Сурет: top-smartphones.ru
Құлаққапты сатып алар алдында көпшілігіміз міндетті түрде тыңдап көреміз. Егер дыбысы ұнаса, қалған сипаттамалар біз үшін онша маңызды болмауы мүмкін. Алайда, тек дыбысқа қарап қана таңдау жасау да дұрыс емес. Бірнеше маңызды жайттарды ескеру керек.
Бағасы
Әрине, нарық болған соң, баға деңгейі де әртүрлі болатыны анық. Дегенмен баға арқылы сапасы мен мүмкіндіктерін шамамен жобалауға болады. Мысалы, бағасы 1500-4000 теңге аралығындағы құлаққаптардан көп нәрсе күту әділетсіз болар еді. Олардың сапасы сын көтермей жатса, қызмет ету уақыты қысқа болса, бұл сәтсіздікті үнсіз көтерген абзал. Ал 10 мыңнан жоғары тұратын құлаққаптардан көп функция күтпесек те, ең қарапайым қызметті ұзағырақ атқарғанын қалауға болады. Бағасы көтерілген сайын, талаптың да жоғарылайтыны түсінікті.
Бірнеше онмыңдықтардан тұратын бағадан премиум санаттағы үлгілер басталады. Олар ең сапалы дыбыспен және ең бай функционалмен ерекшеленеді. Мұндай құрылғылардың дизайны да жақсы ойластырылған болады және шу азайту тиімді жүзеге асады.
Пікірлер
Құлаққап таңдауда пікірлер әрқашан көмектесе бермейді, себебі әр адамның дыбысты қабылдауы әртүрлі. Сондықтан да бір үлгідегі құлаққап туралы мүлде қарама-қайшы пікірлер кездесіп жатады. Құлаққаптың жайлылығы туралы пікірлерге де сақтықпен қарау керек. Мұның да себебі алдыңғыға ұқсас, әркімнің құлақ пішіні әркелкі келеді.
Бірақ назар аударуға тұрарлық нәрселер де бар. Мысалы, шуды басу қалай жұмыс істейді, қоңырау кезінде сізді қаншалықты жақсы естиді, құлаққап сигналды жоғалта ма, тағы басқа қосымша функциялар.
Кодектер мен Bluetooth нұсқасы
SBC кодегінен басқа, aptX немесе LDAC сияқты басқа кодектерді қолдайтын құлаққаптарды таңдаған жөн. Бұл кодектер жоғары сапалы дыбыс береді, бірақ оларды дыбыс беретін құрылғы да қолдауы керек. Айталық, iPhone үшін қолжетімді жалғыз жетілдірілген кодек — AAC.
Сонымен қатар, тек SBC кодегін қолдайтын құлаққаптардан да жақсы дыбыс шығуы мүмкін екенін ұмытпаған жөн.
Bluetooth нұсқасына да көңіл бөлген дұрыс (бірақ бұл басты критерий болмауы керек). Нұсқасы неғұрлым жоғары болса, деректерді беру жылдамдығы жоғары, энергия тұтыну аз және т.б.
Шуды басу және дыбыс оқшаулауы
Пассивті дыбыс оқшаулауы жағынан ішкі арналы құлаққаптар (т. б. "тығын" түрі) ең тиімді. Себебі олар құлақ түтігін толықтай жауып тұрады. Ал құлақ сыртынан киілетін түрлерінің дыбыс оқшаулауы нашар, сондықтан бұл параметр сіз үшін маңызды болмаса ғана оларды қарастырған жөн.
Ең жақсы нәтижені алу үшін белсенді шуды басу жүйесі бар үлгілерді таңдаңыз. Дегенмен, арзан құлаққаптарда бұл функция қаншалықты мақаулы болса да, әдетте нашар жұмыс істейді.
Спортқа арналған сымсыз құлаққап
Басты критерий – қолданудағы жайлылық. Құлаққаптар спортпен айналысқанда құлақтан түсіп қалмауы және кедергі келтірмеуі керек. Мысалы, Sony WF-1000XM5 көбік амбушюрларымен жабдықталған, сол себепті терден сырғып кетпейді және сілкінгенде түспейді. Сонымен қатар, су мен шаңнан қорғайтын үлгілерді қарастырған жөн. Қорғаныс стандарты неғұрлым жоғары болса, соғұрлым жақсы. Жаңбыр, тер немесе шашыраған судан қорғаныс үшін IPX4 деңгейінің өзі жеткілікті.
TWS-құлаққап деген не?
TWS — True Wireless Stereo дегеннің қысқартылған түрі. Бұл дегеніміз, екі құлаққап та бір-бірімен сым арқылы байланыспаған. Бұл толық сымсыз стерео формат.
«Сымды» сымсыз құлаққап деген не және олар неге ыңғайлы?
Bluetooth-құлаққаптардағы «сымды» ұғымы әртүрлі мағына беруі мүмкін. Біріншіден, бұл TWS емес, яғни екі құлаққап бір-бірімен сым арқылы жалғанған үлгілер. Оларды тез жоғалтып алмайсың, ықшам әрі автономды жұмыс уақыты көбірек болады.
Екіншіден, бұл Bluetooth арқылы жұмыс істейтін, бірақ қажет болған жағдайда дыбыс көзінен сым арқылы да қосыла алатын құлаққаптар. Мұндай мүмкіндік көбіне үстінен киілетін немесе толық өлшемді үлгілерде кездеседі. Бұл әдістің артықшылығы – дыбыс сапасы жоғары, аккумуляторға тәуелсіз, әрі Bluetooth қолдамайтын ескі құрылғыларға да қосуға болады.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ: