлек, тапсырысты толық рәсімдеу кезінде смартфонның бағасы бастапқы 499 доллардан 540 долларға дейін өскен. Қосымша 41 доллар «жабдыққа салынатын салық» ретінде көрсетілген.
Смартфон шынымен АҚШ-та жасалған ба?
T1 Phone төңірегіндегі ең үлкен сұрақтардың бірі – оның қай елде өндірілетіні. Trump Mobile компаниясы смартфонды алғаш таныстырғанда оның «АҚШ-та жобаланып, өндірілетінін» мақтанышпен мәлімдеген болатын. Бұл ақпарат өнімнің басты ерекшеліктерінің бірі ретінде ұсынылды. Алайда кейін компания құрылғының сипаттамасын өзгертіп, ресми сайтынан оның толығымен АҚШ-та жасалғаны туралы мәлімдемені алып тастады.
Тағы бір қызықты жайт – құрылғыға жүргізілген техникалық талдау нәтижелері. Сарапшылар «T1 Phone мүлде жаңа америкалық смартфон емес. Оның кейбір техникалық және сыртқы ерекшеліктері HTC U24 Pro моделіне ұқсайды. Тіпті T1 Phone осы смартфонның өзгертілген, алтын түспен әрленген нұсқасы болуы мүмкін» деген болжам айтыпты.
Дегенмен HTC компаниясы Trump Mobile-мен қандай да бір байланысы бар екенін бұған дейін үзілді-кесілді жоққа шығарған. Сондықтан екі құрылғының ұқсастығы бірдей келісімшарттық өндірушінің қызметін пайдалануымен байланысты болуы мүмкін.
Әзірге смартфонның нақты қай жерде өндірілетіні және оны кім құрастыратыны туралы сұрақтарға толық жауап жоқ.
«АЛТЫН» смартфонға техникалық сипаттама
Сыртқы дизайны ерекше болғанымен, T1 Phone iPhone-ға бәсекелес бола атмайтын сыңайлы. Техникалық мүмкіндіктері жағынан қазіргі орта санаттағы смартфондарға жақын. Яғни ең озық технологиялармен жабдықталған флагман құрылғы емес. Экраны – 6,78 дюймдік AMOLED дисплей, жаңарту жиілігі – 120 Гц. Бұл көрсеткіш бейнелер мен анимациялардың бірқалыпты көрінуіне мүмкіндік береді.
Орта санаттағы Qualcomm Snapdragon 7 Gen 3 процессоры күнделікті қосымшаларды пайдалануға, интернетте жұмыс істеуге, бейне көруге және көптеген ойындарды іске қосуға арналған. Ішкі жады – 512 ГБ. Бұл көлем фотосуреттер, бейнелер, құжаттар мен қосымшаларды сақтауға жеткілікті. Батарея сыйымдылығы – 5000 мА/сағ аккумулятор. Құрылғы 30 Вт жылдам қуаттау технологиясын қолдайды. Қауіпсіздік үшін саусақ ізін сканерлеу және жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін бет-әлпетті тану жүйесі кіріктірілген.
Корпусы алтыннан жасалған ба?
Құрылғының өндірушілер жариялаған атауы мен сыртқы дизайнына қарап, корпусы алтыннан жасалған немесе алтынмен қапталған деп ойларсың. Алайда алтын түсті смартфон мен нағыз алтын жалатылған құрылғының арасында үлкен айырмашылық бар.
Көптеген өндіруші смартфондарын алтын түсті қаптамамен немесе арнайы сәндік материалдармен әрлейді. Бұл құрылғыға ерекше көрініс бергенімен, оның құрамында міндетті түрде алтын бар дегенді білдірмейді. T1 Phone жағдайында да алтын түсті дизайн оның бағалы металдан жасалғанын дәлелдемейді.
T1 Phone кімдерге қызықты болуы мүмкін?
Смартфонның басты ерекшелігі тек техникалық сипаттамаларында емес, оның белгілі бір брендпен байланысында жатыр.
Біріншіден, Дональд Трамптың есіміне қызығушылық танытатын адамдар үшін бұл құрылғы тартымды болуы мүмкін. Екіншіден, өзгеше дизайнды ұнататын және көпшілік қолданатын смартфондардан ерекшеленгісі келетін тұтынушылардың назарын аударуы ықтимал. Үшіншіден, көлемді ішкі жады мен сапалы дисплейді қалайтын пайдаланушылар үшін сипаттамалары қызықты көрінуі мүмкін.
Алайда смартфонды тек сыртқы келбетіне немесе танымал адамның есімімен байланысты болғанына қарап сатып алу дұрыс шешім болмауы мүмкін. Ең алдымен оның күнделікті пайдалануда қаншалықты ыңғайлы екенін және техникалық мүмкіндіктері бағасына сай келетінін анықтап алған жөн.
Трамптың смартфоны сатып алуға тұрарлық па?
T1 Phone – сыртқы дизайны ерекше, техникалық сипаттамалары орта санаттағы смартфондарға жақын құрылғы. Бірақ 500-550 долларлық бағаға келгенде бірнеше маңызды сұрақ туындайды. Смартфонның нақты өндіріс орны, камера сапасы, бағдарламалық қолдау мерзімі және жеткізу мәселелері әлі де толық анықталмаған. Әсіресе алдын ала тапсырыс берген тұтынушылардың кейбірі құрылғыларын әлі алмағаны алаңдатады.
Сондықтан T1 Phone сатып алуға қызығушылық танытқандарға тәуелсіз шолулар мен алғашқы пайдаланушылардың пікірлерін күткен дұрыс.
Қалай болғанда да, T1 Phone технологиялық нарықтағы ерекше жобалардың бірі болып отыр. Бірақ смартфонның танымал адамның есімімен аталуы оның автоматты түрде сапалы әрі тиімді құрылғы екенін білдірмейді.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


