Ата-аналардың ісін жеңілдетуге, ал нәрестеге жайлы жағдай жасауға арналған
Жаңа туған нәресте ата-ананың өміріне үлкен қуаныш сыйлаумен қоса, көптеген жауапкершілік пен қиындық та ала келеді. Ұйқысыз түндер, тынымсыз күндер, үздіксіз күтім, нәрестенің денсаулығын бақылау – мұның барлығы көп күш-жігер талап етеді. Бірақ заманауи гаджеттер бұл жүктемені жеңілдетіп, күнделікті өмірді әлдеқайда ыңғайлы ете алады.
1. Радио- немесе видео-бала күтуші
Радио-бала күтуші ата-аналарға баланың бөлмесінен шығуға мүмкіндік беріп, тыныштықты сақтай отырып, оны назарда ұстауға көмектеседі. Видеоняня болса, дыбыс қана емес, бейне арқылы да көрсетеді. Осылайша ата-ана баланың жағдайын жақсырақ бақылай алады.
Мүмкіндіктері:
- Дыбысты анықтау жүйесі (сәбидің жылағанын күлгенінен ажырата алады, т.б.)
- Жарықдиодты күңгірт шамдары және тыныштандыратын әуендері бар
Бөлмедегі температура мен ылғалдылықты өлшеп, шамадан жоғары не төмен болса, хабар береді
Лайфхак: Екі смартфон арқылы радионяня жасауға болады. Мысалы, BabyCam қосымшасын орнатып, бірін нәрестенің бөлмесінде қалдырып, екіншісін өзіңізбен алыңыз.
2. Тыныс алу мониторы
Бұл гаджет нәрестенің тыныс алуын бақылауға арналған. Ол матрацтың астына қойылып, нәрестенің қозғалысын, тынысын сезеді және тыныс алу жиілігі бұзылған жағдайда сигнал береді.
Артықшылықтары:
- Түнгі уақытта ата-аналар баланың тынысын алаңсыз бақылай алады.
- Кейбір үлгілері нәрестенің өсуін, салмағын және қозғалыс белсенділігін бақылай алады.
Лайфхак: Егер тыныс алу мониторын алу мүмкіндігі болмаса, оның орнына нәрестенің жағдайын бақылайтын ақылды білезікті қарастыруға болады.
3. Температура өлшейтін емізік
Нәрестенің қызуын өлшеу ата-аналар үшін жиі қиындық тудырады. Қолтығына термометр қыстырған баланы тыныш жатқызу мүмкін емес. Сондықтан арнайы дисплейі бар емізік өте ыңғайлы шешім бола алады. Емізік нәрестенің дене қызуын өлшеп, егер ол қалыпты деңгейден асып кетсе, белгі береді.
Альтернативалар:
- Жабысқыш патч-термометрлер – теріге жабыстырылады және бірнеше сағат бойы үздіксіз дене қызуын бақылап тұрады
- Смартфонға қосылатын «ақылды» термометр білезіктер
4. Ақылды бөтелке жылытқыш
Нәрестені тамақтандыру үшін сүт немесе суды дұрыс температурада ұстау өте маңызды. Ақылды жылытқыштар бөтелкенің температурасын бақылап, оны 3-5 минут ішінде жылытуға мүмкіндік береді.
Артықшылықтары:
- Кейбір модельдер түнгі уақытқа арнайы таймерлермен жабдықталған. Таймерде белгіленген уақытта өздігінен іске қосылып, сәбидің тамағын жылытып дайындап тұрады.
- Сүтті біркелкі жылытады, артық қыздыруға жол бермейді.
Лайфхак: Егер арнайы құрылғы болмаса, бөтелкені жылыту үшін ыстық суға салуға болады, бірақ бұл көбірек уақыт пен бақылауды қажет етеді.
5. Электронды бесік
Электронды бесік – ата-аналардың демалуына мүмкіндік беретін құрылғы. Бұл гаджет баланы автоматты түрде тербетіп, тыныштандыратын әуен қосады.
Мүмкіндіктері:
- Бірнеше тербеліс режимі (көлік тербелісі, табиғи қозғалыс т.б.)
- Бөбекті тыныштандыратын жайлы және көңілді көтеретін ойнақы әртүрлі әуендер
- Қашықтан басқару және таймер қосу мүмкіндігі
Лайфхак: Электронды тербеткіштің орнына нәрестенің арбасына бекітілетін вибрациялық құрылғыны қолдануға болады.
6. Ақылды түнгі шам
Мұндай шамдар баланың ұйқыға тезірек кетуіне көмектеседі. Жарық жұмсақ әрі жағымды болғандықтан, нәресте өзін қауіпсіз, жайлы сезінеді.
Мүмкіндіктері:
- Әуен ойнату және ертегі айту
- Проекция арқылы төбеге жұлдызды аспан немесе әдемі суреттер шығару
Лайфхак: Түнгі шамның орнына смартфонға проекция жасайтын қосымшалар орнатуға болады.
7. Жөргек утилизациялайтын шелек
Пайдаланылған жөргектерді жай қоқыс шелегіне тастауды көп ата-аналар құптамайды. Жөргек тез иістеніп, ауаны ластайды. Ал жаңадан шыққан қолданылған жөргектерге арналған қоқыс шелегі иісті оқшаулайды. Шелекке түскен әрбір жөргекті автоматты түрде сығымдап, кішірейтіп, жеке целлофан қалтамен герметикалық (ауа өтпейтіндей) етіп орап-қаптайды.
Артықшылықтары:
- Иісті жояды және бөлмені таза ұстайды.
- Кейбір модельдер қосымша бактерияға қарсы қасиетке ие.
Лайфхак: Егер арнайы құрылғыны сатып алмасаңыз, иісті кетіретін арнайы қаптамаларды қолдануға болады.
8. Ауа ылғалдандырғыш
Бала бөлмесіндегі ауа ылғалдылығының дұрыс деңгейін қамтамасыз ету баланың тыныс алу жолдарын қорғауға көмектеседі.
Артықшылықтары:
- Кейбір үлгілерде ауа тазарту және иондау функциялары бар.
- Балаларға арналған арнайы дизайндарда жасалады.
Лайфхак: Ылғалдандырғыш болмаса, бөлмеге су толы ыдыстар қойып, табиғи ылғалдандыру жасауға болады.
9. Балалар тағамын дайындайтын құрылғы
Бұл құрылғылар арнайы балалар тағамын дайындауға ыңғайлы. Олар азық-түлікті бумен пісіріп, қажетті консистенцияға дейін араластырады.
Артықшылықтары:
- Уақыт үнемдейді
- Тағамды дұрыс тамақтану ережелеріне сай әзірлеп, пайдалы етеді
Лайфхак: Бұл гаджет жоқ болса, қарапайым блендер мен бумен пісіру құрылғыларын қолдануға болады.
10. Ақылды термометр-ванна
Баланы шомылдырған кезде судың температурасын үнемі бақылау маңызды. Бұл гаджет су температурасын көрсетіп, ыстық немесе суық болған жағдайда белгі береді.
Бұл гаджеттер ата-аналардың шаруасын жеңілдетуге, ал нәрестеге жайлы жағдай жасауға арналған.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ: