​ЖАН мен ТӘН таза болсын десеңіз, ішкен суыңыз ТАЗА болсын

0
1 503

Ауыз суды тазартудың ең тиімді тәсілі мен құралы


​ЖАН мен ТӘН таза болсын десеңіз, ішкен суыңыз ТАЗА болсын

Адамның арқауы – ас болса, тіршілігінің көзі – су. Сондықтан, суды уақытылы, мөлшерімен ішу маңызды. Оның бұлақ суындай мөлдір, таза болуының маңыздылығы да кем түспейді.

Қазіргі уақытта екінің бірі су сүзгісін орнатып жатыр. Өндірушілер таза ауыз су, минералды су, дистилденген су, т.с.с. түр-түрін шығарып жатыр. Сонда да адамзат үшін таза су тапшылығы әлі де түбірімен шешілмеген мәселе. Жекелеген жандардың ағзасында су теңгерімінің сақталмауынан туындап жатқан қосалқы проблемалар тағы бар.


Адамзат игілігі үшін бас қатырудан басқаны ойламайтын ғалымдар мен инженерлер жаңа технология түрлерін тоқтаусыз ойлап табуда. Солардың бірқатарымен таныса отырыңыз. Күнделікті қажетті мөлшерде таза су ішу әдетін қалыптастыруға бір себі тиіп қалар.


Украиндық Gelius бренді адам ағзасына пайдасы тиетін бірқатар гаджеттер шығарумен айналысады. Сондай заманауи құрылғылардың бірі – ультракүлгін сәулелі стерилизаторы бар «ақылды» термобөтелке. Gelius Pro Smart UV Health Mojo Bottle – толық атауы осылай болып келетін бөтелке кез келген сұйықтықты түрлі қажетсіз, зиянды микроағзалардан тазартады. Кез келген деп бекер айтқан жоқпыз. Бұл бөтелке суды ғана емес, қазекем жақсы көретін шайды да, тіпті дәрігерлер «көп ішсең, зиян» деп шектеу қоятын кофені де сүзгіден өткізу арқылы еш зиянсыз сусынға айналдырады екен. Ішіне 550 мл сұйықтық сиятын термобөтелкені өзіңмен алып жүру де өте ыңғайлы. Алдын ала тоқ көзіне қосып, қуатын толтырып алсаң болғаны. Сұйықтық құйғаннан кейін тетігін бассаң, қақпақ астындағы ультракүлгін сәуле іске қосылып, 3 минут ішінде стерильдеп береді.


Тау-тас кезіп саяхаттағанды, табиғат аясында демалғанды, ұнататындар үшін өзімен таза су алып жүру – айтарлықтай қиындық тудыратын шаруа. Дәл осы тұсын жеңілдету үшін LifeStraw түтікшесі ойлап табылған. Дорбаңызда осы түтікше болса, өзіңізбен бірге су алып жүрудің еш қажеті қалмайды. Өйткені, кішкентай ғана құрылғы үлкен көлемдегі суды көптеген зиянды бактерия, микроб, микроазғалардан тазартады. Табиғаттағы кез келген су: тоған суы, өзен-көл суы, тіпті қар-жаңбыр суы болсын, оның сүзгісінен өткен соң тұтынуға дайын таза ауызсуға айналады.


Әдетте, біз суды құйып алып жүру үшін пластик бөтелкелерді қолданамыз. Алайда, қандай таза су болсын, осындай ыдысқа құйылған соң бойына қайта зиянды бөлшектерді жинап алады. Үнемі шыны бөтелкеге құйып жүру ыңғайсыздық туғызады. Қайтпек керек? Осы тұста ағылшын өнертапқыштарының Ooho аталатын жобасы көмекке келе алады. Сипаттап айтар болсақ, судың белгілі бір мөлшері теңіз балдырларынан жасалған жұмсақ қабықшамен қапталады. Оны тесіп, ішіндегісін ішкен соң қабықшаны тастауға немесе жеуге де әбден болады. Қай жағдайда да органикалық ыдыс-қабықша табиғатқа да, адам ағзасына да еш зиянсыз. Бұл – бүгінгі күні суды тасымалдау, өзіңмен алып жүрудің ең экологиялық таза әдісі болып тұр.


Суды ультракүлгін сәуленің көмегімен тазалайтын тағы бір құрылғы SteriPEN деп аталады. Суды бұлайша тазарту бұрыннан үлкен су мұнараларында қолданылып келе жатқандықтан, әдіс ескіше. Жаңашылдығы сол, құрылғы кішкентай үлгіде, кішігірім ыдыстағы суларға арналып жасалған. Ультракүлгін сәуле тарататын лампаны суға салып, құрылғыны іске қосса болғаны, 60 секунд ішінде судағы барлық микробтар жойылады.

Бұл гаджеттер қолыңызда болсын, болмасын – ол таза ауыз су тұтынуыңызға еш кедергісін келтірмеуге тиіс. Саулықтың қамын уақытылы, мөлшерімен таза су ішуден бастаңыз.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ отырып ЖАЗА ТАРТЫП қалмаңыз