Сатып алмай тұрып, қалаңызда брендтің ресми дистрибьюторының бар-жоғын тексеріңіз.
Қазіргі жаңа технология әлемінде кез келген дерлік нәрсенің «ақылды» нұсқасын таба аламыз. Яғни, цифрлық мүмкіндіктері бар электронды нұсқалар. Бұл көштен есік құлыптары да қалыспақ емес.
«Ақылды» құлып – дәстүрлі механикалық кілттерді алмастыратын, есіктерді құлыптау және ашу үшін электронды механизмдерді пайдаланатын құрылғы. Мұндай құлыптар қауіпсіздікті және ыңғайлылықты қамтамасыз ету үшін әртүрлі технологиялармен жабдықталған. Оларды ескерген жағдайда, сіздің құлыпыңыз ұзақ уақыт сенімді жұмыс істейді.
«Ақылды» есік құлыптары қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, ыңғайлылықты арттырады, күнделікті өмірді жеңілдетеді. Дегенмен, құлыптың ұзақ уақыт бойы тиімді жұмыс істеуі үшін дұрыс пайдалану және дұрыс күтім қажет. Одан бөлек, бәрінен бұрын ескеру керек нәрсе – дұрыс таңдау. «Ақылды» құлып таңдайтын кезде мына жайттарды ескеріңіз.
1. Қауіпсіздік деңгейі
«Ақылды» құлыптың қауіпсіздік деңгейі – назар аудару керек басты фактор. Құрылғының шифрлау жүйесі, биометриялық деректерді қорғау және сыртқы әсерлерден қорғану мүмкіндіктерін тексеру маңызды. Құлыптардың түрлері әртүрлі болғанымен, олардың бәрі бірдей жоғары деңгейде қорғаныс ұсына бермейді.
2. Батареяның қызмет ету мерзімі
«Ақылды» құлыптар көбіне батареямен жұмыс істейді, сондықтан оның ұзақ қызмет етуі маңызды. Батареяның қанша уақытқа жететіні, оны ауыстырудың қаншалықты оңай екені туралы мәлімет алу қажет. Сонымен қатар, құлыптың дабылы немесе басқа ескертпелері арқылы батареяның таусылғанын біліп отыру мүмкіндігі маңызды.
3. Құрылғының интеграциясы
«Ақылды құлып» жүйесін «ақылды үй» жүйесіне қосу мүмкіндігі бар-жоғын тексеріңіз. Оны басқа құрылғылармен (мысалы, бейнебақылау камераларымен немесе дабыл жүйелерімен) үйлестіріп жұмыс істеуін қарастырыңыз. Құрылғының мобильді қосымша арқылы басқарылуы да маңызды.
4. Құлыптау және ашу әдістері
«Ақылды» құлыптардың бірнеше ашу әдісі болады: цифрлық код, саусақ ізі, карта немесе мобильді қосымша арқылы. Осы әдістердің үйіңіз үшін, өзіңіз үшін ең ыңғайлы, ең тиімдісін таңдаңыз.
5. Бағасы мен сапасы
«Ақылды» құлыптардың нарықтағы баға диапазоны өте кең. Баға сапаға қарай белгіленетінін де ескеріңіз. Арзан модельдер қажетті функцияларды толық қамтымауы мүмкін. Құрылғының сапасы мен бағасын салыстырып, қажетті мүмкіндіктерді ұсынатын ең жақсы таңдау жасау керек.
6. Бөлшектері қолжетімді ме?
Кез келген техника ерте ме, кеш пе істен шығады. Сондықтан алдын ала қосымша бөлшектерді табу қаншалықты оңай болатынын да сұрастырған жөн: электронды платалар, құлыптың кесілген бөлігі, биометриялық блок және т.б. Құлыпты сатып алмай тұрып, елде не өз қалаңызда брендтің ресми дистрибьюторының бар-жоғын тексеріңіз. Бұл бөлшектерді табуды жеңілдетеді және зауыттық кепілдікті пайдалануға мүмкіндік береді.
Өз таңдауыңызды жасап, сыртқы есікке «ақылды» құлып орнатқан болсаңыз, алдағы уақытта мына кеңестерді де білген артық болмайды.
1-КЕҢЕС – ЕСІКТІ ҚАТТЫ ЖАППАҢЫЗ!
Әдетте қарапайым механикалық құлыпты пайдаланған кезде де есікті қатты жабуға кеңес берілмейді. Ал «ақылды» құлыптарды пайдаланғанда, бұл кеңестің маңызы бірнеше есеге артады. Өйткені «ақылды» есік құлыптары – жоғары дәлдікпен жасалған және күрделі құрылым болып табылады. Есікті қатты жабу құлыптың негізгі бөліктерінде және биометриялық компоненттерінде тербеліс тудырып, оларды әлсіретуі мүмкін. Бұл оның бұзылуына немесе жұмыс істемеуіне әкеледі. Сондықтан есікті әрдайым абайлап жабу керек.
2-КЕҢЕС – ҚОСЫМША КІЛТТЕРДІ ҮЙДЕ САҚТАМАҢЫЗ!
Көптеген цифрлық құлыптар екі қосымша кілтпен бірге келеді, олар құлыптың батареясы отырып қалған жағдайда қажет болады. Алайда бұл кілттерді үйде сақтасаңыз, қажет кезінде пайдасын көруіңіз екіталай. Сондықтан, қосымша кілтті үйден тыс жерде сақтау — дұрыс шешім. Мысалы, сөмкеде, көлігіңізде немесе жақын маңда тұратын сенімді досыңызда сақтауға болады.
3-КЕҢЕС – САПАЛЫ БАТАРЕЯ ҚОЛДАНЫҢЫЗ!
Көптеген цифрлық есік құлыптары AA (3 өлшемді) батареяларымен жұмыс істейді. Құлыптың қажетті батарея түрін тексеріп, тиісті түрін пайдалану керек. Мәселен, қышқыл батареялар жоғары кернеуді қамтамасыз етіп, цифрлық құлыптың цилиндрлік механизмінің жұмысын тиімді етеді. Егер сіз басқа түрдегі батареяларды қолдансаңыз, құлыптың жұмысы баяу немесе дұрыс жұмыс істемеуі мүмкін. Сонымен қатар, батареяны уақытында ауыстырмасаңыз, оның қуаты таусылып, үйге кіре алмай қалуыңыз ықтимал. Бұл қиын жағдайдан сақтану үшін жоғары сапалы қышқыл батареяларын таңдаңыз.
4-КЕҢЕС – ҚҰЛЫПТЫҢ ТОЛЫҚ АШЫЛҒАНЫН КҮТІҢІЗ!
Есікті ашарда «ақылды» құлыптың тұтқасын баспас бұрын толық ашылғанын күту керек. Яғни, тілінің толықтай артқа жылжып болғанын. Әйтпесе, бұл механизмнің жұмыс істеуіне кері әсер етуі мүмкін. Егер сіз құлыптың толық ашылғанын күтпей тұтқаны бассаңыз, құлыптың ригелі немесе механизмдері бұзылуы көп күттірмейді.
Дайындаған: Б. Мейірханұлы,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ: