Қазір әлеуметтік желіде де аяғыңызды аңдап басып, абайлап сөйлеген абзал.
Әлеуметтік желі – миллиондаған адамдарды тоғыстыратын көпшілік орта. Онда әркім өз ойын айтуға, пікірін білдіруге, туындыларын жариялауға құқылы. Осындай кеңдік пен еркіндік басында ыңғайлы болатын. Уақыт өте келе, желідегі сөз бостандығын асыра пайдаланып, шектен шығып біреуді тілдейтіндер көбейді. Сан мыңдаған аккаунттар арасында бір-бірінің шығармашылық туындыларын көшіріп алып, өз еңбегіндей көрсетіп көпшілікке ұсыну белең алды. Өрши келе ұрыс, алдау-арбау, алаяқтық алаңына айналғандай бүгінде.
Осы жағдайлардан соң әлеуметтік желідегі әрекеттерге қатысты бірқатар заңдар, талаптар мен тыйымдар, жаза түрлері қабылдануда. Сондықтан, дәл қазіргі уақытта желіде де аяғыңызды аңдап басып, абайлап сөйлемесеңіз, жауапқа тартылып, жазаға ілігіп қалуыңыз әбден мүмкін.
Қандай фото-видеоларды жариялауға болады?
Бейнематериалдарда (фото-видео) бой көрсететін адамдардың бет-әлпеті анық көрінсе, сол адамның рұқсатынсыз оны жариялауға болмайды. Жариялаған жағдайда ол адам құқығымды бұзды деп үстіңізден шағымдана алады. Тек мына жағдайларда ғана өзіңізден басқа адамдардың сурет-видеоларын рұқсатсыз шығара аласыз:
♦ көпшілік іс-шарада түсірілген болса;
♦ қоғамдық және саяси қайраткерді түсірсеңіз;
♦ модельді ақысын төлеп түсірсеңіз;
♦ сол адамға іздеу салынса.
Пост мәтіні – ойыншық емес
Біреудің жазбасын көшіріп алу да оның авторлық құқығын өрескел бұзу болып саналады. Тіпті, авторын көрсеткен күннің өзінде, автордың ауызша не жазбаша рұқсатын алуға тиіссіз.
Журналист жазған жаңалық мәтіні оның шығармашылық жұмысы саналады. Мұндай мәтінді автордан рұқсат алғаннан кейін ғана қолдана аласыз. Автор пікірі, ой-идеясы жазылған жазбасын рұқсатсыз пайдаланған адамнан оны өшіруді талап ете, тіпті сотқа бере алады.
Өзгелердің мәтінін дәйексөз ретінде қолдануға болады.
Автор жазбасында пікір білдірмей, тек белгілі бір оқиға, фактіні сипаттаған әрі постын қолдануға тыйым салмаған болмаса, жазба авторын көрсете отырып көшіре аласыз.
Дәл сол сияқты сіздің жазбаларыңыз да заңмен қорғалады. Ол үшін жұмысыңызды өз авторлығыңызға тіркеу міндетті емес. Тек қажеттілік болған жағдайда туынды иесі өзіңіз екеніңізді дәлелдей алсаңыз болғаны. Басқа біреу автор емес екеніңізді дәлелдей алса, бұл құқықтан айырыласыз. Сондықтан, өзіңіз үшін Egov.kz-ке кіріп, жұмысыңызды объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізіліміне тіркесеңіз болады.
Белгі болса, мән беріңіз
CC - Creative Commons — қалағаныңызша қолдана аласыз.
NC - Non-commercial — ақша табу үшін қолдана алмайсыз.
ND - No Derivative works — материалды өзгертіп қолдануға тыйым салынған.
BY - attribution — міндетті түрде авторды көрсетесіз не дереккөзге сілтеме бересіз.
SA - Share-Alike — материалыңызды басқаның жұмысына «сүйеніп» жасаған болсаңыз, бұл белгіні қоюға тиіссіз.
Public Domain ( «Халық меншігі») деген белгі де бар. Мұндай белгі бар шығарманы кез келген мақсатта пайдалануға болады, бірақ авторы кім екенін көрсету қажет.
«Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңы бойынша авторы кемі 70 жыл бұрын қайтыс болған кез келген туынды халық меншігі боп есептеледі.
Былапытпен былғанса сөз арасы...
Қай желде болмасын, аккаунт иесі пікірге орынсыз ой, қаралау, жала, былапыт сөз жазғандарды жазаға тарта алады. Заңға жүгінсе, қаралаған адам 50 мың теңгеден бастап, 1 миллионға дейін қомақты айыппұл арқалайды. Тіпті, бас бостандығынан да айырылуы мүмкін.
Ойланбай сөйлеп, опық жемеу үшін күмәнді жазба, жалған ақпарат, хайп үшін жасалған контенттердің астына да лүпіл, пікір қалдырмаған жөн. Әйтпесе, арандатуға ілігуіңіз, күдікті не айыптының мүддесін қорғады деп жауапқа тартылуыңыз мүмкін.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: